«Бір бригада апта бойы ашқұрсақ жүргенбіз»

Әскер – әрбір ер азамат үшін өмір мектебі. Отансүйгіштік отбасынан басталатынын ескерсек, оған ананың мейірімінен бөлек, әкенің айбаты тірек болмақ.

Отставкадағы офицер Асылбек Арыстанбекұлы «тәйт» – тәрбиенің төресі деп есептейді.

– Өйткені әкенің қаталдығы, өнегесі баланың алдағы өміріне азық. Қаталдық – қатігездік емес, реті келгенде тезге салу. Одан ешкім жаман болмайды. Әкеміз өзімізді осылай тәрбиеледі. Қабағына қарап өстік. Көбіне дос тұтты. Тағылымды әңгімелер айтып, құлағымызға құйып отыратын. Ол әлі күнге пайдамызға жарап келеді, – дейді Асылбек аға.

Кейіпкеріміз – Орынбор жоғары зениттік-зымырандық командалық училищесінің түлегі. Бір қызығы, әскери мамандық таңдағанын үйіндегілер пойызға мінгенге дейін білмеген.

– Мектеп бітірген соң оқуға түсу үшін тығылып жүріп құжат дайындадым. Шешем ота жасатып, ауруханада жатқан. Енді ғана беті бері қараған бойы. Жағдайын білмек боп әкем екеуміз барғанда анам «баланың жолын байламайық, қалаған оқуына түссін» деп батасын берді. Үлкендер жағы мені медицинаға барады деп ойлапты. Сөйтіп, ағаң дәрігер болмай қалған, – дейді ол.

Оқу бітіріп келгесін жолдамамен Аягөз қаласындағы №97616 әскери бөлімінің №410 зениттік-зымырандық бригадасында әуелі взвод, кейін рота командирі болды. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің әскери бөлімінде студенттерге әскери тәртіптің қыр-сырын үйретті. Олардың талайы үмітті ақтап, ұстаз мақтанышына айналды. Жалағаштағы №123 мектеп-лицейде сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосты. Ал қазіргі күні облыстағы іргелі оқу ордасы – Қорқыт ата атындағы университетте еңбек етіп жүр.

Кейіпкеріміз әскери саладағы естелігімен бөлісіп, қиындық адамды шыңдайтынын жеткізді.

– Еңбек жолымды бастаған жылдары алты-жеті ай бойы үй көрмей кететін кездер болды. Бірде атыс алаңындағы жаттығу кезінде азық-түлік тиелген көлік аударылып кетіп, көпке дейін ашқұрсақ жүруге тура келді. Отыз шақырымдай жерде су бар екен, оның өзі көп уақыт тұрып қалған, сасып кеткен. Бір бригада солайымен – мың жарымдай адам бір аптаға дейін су ішіп қана күнелттік. Өзіміз ілініп-салынып әрең жүргенде бір үйір киікті байқап қалып, амалдың жоқтығынан атып алып, етін талғажау еткеніміз бар, – дейді ол.

Асылбек аға 1995 жылы Мәскеудегі әскери парадқа қатысқан. Мұны мақтаныш әрі мәртебе санайды.

– Қызыл алаңда қаз-қатар сап түзегендердің қатарында болу – бақытты сәттерімнің бірі. Ол кездегі сезімді, көңіл-күйді айтып жеткізе де алмаймын, – дейді темірдей тәртіп иесі.

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы». 


ФОТО: Көрнекі сурет
ҚОҒАМ 08 мамыр 2020 г. 1 161 0