« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Зырлап өтіп бара жатқан уақыт емес пе, газет тапсырмасымен үлгілі шаруа қожалықтарының бірі саналатын «Сейтжанов» шаруа қожалығының дала қосына алғаш барғанымда 2001 жылдың күзі еді. Шиелі ауданының Ақтоған ауылынан қырық шақырымдай егістік алқапқа «УАЗ» көлігімен зорға жеткенбіз. Жолы да ойқы-шойқы, тәуір жол тереміз деп бірде канал жағалап, бірде төменнен сүрлеу іздеп әуре болғанымыз да есімде. Бұрқыраған шаң. Сол кездегі аудан әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Сүйіндіков осылай итшілеп жүріп, жол бастап дала қосына апарып еді. Содан бері де он үш жылдың өте шыққаны ғой.
Жаңадан құрылған шаруа қожалығының сол кездері аздап егін егіп, оған қоса атакәсіп-мал шаруашылығын да қолға алып жатқан жағдайлары бар екен. Сағадан тіптен алыс орналасқандықтан аяқ суы да мардымсыздау, бекітілген жерлеріне толық егін егуге де мүмкіншілігі кем, сондықтан бас аяғы жүз гектарға жетер-жетпес көлемде күріш пен бидай орналастырыпты. Мал басын да енді көбейтуге бет алған кезі болса керек. Қора басында қара-құра бар еді. Есімнен шықпай қалғаны – Сейтжановтар отбасының ұйымшылдығы болатын.
Отағасы бұрын шаруашылықта алып «К-700» тракторын тізгіндеген азамат екен, қой аузынан шөп ала қоймайтын момындау, көп сөзге де жоқтау болғанымен қажырлы, ісіне мығым, уәдеге берік азамат көрінген. Қиыншылыққа мойымайтын төзімділігі тағы бар. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде шаруашылықтың техникасына ие болып жүргенінде түн ішінде алыс қыстаудан келе жатып, тракторы аударылып, көлік апатына ұшырады. Аяқ-қол сынған, бел қозғалтпайды, бет-аузы көк ала қойдай.
Жақындарының өзі: «Енді қатарға қосылуы қиындау-ау», деп күмәнді қалыңдатқан секілді. Дегенде, суішерлігі бар екен, дәрігерлердің жанкешті еңбегін ақтап, аптадан соң есін жиды. Шамалы күннен соң, қимылға келді, біртіндеп өзі кіріп-шығатын халге де жетті. О дүниенің есігін ашып, қайта жапқан сол Әбекеңнің кеңшар тараған соң тәуекелмен замана бағытына орай жер иемденіп, шаруа қожалығын ашқан, балаларын жанына алып, шаруашылыққа бет бұрған кезі осы болса керек.
Ерлі-зайыптылар арба сүйреткен қос өгіз емес пе, шаруа қожалығын құрсам деген ниетін алғаш рет жан жары Бақыткүлге айтты. Алдағыны кім болжап білген ол кезде, үй шаруасындағы әйел ғой, әуелі: «Өзің білерсің» деген де, тыйылған, кейіннен бір ой түсті ме: «Балалар да ержетіп қалды, мына алмағайып заманға кез болдық, енді кімге барып қол жаймақсың, тәуекел, өзімізше тырбанып көрелік», деп жігер берді.
– Қол күші қанша көп болғанымен ірі көлемдегі жұмыстарда манди бермейді, сондықтан техниканың орны бөлек екендігін есте ұстадым. Бұрыннан қолданыстағы техникалар, трактор, комбайн, «К-700»-тар жекеге пышақ үстінде үлестірілгенімен, оны алушылардың құнтсыздығынан көбі тұрып қалды. Доңғалағынан айырылып, жер жастанып қалғандары да жеткілікті еді. Қатарға қосып алуға, шаруашылық жұмыстарына пайдалануға мүмкіндік бар екендігін өзімнің отыз жылғы тәжірибемнен біліп тұрдым. Содан сатылады деген техника болса, саудаласып дала қосымызға жинай бердік. Қысы-жазы соларға қажетті қосалқы бөлшектерді іздестіріп, жөндеу жұмыстарын балаларымызбен атқардық. Біздің шаруашылықтың ілгері кетуі со техникамыздың молдығы, сұранысқа қажеттілігінің арқасы, дейді «Сейтжанов» шаруа қожалығының төрағасы Әбдімәлік Сейтжанов ағынан жарылып. Расында, комбайнның қаншама түрі, шөп тайлаушы агрегат, соқа, мала, түрлі моторлар, дәнекерлеуші аппараттар сол кездің өзінде молынан көзге шалынған-ды.
– Білектің емес, біліктің заманы туғанын осыдан айыра беріңіз, техникаға құмар балалары ауылдастарының ғана емес, айналадағы ауылдардың да әжетін шығара бастады. Баяғы тиынға сатқан техникасын кейіннен өзі аяғынан келіп, жүз есе бағасына саудалағандар да кезікті. Қайтсін, ауыл шаруашылығын құр қолмен игере алмайсыз, оған икемділік пен әбжілдік қажет. Сағадағы су молайса, аяқтағылар қанып ішеді, осылай жұмыс жолға түскен соң арғы ақылдың өзі де дес бергізбейді екен. Оның үстіне шаруа қожалығы мүшелерінің ұқыптылығын қосыңыз.
– Алланың берген оншақты ұл-қызынан отызшақты немере бар, солардың көбісі жаз кезінде осындағы еңбекпен шұғылданады. Бұл бір-біріне деген мейірімін арттырса, екіншіден, еңбекке жастайынан үйренеді. Басқа үйдің балалары секілді, ұрысып-таласуды білмейді. Өйткені жұмысқа үйренген адамдарда бөтен пиғыл бола бермейді,-дейді отанасы Бақыткүл жеңгеміз қашанғы жайдары қалпында.
Кішілері техникамен айналысса, Мүсіреп – ору комбайндарына қарайды. Досхан мал шаруашылығына басшылық жасайды. Ал Әбілдахан егіншіліктің басында. Ортаншылары Шағдар кеңсе жұмыстары, құжаттар айналымымен шұғылданады. Шаруашылық өткен жылы Қостанайдан 24 млн. теңгеге «Есіл-75-60» комбайнын сатып әкелсе, сол жылы жаңа экскаватормен толықты. Нақты кезеңде жоңышқа шөбін екі рет орып, үшінші орымға кірісті. Біле білгенге бұл күндері екпе шөп қып-қызыл ақшаға айналып тұр. Тайланған шағын шөп байламының бір данасын 350 теңгеден саудаласпай, алып кетіп жатқандар көп. Осы жұмыспен ауылдағы жұмыссыз жастар жаз айналысып, айлық тауып қайтып та жатады. Табын сиырдың тұқымын асылдандыру үшін өткен жылы Оралдан ақбас бұқалар да сатып алынды. Сонымен қатар жылқы үйірі де оншақтыны маңайлады. Ырыс-берекенің молаюы деп осыны айтқан жөн шығар. Тағы бір айтпағымыз – осы шаңыраққа түскен бес келіннің бәрі де бір үйден өріп, бір үйден өркендеп келеді. Перизат, қос Жанар, Әйгерім, Нұржайна сыртынан қарасаң бір үйдің қыздары секілді, олар да бір-бірін айтпай түсінісіп, үй жұмыстарымен де, шаруашылық тірліктерімен де шұғылданып кете береді. Енелері Бақыткүл болса, оларды да, олардан туған балаларды да алаламай, шетінен жетілдіріп келеді.
Сейтжановтар отбасы биылғы жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, ауданда бірінші орынды иемденді. Бұл расында оларға деген үлкен сенім, үлгі- өнегесін бағалау.
Иә, бақыт-есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды деген осы.
Нұрмахан Елтай.
Шиелі ауданы,
Ақтоған ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |