« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас мейірбикесі Тұрғаш Дәнееваның жұмыстан үйіне қайтпағанына бір айдан астам уақыт болды. Жолдасы мен балаларын қатты сағынғанмен, амал жоқ. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі анықталған күннен бастап ол өзге әріптестерімен бірге күні-түні тынбай жұмыс істеп жүр. Өйткені бұрын-соңды тәжірибеде кездеспеген аурумен күресу оңай емес.
– Маған медицина қызметкерлерінің сақтық шараларын бұлжытпай орындауын, арнайы киімдермен, басқа да қажеттіліктермен уақытылы қамтылуын қадағалау, ас-ауқатын ұйымдастыру мәселелері жүктелген. Сондықтан үй бетін көрмей жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін өкінбеймін, өйткені отбасымызға ауруды жеңіп оралсақ, сол – үлкен олжа, – дейді кейіпкеріміз.
Әлемді әлекке салған індет, әсіресе, оңтүстіктегі екі ауданда – Шиелі мен Жаңақорғанда кең тарағаны белгілі. Жаңақорған бойынша вирус жұқтырғандар жұқпалы аурулар ауруханасында, олармен қарым-қатынаста болғандар «Жаңақорған» шипажайында жатыр. Бас мейірбике карантиндік стационар ретінде уақытша пайдалануға берілген шипажайдың төсек-орны жайлы, тамағы дәмді екенін айтады. Жергілікті әкімдік, кәсіпкерлер мен еріктілердің көмегі арқасында медицина қызметкерлері керек-жарақтан тапшылық көріп отырған жоқ. Көпбалалы отбасыларға Назарбаев университеті қауымдастығының әлеуметтік даму қоры ноутбук табыс етсе, қайырымды жандар азық-түлік үлестірді.
Одан бөлек, індетпен күрестегі жанқиярлық еңбегі үшін ақхалаттыларға үстемеақы берілуде. Тұрғаш Дәнеева бұл дер кезіндегі қолдау болды деп есептейді. Медицина қызметкерлері сол үшін дән риза.
– Қолымызға еселенген жалақы тигенде бәріміз қатты қуандық. Еңбегімізді елеусіз қалдырмағаны үшін Президентке, Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне, сондай-ақ, аудан әкімдігіне алғыс білдіреміз, – дейді осы салада отыз жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман.
Ауруды ауыздықтауға атсалысып келе жатқандар арасында дәрігер Ақерке Дайрабаева, инфекционист Мерей Жұмаш, фельдшер Мәди Исаев, мейірбике Тілектес Салыбековалар бар. Кейіпкеріміз әріптестерінің еңбегін ерекше бағалайды және олармен мақтанады.
– Тезірек қауіптің беті қайтса, науқастар аман-есен үйлеріне оралса, аурудың таралуына бөгет болсақ, бізге бұдан асқан мәртебе жоқ. Індет ешкімді аямайды, тұрғындар осыны түсінсе екен, – дейді бас мейірбике.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |