«АзиЯ» кітабының тағдыры

1988 жылы «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысты  ұйымдастырып, 1991 жылы Семейдегі полигонды жабуға қол  жеткізген белгілі ақын әрі ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов халқымыздың  ұлттық  мақтанышы. 1986 жылы желтоқсан  оқиғасынан  кейін   халқымызды қаралау    жүріп  жатқан  жылдары Мосвкадағы   «Останкино»  теледидары   ұйымдастырған   О.Сүлейменовтің  жыр кешінде   ақынға мынадай   арандатушылық  сұрақ қойылды:

 - Сіз  өлеңдеріңізді орыс тілінде  жазасыз, азиат ретінде  сіздің орысша  ойлау мүмкіндігіңіз  шектеулі ғой - дегенде, өр мінезді ақын  «Жоқ, мен қазақ  болғанмен    орысша оқып, орысша білім алдым,менің  ойлау   мүмкіндігім  шектеусіз  және ешкім  де шек қоя алмайды»  деп тойтарыс берді.

 Атақты сазгер, әрі әнші Жаяу Мұса Байжанұлының  немересі 1936жылы Баянауылда  дүниеге келгенде әкесі Омар ұлының есімін жетінші атасы, Абылайханның атты   әскерінің оң қанатын басқарған Олжабай батырға ұқсатып Олжас деп қойды. Жоңғарларға   қарсы ірі шайқас алдында өз әскері алдында Олжабай батыр улы жыланның басын  тісімен  жұлып алып  түкіріп тастап, қан болған  аузын сүртіп: «Ертең  біз осылайша  айдаһардың басын жұлып аламыз» деп әскерін  жігерлендіреді. Айдаһар жоңғар  әскерінің   байрағындағы таңбасы еді.

1958жылы ҚазМУ-дің геология  факультетін   бітірген  болашақ ақын  Москвадағы М.Горький  атындағы  әдеби институтқа  оқуға түседі. 1961 жылы Ю.Гагарин  Байқоңырдан  космосқа  ұшқанда  үлкен әсермен  «Адамға   табын жер енді» атты атақты  поэмасын   жазып, есімі  бір күнде бүкіл  әлемге белгілі болып, Бүкілодақтық және Қазақстан Ленин комсомолы  сыйлығының  лауреаты  атанды. Институтта  оқып жүргенде  ұстазы, профессор   В.М.Сидельников  курс  жұмысы ретінде   Олжасқа   «Игорь  полкі туралы жырдағы  түркі сөздері»  деген тақырыпты  жазуға  тапсырады. Олжастың   бұл іске   берілгендігі  соншалық курс  жұмысы   диплом жұмысына айналды. Ақыры 15 жыл бойы терең зерттей келе  1975 жылы Алматыда орыс тілінде «АЗиЯ» кітабын  шығарды. Кітапта  орыс халқының  жазба әдебиетінің   бастауы болып табылатын  «Игорь полкі туралы  жырдағы» сөздердің басым көпшілігі  Күлтегін жазба  ескерткішіндегі   түркі  сөздері екендігін дәлелдейді.                                                                                                                                         Кітапты  оқып шыққан  Ш.Айтматов,К.Симонов, А.Межелайтис,Р.Рождественский  хабарласып, жоғары бағалайды. Константин Симонов  алда айқас  болатынын  ескертіп, қолдауға уәде беріп хат жазды.                                                                                                  Орыстың көрнекті ақыны  К.Симоновтың  айтқаны келді,  тарихшы  А.Кузьминнің   «АЗиЯ» кітабын сынаған  рецензиясы «Молодая гвардия»  журналында  «Шеңбер  ішіндегі ошаған»  деген атпен шықты. Тарихшылар  П.Дмитрев пен  О.Творгов «О.Сүлейменов түсінігіндегі Игорь  полкі туралы жыр» академик  Д.С.Лихачевтың « Игорь полкі туралы жырдың  көмескі  тұстары» деген рецензиялары  жарық көрді.                О.Сүлейменов Москваға  КОКП  Орталық  Комитетіне  шақырылды. Ондағылар «Біз  қазақ  халқын білеміз.Момын адамдар, бәрі де  момын  болған.Сен неге ондай емессің?»- дегенде, өр  мінезді  ақын «халық   сөзін ғана бір ғана  анықтаумен  теңеуге болмайды. Бұл Маркстің  көзқарасы емес» деп  ондағылардың  зығырын  қайнатты.

1976жылдың  13 ақпанында  КСРО Ғылым  Академиясында «АЗиЯ» кітабы талқыланды. Талқылау түскі үзілісіз таңғы 9-дан кешікі 9-ға дейін созылды. Академик Б.А.Рыбаков   алғашқы  сөзін «Алматыда орыс халқына  қарсы әрі қауіпті кітап жарық көрді»- деп, басқаларға қаралай  сөйлеуге  жол  салып берді. Бұдан кейін кітапты КОКП  Орталық  Комитетінің ғылым, мәдениет, үгіт  және насихат  үш бөлімі талқыға салып, кейін,  Орталық  Комитеттің тиісті  Қаулысын  шығарды. «АЗиЯ» кітабы туралы  қорытынды  сөз XXV партия сьезінде   Л.И.Брежнев баяндамасына енгізілмекші  болды. Бұл деген Олжастың тағдырына  нүкте қойылды деген сөз еді.

 «Өзгеше  ойлайтын адам»  ретінде  жындыханаға  күштеп жатқызу  не болмаса  КСРО азаматтығынан айырып шетелге  кету жолы тұрды. Олжас Сүлейменовтің Қазақстан  басшысы  Д.Қонаевқа  жазған  «Ашық хатында»:  Қымбатты  Дінмұхаммед  Ахметұлы  «АЗиЯ» кітабының  шығуына байланысты  жағдайға орай, маған  да, жарыққа  шығаруға   қатысқан  жолдастарға да төнген қауіп-қатер коммунист  және Кеңес  жазушысы ретінде,  Сізге  Ашық хат жазуға  мәжбүр етті» -дей келе, шиеленісе   түскен  жағдайға байланысты  араша түсуді  өтінеді. КСРО басшысы Л.И.Брежневпен   жақсы қарым-қатынаста болған Қазақстан басшысы,Саяси Бюро мүшесі, үш мәрте  Социалистік   Еңбек Ері  академик Д.А.Қонаев ақын тағдырына араласып, Олжасты  басына түскен қауіп-қатерден  аман алып қалды.

Тәуелсіздік алған соң «АЗиЯ» кітабы  1992 жылы қазақ  тілінде  жарық көрді. Қазіргі көзқараспен   қарағанда  «АЗиЯ» кітабы ешқандай  да орыс  халқына қарсы кітап  емес,  керісінше орыс ғылымына қосқан үлкен еңбек еді. Ал,  академиктер  Б.Рыбаков пен  Д.Лихачев  бастаған   орыс зиялы  қауымы осындай   күрделі терең зерттелген  монографиялық  еңбекті  жас қазақ ақыны жазғанын көре алмаушылықтан туған қызғаншақтық және іштарлық еді.

 Осыдан соң Олжас шығармаларын сегіз жыл бойы ешқандай басылым басып басып шығаруға батылы бармады, тек Л.И.Брежнев қайтыс болып, билік басына өзі де өлең жазатын Ю.В.Андропов келген соң ғана ақынға деген биліктің көзқарасы өзгергенмен, Олжас ақын өлең жазуды қойып кетті де біріңғай ғылымға ден қойды.

                                                                                                             Бақытжан Түменбай,

                                                                                                             тарихшы.

ҚОҒАМ 25 сәуір 2020 г. 6 446 0