Шекараның қырағы күзетшісі

 Әскери қызметтің маңызды саласының бірі – кинология болса, шекараны қорғауда да төрт аяқты «тәртіп сақшыларының» қырағылығы қиындықты дер кезінде шешіп, заңсыздықтың әшкереленуіне жол ашады.  «Жанқожа батыр атындағы» шекара заставасында 10 жылдан астам қызмет кеткен Бахтияр Әбдірейімов ақылды жануарға сенім артуға болатынына әбден көз жеткізген. Тәжірибелі маман  келісім-шарт бойынша қызметтік иттер тобының аға нұсқаушысы, топ бастығы болып қызмет атқарады.

Мұнда неміс овчаркалары Алматыдағы оқу орталығынан 6 айлық күшік кезінде жіберіледі. Келген иттерді жаттықтыру – шекарашының міндеті.

– Алғаш жұмысқа орналасқанымда “Серый” есімді овчарканы шекара қызметіне бейімдегенмін. “Маршал” атты итіммен 6 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Итке бөлек күніне екі мезгіл ас әзірлеп беремін. Үстін тарап, душқа шомылдырамын. Әскери ветеринариялық дәрігерлер қажетті дәрумендер мен мерзімді аурулардың алдын алатын дәрілер егеді. Егер күзет иті ауырып қалған жағдайда алғашқы көмекті өзім жасаймын, – дейді Бахтияр Жеткербайұлы.

Айта кетейік, «Маршал»  – шекарашының 1 жасынан бастап  шекара бұзған адамды іздеуді, айдауылдауды және шекара аумағын күзетуді үйреткен жеке иті. Ақылды жануарлардың шекарашыға аса қажет екені белгілі,  иісшіл иттердің ел аузында жүрген ерліктерінің бірі мынадай. Бахтияр аға алғаш қызметке орналасқан 2010 жылы өзбекстандық 7 азамат ұсталған. Ал, сол жылы 10 тонна спиртті заңсыз Өзбекстанға өткізгісі келген екі қазақстандық азамат та иттердің көмегімен қолға түсіріліп, тиісті орынға тапсырылған.
Айтпақшы, бүгінде шекара заставасында бақылау бекеті қойылмаған. Алаяқтықпен аңдаусызда кірген әлдекімнің ауызбірлігі жарасқан елді ала тайдай бүлдірмесіне кім кепіл? Төте жолмен жасырын өтетіндер, заң бұзатындар бар. Бірақ соңғы он жылдықта ондай жағдай кездеспеген.
Қалай десек те, елдің тыныштығы үшін күн-түнге қарамай сергектік танытып, сенімді ақтауға тырысқан шекарашының, төрт аяқтының «тілін» түсінген  кинолог маман еңбегінің жөні бөлек. Олар қашанда қиындықпен бетпе-бет келуге әзір, көмекке дайын.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 08 мамыр 2020 г. 1 448 0