Бағытыңнан тайма, «Жас сарбаз»

Ер азамат – отбасының да, Отанның да қорғаны. Сондықтан оларға құрмет бөлек, талап зор. Бірақ оларға өзгені де, өзін қорғауы үшін де намысын жаныған мақсат, табандылық пен тас түйін дайындық қажет. Бүгінде елімізде жігерлі жас жігіттердің күші мен энергиясын жаңа бағытқа бұрған «Жас сарбаз» жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейді. 

Қозғалысқа жастар неше жастан қабылданады, қалай құрылды, не үйретеді? Соған тоқталсақ.

Әскери-патриоттық қоз­ға­лыс құруды 2018 жылы ҚР Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қа­зақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тапсырған бола­тын. Осылайша «Жас сарбаз» қоз­ғалысы қоғамдық бірлестік ретінде тіркеліп, барлық облыстан филиалдары ашылды. Ал олар­дың алдында жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, әскери міндеттерді орындауға жан-жақты дайындау мақсаты тұрды.

Облыстағы әскери-патриот­тық орталық сол жағалаудағы  «Жастар орталығы» ғимара­тында ор­наласқан. Қазір аймақта 309 әскери-патриоттық клуб пен 1 жас сарбаз сыныбы жұмыс істейді. Олардың құрамындағы сарбаз саны 6 мыңнан асады.

–       Әскери-патриоттық клуб­тар әр мектепте бар. Алғашқы әскери дайындық пәнінің жаны­нан жүргізіледі. Жетекшісі – сол пәннің оқытушылары. Бір мектепте сарбаз саны – 25, енді бірінде 30 болуы мүмкін, – деді «Жас сарбаз»  қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Айдос Қожамұратов.

  Орталықта әр аптаның сейсенбі күні сарбаздардың жиыны өтеді. Жиында саптық дайындық, қару-жарақты шашып-жинаудан өзге, әскери жарғылар, Қазақстанның қазіргі армиясы сынды тақырыптар бойынша сабақ өтеді. Мұнан бөлек, әскери лауазымды тұл­ғалар, әскери борышын өтеген жастармен кездесулер тұрақты ұйымдастырылады.

Қозғалысқа қабылдану үшін белгілі шектеу жоқ. Бастысы – талаптың тұлпарын ерттеп мінген жігіт болуы шарт. Тіпті, 7-8 сынып оқушылары да әскери қызметтің әліппесімен таныса алады. Негізгі басымдық спортқа жақын, робототехника құрастыруға ынта­лы, өнерлі жастарға беріледі екен.

Орталықтағы командир Шалқар Талғатбеков – «Жас ұлан» республикалық мектебінің түлегі. Жалпы өмірін әскери қызметпен байланыстыруға бекінген қы­зыл­ордалық жастар қазір қалай білім алып жүр, оқу­ға түскеннен кейінгі ойы қандай? Себебі, «Жас Ұлан» мектептері тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында ғана бар. Алматыдағы Құр­лық әскерлерінің Әскери инс­титутының 2-курс кур­санты Мақсат Амангелдіге ха­барластық. Ол осы оқу ор­нының алдында Шым­кент­тегі С.Рахымов атын­дағы республикалық «Жас ұлан» мектебін бітірген болатын.

 – Әскери қызметкер болуды бала кезден армандадым. Менің мақсатымды қолдаған, демеген әкем болатын. Мамандығы – кинолог. Әкемде бар мінез бен қасиет менің де бойымнан табылса деймін. Бұл жақта жағдайымыз жақсы. Ракета әскерлері және артил­лерия бөлімшелерін бас­қару мамандығы бойынша білім алу­дамын. Енді екі жылдан кейін лейтенант шенін алып, Қазақстанның қай түкпіріне болса да қызметке баруға дайынмын, – деді курсант.

- Сөзі – нық, даусы – анық. Сауалға жедел әрі жүйелі жауап қатады. Оның әсіресе арманын елдің болашағымен байланыстыра сөйлегені, әскери қызметке деген құлшынысы қуантты. Мұндай жас сарбаздар барда ел елеңдемес, ештеңеден саспас. Өйткені, қуатты әскерінің болуы халықтың көңіліне сенім ұялатады. Тек Бауыржандай батыл, арманы айқын ұлдар көп болсын деген тіледік.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.
ҚОҒАМ 08 мамыр 2020 г. 1 282 0