НҰРҒИСАНЫҢ КӨШЕСІ ҚҰЛАЗЫП ТҰР

Екі бірдей кісі аялдамада отыр.

– Сонымен Нұрғисаның көшесін екеулеп таба алмадық, ә?

– Таппай ауылға қайтатын болдық, – деп екіншісі де басын салбыратты. Сәлден соң үшінші бір азамат қатарға келіп отырды.

– Жігітім, осы жердің азаматысың ба?

– Иә, аға!

– Біз Нұрғисаның көшесін таба алмай, әбден сандалдық. Сол көшеде бір ағайындарымыз тұрушы еді. Тойына келіп едік. Таппай тұрмыз.

– Ой, ағасы мына көшеден кейінгі көше ғой, жүріңіздер көрсетейін, деп әлгі жігіт үшеулеп жол тартты. Мен де қосылдым.

Сонымен Нұрғисаның көшесін бойлап жүріп келеміз.

Көше "Батыс” ықшам ауданындағы М.Саламатов көшесінен бастау алатын болып шықты. Көшенің басталар жеріне де Нұрғиса Тілендиев есімі жазылмапты. Көшенің екі қабаты біреулердің алған жері болар, жағалай қаңылтырмен қоршап тастапты. Әудем жерде екі қабат көлік жөндейтін шеберхана бар екен. Бұл көшенің Нұрғиса атында екенін шеберханада істейтін жігіттер де растап отыр.

– Бұл көшенің аяғы баяғы "Рисмашқа” тіреледі. Көшенің бір жеріне тас төгілген, бір жерінде мүжілген асфальт, ой-шұқыр мол. Ал, көшенің басынан 200 метрдей жерде қыста қар, күзде жаңбыр су араласып, жаяу жүрудің өзі қиын-ақ. Ешкім көңіл бөлмейді. Біздің шеберханаға келушілер де қиналады. Тротуар жоқ, арықтан су жүрмейді, деп шағынды шеберлер.

Иә, сонымен көңіл құлазып, Нұрғиса атындағы көшеден кері бұрылдық. Сан алуан ой мазалады.

Қазақтың біртуар перзенті, талантты композитор, Халық Қаһарманы, "Отырар сазын” әлемге танытқан Нұрғиса Тілендиев атындағы көше тым жадағай көрінді. Тіпті көшенің басталар жерінде тағзым етер таланттың есімі көзге шалынбады. Сонан соң бар-жоғы оншақты үйден ғана тұратын шолақ көше көңілге кірбің ұялатады. Қалаберді кейбір тұрғындар "Көшемізді шаңдатты деп” бетон қойып, жолды бөгеуге барған.

Бұл жайлар қала әкімшілігіндегілерге ой салса, абзал болар еді. Өйткені, ол қазақтың Нұрғисасы ғой, оқырман!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

ардагер журналист.

Қызылорда қаласы.


ҚОҒАМ 26 тамыз 2014 г. 895 0