Табиғат жанашырлары

Ел аумағында төтенше жағдай енгізілгенмен жұмысын тоқтатпағандар қатарында орманшылар да бар. Туған өлке табиғатының жанашырлары саналатын мамандық иелері көктемгі көшет отырғызатын кезеңді тиімді пайдаланып қалуға бар күштерін салуда. Бұл істе «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы айтарлық нәтижелі жұмыстар атқаруда.

Ұжым мүшелері «Батыс-Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің екі жақ бетінде орналасқан 7 гектар жерге күтіп-баптау жұмыстары жүргізді. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінің кіре- беріс жолында 2,6 гектар аумақты қайтадан қоршап, тал көшеттері отырғызылып күтімге алынды.  Сондай-ақ 3 гектар жерге мектеп орманшылығын жасап, ағаштардың бірнеше түрінің көшетін отырғызылуда. Өткен жылдары қолға алынған «Ояз» бағына 3 гектар жерге алма көшетіне толықтыру жұмыстары атқарылды. Осы жұмыстардың  мекемеден барлығы 69 адам адам жұмылдырылғанын айта кету керек.

-Қазіргі жағдайды ескерген жұмысшыларымыз белгіленген жұмыстарды барлық сақтану шараларын орындай отырып, атқарып шықты. Егістікке шыққан шаруалар секілді орманшылар  үшін де көктемнің әр күні маңызды. Осы мезгілді барынша тиімді пайдалануға тырыстық, - деген  Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Ардақ Кәдір осы күндері жол бойындағы жасыл белдеуге отырғызылған 13 мың көшеттің 90% көктегенін айтты. Ол сонымен бірге мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу жұмыстары аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктем мезгілінде көлемі 1000 гектар жерге 207999 дана сексеуілдің көшеттері отырғызылғанын жеткізді.

Ұжым басшысының айтуынша, «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерінің жалпы көлемі 1785579 гектарды құрайды. Оның ішінде орман басқан алқабы -904136 гектар жер. Орман қоры 3 орманшылыққа бөлінген. Қарақұм орманшылығы жалпы көлемі – 157490 гектар, Қызылқұм орманшылығы -1334626 гектар, және Қасқақұлан орманшылығы - 293463 гектар.

Осы орайда А.Кәдір биылғы жылы орманшылар штаты 11 бірлікке көбейгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда жоғарыда келтірілген аумақтарды  қорғауға 3 орманшылық басшысы, 3 орманшылық басшысының көмекшісі, 9 орман шебері және 44 орманшы (инспектор) қызмет атқарады. Мемлекеттік орман қоры 14 айналымға бөлініп, әр айналымның паспорты жасалынып, орман қорушыларына бекітіліп берілген. Жыл басында кезекшілік кестесі жасалынып орман қорушылары Басықара, Қарлаң, Абай және Әлсейіт бекеттерінде көктем мезгілінде тиісті кезекшілікте тұрды.

 Орман шаруашылығы–экономиканың бір саласы. Қазалы ауданында осы саламен айналысатын мамандар өткен жылды табысты аяқтады. Қосымша күтіп -баптау жұмыстары 110 гектарға, қолмен отау 20 гектарға орындалып, ағаштарды орман потологиялық зерттеу жұмысы 5 мың гектар жерге жүргізілді. Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына күз айында 1803 гектар жерге сексеуіл тұқымын себуге 3274 кг сексеуіл тұқым жиналып, себілді. Орман табысын жинау жұмысы 2135500 теңгеге орындалып, жанама жер пайдалану мақсатында 83 азаматқа, оның ішінде  4 азаматқа 10 жыл ұзақ мерзімге, 79 азаматқа уақытша 1 жыл мерзімге 56100 гектар жер босатылған.  Онан түскен кіріс 927100 теңгені құрады. Халыққа отынға пайдалну мақсатында босатылған  2 мың текшеметр жыңғыл, жүзгін отынынан - 1208400 теңге түскен.

Балықтардың уылдырық шашу кезінде «Уылдырық-2019» ациясы шеңберінде халыққа үгіт насихат, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жергілікті баспасөзге мақалалар жарияланды. Сол секілді  «Тазасу айдындары» акциясын өткізудің іс-шара жоспарына сәйкес табиғат пайдаланушылармен бірлесе отырып, көлдерден әр түрлі тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Биотехникалық шараларға жоспарланған 162000 теңге толығымен игерілді.

Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың өнімдерін молайту жұмыстары негізгі міндеті саналатын орманшылар үшін өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуы, олардың өнімдерінің артуына аса мүдделі екені айтпаса да түсінікті. Ал осы игілікті іске ең қауіп төндіретін нәрсе ол тілсіз жау. Сондықтан да орман өртінің алдын алу шараларына аса мән беріледі. Орманды өрттен қорғау мақсатында бұған дейінгі 600 шақырымдық  минералды жолақтарды жаңартумен қатар жаңадан 20 шақырымдық жолақ жүргізу жоспарланып отыр. Қарақұм орманшылығына 2 бақылау мұнарасы орнатылған.

Көктем мезгілінде өрт қауіпі кезеңінен басталуына орай орман өртін болдырмау және оның алдын алу үшін аудандық ішкі істер және  өртке қарсы бөлімдермен бірлескен іс-шара жоспарына сай шаруашылықтар мен тұрғындарға ескерту хаттары мен үнпарақтар таратылады. Түсінік жұмыстары жүргізіледі.  Мекеме қызметкерлері аудан көлемінде орман және аң аулау ережелерін бұзушыларға қарсы біршама жұмыстар атқаруда. Рейдттер ұйымдастырылып, аң аулау тәртібін бұзған азаматтарға хаттамалар толтырылып, ескерту беріледі.

 Арал теңізінің құрғаған бөлігі бүгінде қалың тоғайға айналып, жануарлар дүниесі жанданып келеді. Жыл сайын орманшылар теңіз ұлтанына бір жарым мың гектар сексеуіл тұқымын егіп, экологиялық ахуалды жақсартуға барын салуда. Аңқасы кепкен теңіз табаны оазиске айнала қоймаса да, жылдар бойғы еңбектің нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай.  Оңтүстік Корея мемлекетімен жасалған меморандумға сәйкес атқарылған жұмыстар да өз үлесін қосуда.

Мекеме басшысы сонымен қатар биылғы жылғы жоспарлаған жұмыстардың қатарында күз айларында 9135 кг сексеуіл тұқым жинау бар екенін еске салып өтті. Күзде жиналған сексеуіл тұқымы 1803 гектар жерге себу жоспарланған. Мекеме мамандары күшімен 400 гектар орман алқабының табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары жүргізіліп, орман потологиялық зерттеу жұмыстары 5 мың гектар жерге жүзеге асырылатын болады.

Қазалылық орманшылар аудан көлемінде орман алқаптарын өрттен, оны пайдаланудағы тәртіп бұзушылықтан қорғай отырып, оның көлемін ұлғайтумен, мемлекеттік орман қоры жерінде ағаш егумен, жасыл желек жасаумен, тұқым бақтар өсірумен белсенді түрде айналысып, өздеріне бекітілген жауапты да абыройлы міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді.

         Осы ретте табиғатты қорғау, оның байлығын сақтап, көбейту арнайы мекеме жұмысшылары ғана емес,  әрбір азаматтың парызы екенін ескерсек дейміз.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».




ҚОҒАМ 27 сәуір 2020 г. 940 0