« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Күллі елдің басына түскен жағдай өнер адамдарының жүрегіне түсті.
Тосын келген дертке қарсы тұру мақсатында мемлекетіміз шұғыл шаралар қабылдады. Қаншама атқамінер азаматтар коронавирустың жолын кесу үшін белін буып, қиындықтармен бетпе- бет кездесті. Ақ желеңді абзал жандар кескіні көрінбейтін кеселмен күн-түні тынбай күресіп жатыр. Сұр жейделі сарбаздар сапқа тұрып, кірпік қақпай елдің саулығын күзетуде. Осының бәрі әрбір қазақстандықтың амандығын сақтауға бағытталып отыр.
Осындай бейбіт күнгі майданда өнер адамдары қиналған жұрттың рухани демеушісіне айналды. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында снаряд салынған жәшіктің үстінде тұрып ән салған Роза Бағланова апамыз өнер адамдарының қашан да халықпен бірге екенін ерлікпен жазып қалдырған тұлға еді. Сол тамаша тұлғаның бүгінгі ізбасарлары да әлеуметтік желілер арқылы ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, халықтың жанына жұбаныш сыйлауды өздерінің адал парызы санайды.
Мен «Байқоңыр» әніне арнайы бейнеролик түсіріп, Сыр елі тұрғындарымен желі арқылы жүздестім. Бұған қоса Сыр өңірінен шыққан белгілі әншілердің «Достығымыз жарасқан» атты мерекелік бейнеролигінің бел ортасында болдым. Осындай әрекеттеріміз туған жеріміздің індеттен тезірек сауығуына, жерлестеріміздің жігерін жануға қарлығыштың қанатымен су сепкендей болса да септессе екен деген ниеттеміз.
Мұндай рухани іс-шаралар Қызылорда облыстық мәдениет саласы тарапынан да тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі мәдениет басшылығының сыртта жүрген біз секілді жерлестерімен үнемі хабар алысып, ортақ міндетке жұмылдырып отыруы. Осыған орай Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев секілді өнер тарландары тікелей әлеуметтік желіге шығып, өз жерлестеріне мерекелік лебіздер жолдады, бұл қатарда мен де бармын.
Талай талантты тарланға айналдырған туған жерімнің мәдениет саласындағы әр қадамына қуанып отырамын. Қасиетті Қызылорда – мен үшін қымбат, жүрегіме ыстық құтты жер. Осындай киелі жерді мекен еткен жерлестерім әрдайым елдігіміз бен бірлігіміздің жарқын үлгісі болатынына сенемін.
«Күн жаманы кетер» дейді халқымыз, алдымызда жақсылығы мол кезеңдердің күтіп тұрғаны анық. Сол жақсылық пен жарқын күндерге бірге жету үшін қазіргі кезеңнің қиыншылықтарында да бірге болудың қаншалалықты маңызды екенін әрбіріміз түсінуге тиіспіз. Дәл осы сөз қайта-қайта айтылып жатса да, ауыздыға сеніп, аяқтыға еріп кететін аңғалдығымыздан арылмай келе жатқанымызды да жасыра алмаймыз. «Былай депті» дегенге құлақ қоя берудің еш пайдасы жоқ, қазір бейресми ақпарат көздерінде айтылатын алыпқашпа әңгімелер көп. Олар халықты жолдан адастырады, жөннен жаңылдырады. Қисайғанды түзетудің орнына төпелей жөнелетіндерді де көріп келеміз. Осының бәрінен алып шығатын бір-ақ жол, ол – халықтың бірлігі. Біздің жолбарыс жүректі аталарымыз бір болудың арқасында қаптаған жауды да қайтарған, көзі аларған ашаршылықтан да аман қалған, сойқан салған соғысты да жеңген. Бұл кеселді де жеңеміз!
Жеңіс СЕЙДУЛЛА,
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік
ұйымының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |