Бапкер бақыты

Евгенийді қазақшаға мұншалықты жетік деп ойламаған едім. Даусын созып «Ассалаумағалейкум!» деп нақышына келтіріп сәлемдесті. Аузын ашса, жүрегі көрінетін қазақы қалыппен хал-жағдайымды, отбасымның амандығын сұрағанда бұрын-соңды жүздеспеген осы азаматты жақын тартып қалғандаймын.

Евгений Курбатов Жақ­сы­қылыш кентінде дүниеге келген екен. Осы елді мекендегі № 19 қазақ орта мектебінің орыс класында, кейін Арал қаласындағы № 14 орыс мектебінде білім алған. Анасы Татьяна Дмитриевна – 40 жыл оқушыларға орыс тілінен дәріс берген зейнеткер ұстаз. Бүгінгі таңда ұзақ жылғы еңбегінің жемісін татып отырған асыл ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Өзге құрдастарындай асық ойнап, ләңгі теуіп ержеткен Евгений ауыл баласына тән кеңпейіл дағды, үлкенге құр­мет, кішіге ізет көрсетуді бойына сіңірген. 

Өмірден асқан мектеп болмасы белгілі. Ақ басты шыңдай жал-жал боп үйілген тұз жотасына көзі қанығып өскен Евгений еңбектің наны тәтті екенін жастайынан түйсінді. Алғашқы еңбек жолын «Аралтұз» АҚ-да қара­пайым жұмысшы болып бастап, шарболаттай шың­далды. 

Алайда сонау бала ке­зі­нен арманына айналған спортқа деген құштарлық ақыры өз дегенін жасатты. Қ.Жұбанов атындағы мем­ле­кеттік университеттің дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтаған Ев­гений Курбатов енді өзі де өрендерді спортқа бау­луға кірісті. Қазақ қызы Гүлмира Сәрсенбаевамен се­зімі жарасып, шаңырақ кө­терді. Өмірге алтын асық­тай перзенттері келді. Айт­пақшы, ерлі-зайыпты Ев­гений мен Гүлмира екеуі де № 20 Арал аудандық бала­лар-жасөспірімдер спорт мек­тебінде волейболдан жат­тықтырушы болып жұ­мыс істейді. Шәкірттері биікті бағындырып жүр. Ке­зінде облыстың құрама ко­ман­да­сының мүшесі атанған Евгений – қазір волейболдан ер­лер арасында Арал аудандық құрама командасының аға жаттықтырушысы.

– Евгенийді біршама уа­қыт­тан бері танимын. Менің қол астымда жаттыққан шә­кір­тімнің бірі. Бой-сойы ке­ліскен, тағылымы мол адам. Жұмысына да мығым. Өзі де, келіншегі Гүлмира да аудан спортында орны бар, бұқаралық спортты дамытуға, салауаттылық салтын наси­хат­тауға үлкен үлес қосып жүрген, білікті бапкерлер. Ұжымына, көпшілікке де сыйлы, – дейді Арал аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов.


Арал ауданы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 01 мамыр 2020 г. 1 246 0