« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Кейбір дерек бойынша бүгінгі таңда бүкіл жер жүзі халқының үштен бірі немесе 2,6 млрд адам карантинде. Алайда, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Covid-19 індетінің таралуын тоқтату үшін көптеген елде енгізілген карантин шаралары тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішінің еселеп артуына ықпал еткенін мәлімдеді.
«Біз адамдардың үйде оқшаулануы коронавирусты жеңу үшін қажет екенін білеміз. Бірақ мұның теріс ықпалынан әйелдер серігінің қатыгездігіне душар болады. Соңғы аптада экономикалық және әлеуметтік қысым мен қорқыныштың күшеюіне байланысты біз отбасындағы зорлық-зомбылықтың жаһан бойынша бұрқ еткенін байқап отырмыз. Кейбір елдерде қолдау көрсету қызметтеріне жүгінген әйелдер саны екі есе артты. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелердің қызметкерлері жұмысқа артығымен жұмылдырылғандықтан, кейде қажетті шаралар қабылдай алмайды», – деді Антониу Гутерриш.
Осылай деген БҰҰ Бас хатшысы барлық елдердің үкіметінен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және осындай әлімжеттіктің нәтижесінде келтірілген залалды өтеу туралы ережені негізгі бөліктерінің бірі ретінде коронавируспен күресудің ұлттық жоспарларына енгізуге шақырды. БҰҰ басшысының бұл сөзін қазақстандық мамандар да растап отыр. Олардың айтуынша, карантин енгізілген уақыттан бері үй ішінде моральдық және физикалық қорлыққа ұшырап хабарласқан әйелдер саны 2-3 есеге артқан. Осы орайда өңірдегі ахуалды білу мақсатында біз қалада орналасқан «Қамқорлық» дағдарыс орталығына хабарласқан едік. Орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов бізге мән-жайды баяндап берді.
– Бүгінде қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселеге айналып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдай кезеңінде болып жатқан оқиғалар, яғни, жұмысты тоқтату, жүріп-тұруға шектеу қою және өзге де карантиндік шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ықтимал құрбандарының жағдайын қиындатады. Мысалы, Францияда карантиндік шараларды енгізумен, полицияның араласуын талап ететін тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының саны 36%-ке артқан. Бұл жағдай біздің елімізде де байқалуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен біздің өңірімізде де тұрғындар тарапынан зорлық-зомбылық сипатындағы шағымдардың көбеюі байқалып отыр, – деді ол.
Карантин енгізілгенге дейін өңірдегі «Қамқорлық» дағдарыс орталығының сенім телефонына зорлық-зомбылық туралы аптасына шамамен 5 қоңырау түсетін болса, 15 наурыздан бастап олардың саны 2 есеге өскен. Көмекке жүгінушілердің басым бөлігі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер.
– Карантин жағдайында барлық адамға үйінен шықпай, отбасында болу міндеттелді. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмектер көрсетілуде. Көбі осы жәрдемақыларды алып жатыр, ала алмағандар да бар. Азық-түлікке жұмсаудың орнына кейбір отбасында күйеулері көңіл көтергісі келіп, спирттік ішімдік ішеді. Оның арты түсініспеушілікке ұласып, кикілжің туады. Тіпті ер адамдар әйелдеріне күш көрсетіп, арты зорлық көрсетумен тынады. Осындай жағдайда әйелдер бізге қоңырау шалып, көмек сұрайды. Бір тәуліктің өзінде бізге үш отбасы хабарласты. Үш отбасында 15 адам бар. Бір әйелдің бес баласы бар. Бір аптадан бері зорлық көріп келеді. Бес баласымен туғанына да сыймайтыны белгілі. Оның үстіне мына жағдайда пәтер жалдауға, туыстарының үйіне баруға мүмкіндік жоқ. Осындай қиын сәттерде біз көмек сұраған тұрғындарға барынша қолұшын созуға тырысып жатырмыз, – дейді директор.
Жалпы, «Қамқорлық» дағдарыс орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Мұнда келушілерге психологиялық, медициналық, құқықтық, тұрмыстық, еңбек, экономикалық, мәдени және педагогикалық, яғни, сегіз бағытта қызмет көрсетіледі. Келушілер алты айға дейін қызмет алады. Мұнда келген балалар мектеппен, балабақшамен қамтылады. Осы жылдың І тоқсанында 104 адамға (бұл көрсеткіш 2019 жылдың І тоқсанында 31 адамды құраған) қызмет көрсеткен.
– Төтенше жағдай кезеңінде жұмыс карантиндік режимге уақытша ауыстырылды. Бүгінде мұнда 16 отбасының 46 адамы қызмет алуда. Карантин енгізілгеннен бері 50-ге жуық қоңырау түсіп, оның ішінде қауіптілігі жоғары 5 отбасы (12 адам) қабылданды. Алайда, жүгінушілерді қабылдауға мүмкіндік жоқ, небәрі 40 орынға арналған. Осы орайда төсек орнын қосымша 20-ға ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді орталық директоры.
Айта кетейік, «Қамқорлық» дағдарыс орталығы облыс тұрғындарына «Зорлық-зомбылықсыз карантин!» үндеуін жолдайды. Осылайша сырбойылықтарды ашуды сабырға, ренішті мейірімге жеңдіріп, шаңырақтарын шаттыққа толтыруға шақырады. Ал егер, отбасындағы кикілжің жанжалға, жанжал дөрекілік немесе қол жұмсау сияқты өміріңізге, денсаулығыңызға қауіп төндіретін күнделікті құбылысқа айналып, ушығатын болса, 8 /7242/302540, 87773408734 байланыс телефондарына хабарласуды ескертеді.
«Отбасы – шағын мемлекет» дейміз, ендеше әр мемлекетте тек бейбітшілік, ынтымақ пен бірлік салтанат құрғанға не жетсін! Қазіргідей сындарлы уақытта бір-бірімізге қамқорлық танытып, қолдау көрсету арқылы шаңырағымыздың шаттыққа бөленуіне бәріміз бірге атсалысайық, ағайын!
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |