Соңғы жылдары Сыр өңірінің экономикасында өзіндік ерекшелік байқалады. Экономиканың даму сипаты өндіруші салалармен сабақтас болғандықтан таяу болашақта өңірде өнеркәсіптің осы буынын өрістетудің мүмкіндіктері жан-жақты сараптан өткізілуде. Енді санаулы күндерден кейін, дәлірек айтқанда, үстіміздегі жылғы 13-14 қарашада облыста «Байқоңыр» екінші инвестициялық форумын өткізу жоспарланып отыр. Аталмыш шараның өткізілу мақсаты және форумның өңірдің экономикасына тигізетін ықпалы төңірегінде газет тілшісі Қызылорда облысының сыртқы байланыс басқармасының басшысы Ерлан Назаровқа жолығып, бірқатар сауалдарға жауап беруін өтінген еді.
– Ерлан Асылбекұлы, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың әрдайым атап өтіп жүргеніндей, еліміздің болашақта даму перспективасы ішкі жалпы өнімнің өсімін өнеркәсіптің өңдеу саласымен байланыстырып отырғаны белгілі. Бұл бағытта Сыр өңірінде мүмкіндіктер жеткілікті. Осы тұрғыдан келгенде «Байқоңыр» инвестициялық форумының мақсаты нені көздейді?
– Алдымен Қызылорда өңірі сыртқы инвесторлардың қызығушылығын тудырып отырғанын атап өткім келеді. Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылдың наурыз айында «Байқоңыр» бірінші инвестициялық форумы өткізілді. Форум барысында біз бұл шараның қажеттілігін айқын түсіндік. Облыс басшысы онда көтерілген мәселелерге барынша егжей-тегжейлі талдау жасап, мүдделі органдарға тиісті тапсырмаларын берді. Міне, санаулы айлар өтпей-ақ екінші форум өткізілгелі тұр.
Халықаралық деңгейде осындай инвестициялық форумды өткізу инвесторлармен өзара әріптестік қатынастарды өрістетудің мүмкіндіктерін айқындап берді. Осының негізінде Сыр өңіріне қажетті басым жобаларды жүзеге асырудың жолдары айқындалды. Географиялық жағынан қолайлы орналасуы, қатынас мүмкіндіктері, шикізатқа бай өңірдің қазба байлықтарын игеру өңірде көптеген индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды. Сонымен бірге біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Ол қаржы инфрақұрылымын, туристік және аграрлық бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.
Форумды «KAZNEXІNVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі акционерлік қоғамының қолдауымен облыс әкімдігі ұйымдастырып отыр.
– Форумның өткізілуіне байланысты оған қатысушылардың құрамы, сонымен бірге бағдарламасын білгіміз келеді.
– Форумға қатысуға Қазақстан Республикасы мен шетелдердің бизнес қауымдастығының, банк секторының, мемлекеттік органдардың даму институттарының, ұлттық компаниялардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері шақырылды.
Форум жоғарыда атап өтілгеніндей, 13-14 қарашада өткізіледі. 13-қарашада «Бастау» бизнес орталығында пленарлық мәжіліс өткізіледі. Осы мәжілісте облыс әкімдігі мен ірі компаниялар арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде. Сонымен бірге «Металлургиялық кластерді дамыту перспективалары», «Өңірдің транзиттік әлеуеті – даму мүмкіндіктері», «Күріш және ет бағытындағы мал шаруашылығы – облыстың агроөнеркәсіп кешенінің негізі», «Байқоңыр қаласын дамыту» тақырыптары бойынша секциялық мәжілістер өткізіледі. Соңғы секцияның мәжілісі Байқоңыр қаласында 14-қарашада өткізіледі. Оған «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігінің басшылығы қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге форумға қатысушылар алдында экономиканың әртүрлі салалары бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың тұсауы кесілетін болады. Өздеріңіз байқап отырғандай, форумның бағдарламасы сан-салалы.
– Форумның өткізілуіне орай облыстың индустриялық-инновациялық даму бағытына қатысты мүмкіндіктерге тоқталып өтсеңіз. Себебі, соңғы жылдары облыста өнеркәсіптің дамуында серпіліс байқалады, бұл, әлбетте, өңдеу саласының өркендеуіне негіз қалап отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының әлеуеті де біршама оңды сипатпен ерекшеленеді.
– Сауалыңыз орынды. Облыс көптеген жылдар бойы аграрлық сипатта дамып келді. Енді аймақ экономикасының құрылымына өзгерістер енгізу қажеттігі туындайды. Бұл ең алдымен Елбасының алға қойған міндетінде көзделгендей, өнеркәсіптің өңдеу саласының өркендетуге қатысты болып тұр.
Сыр өңірі экономикасының негізі мұнай-газ секторы болып табылады. Осыған байланысты өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейетін болады. Жақында облыста күкірт қышқылы зауыты пайдалануға берілді. Ақшабұлақ кен орнында 87 мгвт қуаттылығымен газ-турбиналық электр станциясы іске қосылды. Меже бойынша жоғары сапалы кварц құмын игеру қолға алынады.
Облыста осы заманғы талаптарға жауап беретін атом энергиясын дамытудың алғышарттары жасалып жатыр. Бұл, айналып келгенде, атом энергиясына қатысты индустрияның қанат жаюына әсер ететін болады. Болжамдарға қарағанда 2015 жылға қарай облыста қазақстандық уранның жартысына жуығы өндірілетін болады. Облыстың оңтүстігінде металлургиялық кластер дамиды. Осы өңірдің жер қойнауында Менделеев кестесіндегі элементтердің түгелге жуығын кездестіруге болады.
Әлемдегі бес ірі ванадий кен орнының бірі Қызылорда өңірінде орналасқан. Мамандардың бағалауы бойынша аймақта осы бағалы кеннің әлемдік сұранысының 10 пайызын қамтамасыз ете алады.
Мыс пен мырыш, алтын мен молибден, цирконий, титан, кадмий, германий, күміс, темір, фосфорит кендері игеру кезегін күтіп тұр. Шалқия қорғасын-мырыш ірі кен орнын өндіріс үдерісіне қосу таяу уақыттың келелі міндеті болып табылады.
Енді ауыл шаруашылығына келейік. Халықтың 70 пайызға жуығы елді мекенде тұрады. Сондықтан өңір үшін басты дақыл – күрішті жаңа технологиямен жарақтандырып, өндірісті жолға қою өміршең міндет. Қызылорда облысындағы күріштікте негізінен «Маржан» сорты өндіріледі. Күріш кластерін дамыту осы және басқа да сорттарды игеріп, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Сонымен бірге өңірде мал шаруашылығын дамытудың көкжиегі кеңейіп келеді. Жақында құрылған оңтүстік тауарлы сүт фермасы халыққа қызмет көрсетіп, таяу болашақта шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндіктері бар.
Алдағы форумның атауы айқындап отырғанындай, біз Байқоңырдың келешегіне үміт артамыз. Ғарышқа ұшу әрқашан адамдардың ізгі арманы болып келді. 2017 жылы қала мен ғарыш аймағын бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары тамашалайтын болады. Осыған орай Байқоңырда бүгіннен бастап туристік кешенді қалыптастыру жұмыстары басталды. Қаланың индустриялдық-инновациялық даму кешені дамитын болады.
Ең басты мәселе, облыстың транзиттік әлеуеті өте жоғары. Облыс аумағында әлемдік деңгейдегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы салынуда. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға едәуір үлес қосатын болады.
Қорыта айтқанда, «Байқоңыр» инвестициялық форумының берері мол. Форум аймақтың таяу болашақта дамуының жаңа көкжиегін айқындайтын болады.
Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.