Татулығы жарасқан

Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылында сан ұлт өкілдері тұратыны бүкіл елге белгілі. Бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған ауыл – көпшілікке осы ерекшелігімен үлгі. Ауыл – татулығы жарасқан ағайынмен сәнді. Мұнда тұратын әр отбасы бірлік пен ынтымақты, ауызбіршілікті ту еткен.

Солардың бірі – Евгений Пухнатов пен Зейнап Мурсалованың отбасы. Ота­насы Зейнаптың ұлты түрік. Ол ауылдағы №108 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген Зейнаптың еңбек өтілі 14 жыл. Ұжым ортасында беделі биік. Үнемі ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылатын оның шәкірттері де зерек. Ал, жары Евгений Пухнатовтың ұлты татар. Бүгінде отағасы «Достық» ЖШС-да жұмыс істейді. Бала күнінен еңбекке бейім Евгений түрлі шаруашылықтарда жұмыс істеді. Техника тілін еркін меңгерген ол қазір серіктестік комбайншысы. Жаны жомарт азамат ауыл халқына қол ұшын созудан аянып қалған емес. Егінін орады, техникасын жөндеп береді. Үлкенге құрмет көр­сетіп, кішіге білгенін үйре­те­тін­діктен  ауылында сыйлы.

Евгений мен Зейнап 2006 жылы  отбасын құрды. Қазір үш бала тәрбиелеп отыр. Пух­натовтар отбасы қа­зақы салт-дәстүрлерді берік ұстанады. Мерекелерде ақ дас­тарханын жайып, ұлттық тағамдарды пісіріп, ағайын-туыс, көрші-қолаңдармен бас қосады. Зейнап қазақтың ұлттық тағамдарын ерекше дәмді етіп жасайды. Дәмді ас пісіруді енесінен үйренген. Жас келін болып түскенде ұлттық тағамдарды қалай жасау керектігін, қазақы салт-дәстүрлерді берік ұстауға баулыған. Міне, осылайша ененің тағылымды тәрбиесін алған келін көпшіліктің алғы­сына бөленіп жүр.

 – Біздің ата-бабамыз қиын сәтте қазақ жерінен пана тапты. Әр қазақ отбасы өзге ұлт өкілдеріне қамқорлық танытты. Бауырына басып, туысындай қабылдады. Соның арқасында ұлттар арасында ынтымақ орнады. Біздің аядай ауылдың өзінде қаншама ұлт тіршілік етіп келеді. Бір шаңырақ астында, бір үйдің  баласындай аралас-құралас боп кеткен.  Барлық ұлт пен ұлыстың құқығы тең дәрежеде сақталған. Қазақ жерінде өсіп-өніп жатқанымды мақтан етемін, – дейді Зейнап.

Ұлы Абайдың «Адам­зат­тың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетімен сан ұлтты бір арнаға тоғыстырған қазақ жері бейбітшілік ме­ке­­ніне айналған. ІІІ Ин­тер­национал ауылы сол мекеннің бір бөл­шегі іспетті.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

ҚОҒАМ 01 мамыр 2020 г. 1 458 0