«Бір күні қазақша мақала жазамын»

Кирилл Денисов есімі көпшілікке «Кызылординские вести» газеті арқылы таныс. Ұлты орыс болса да, қазақ тіліне жүйрік. Айтуынша,  қазақ тілін көшеде жүріп үйренсе керек.

–  Тереңөзек кентінде туып-өстім. Атам Николай мен әжем Людмиланың тәрбиесін алдым. Олардың қазақ халқына деген құрметі ерекше болды.  Қазақ тілі менің бойыма көшеден сіңді. Оның үстіне ауылдағы көршілерімнің барлығы қазақ отбасылары еді, – дейді ол.

Кириллдің жақсы журналист екенін білсек те, оның спорт шебері екенінен ха­барымыз жоқ екен. Әңгімелесу ба­ры­сында біраз жыл хоккейден облыстық құрамада болып, ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрінген. Тілшінің ендігі бір қыры – сурет түсіруге деген әуестігі. Табиғат аясында жүргенді ұнататын ол жыл сайын Қаратау бөктеріндегі табиғат көріністерінен фоторепортаж жасауды әдетке ай­нал­дырған. Балық шаруашылығы маманының тілшілікке қалай келгенін де сұрадық.

– Тереңөзекте №36 Ә.Тәжібаев атын­дағы мектеп-лицейін бітірісімен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде балық шаруашылығы мамандығын тәмамдадым. Мұнда келгеннен кейін біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Анам Наталья Денисова – журналист. Ол кісі менің кітап оқуға, шығармашылық жұмыстарға бейім екенімді біліп, ұсыныс айтты. Сол кісінің ықпалымен ойға түйгенімді, білгенімді қағаз бетіне түсіріп жүрген жайым бар.

Кирилл өз халқының мәде­ниетімен қатар  қазақы дәс­түрді де қадір тұ­тады. Әсіресе, сәбидің үлкен өмірге қадам басар сәтін, тұсау кесу рәсімін ерекше ұнатады. Қазақ халқының үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуін, үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты ең асыл қасиет деп біледі. Қазақ тіліне, салт-дәстүріне деген құрметін журналист өзінің ауылдың ша­ңын жұтып, то­пы­рағында аунап өс­кендігімен, ата-әже тәрбиесін көргендігімен байла­ныс­тырады.

Бүгінде Кирилл бос уақытында қазақша мақалаларды оқиды. Әңгіме арасында  «бір күні қазақ тілінде мақала жазып қалармын» деген ойын жеткізді. Білімі, тілі жетік болса, қазақша ойлай білсе, неге жазбасқа?! Тілші алдағы уақытта өзі еңбек етіп жүрген сала бойынша білім алуды көздейді. Жұбайы Валерияға қазақ тілін үйретіп жүрген ол қызы Елизаветаға да тілді меңгертпек. 

Талпынысымен көпке үлгі болған Кирилл қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі үшін 2018 жылы облыс әкімінің «Жыл патриоты» номи­нациясымен марапатталса, 2016 жылы республикалық «Тіл пара­саты» байқауының жеңімпазы атанды. Облыстық «Русская община Казахстана» ҚҚ филиалының белсенді мүшесі ендігі жерде ҚХА-ның мүшесі болуды мақсат еткен.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 01 мамыр 2020 г. 1 387 0