
«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дейді халқымыз. Басынан өткесін, көзімен көргесін айтқан. Небір нәубетпен бетпе-бет келген қазақ едік. Соның бәрінде бір үйден өргендей, бір киім кигендей бірлікпен жеңгенбіз. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық» деген нақыл – сол кезден қалған ұран.
Бүгін де еліміз барша әлем жұртымен бірге қиын сынақты басынан өткеріп отыр. Осы қиындықта ел мүддесін арқалап еңкейіп, қара терін үгіп жүрген азаматтардың алдыңғы қатарынан дәрігерлер көрінді. Олар дәл осы кезеңде «ақ желеңді абзал жандар» деп халық берген ат пен мақтауын тағы бір ақтады.
Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары ел-жұрт дәрігерлерге алғыстан басқа айтпайтын, оларды құтқарушысындай көретін. Кешегі 90-шы жылдар тұсынан бастап көпшіліктің дәрігерлерге деген сенімі азайып, теріс көзқарас пайда болғаны жасырын емес. Оның көптеген факторлары бар. Мысалы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен денсаулық сақтау саласы екі бөлініп тасталды. Бұлардың бірі – індеттің ошағын анықтап, екіншісі емін жүргізетін егіз сала. Бұрын бас эпидемиолог деген болатын, бүгін ол да жоқ.
Айтып отырған алпысыншы жылдары – Сібір язвасы, холера, безгек, оба деген жұқпалы аурулар асқынып тұрды. Міне, сол қауіптің белортасында басын бәйгеге тігіп жүрген дәрігерлер болатын. Соның бәрі ұмытылғанда дәрігерді дәлдүрішке айналдырып, тіпті олардың қызметін әр жерде суретке, бейнежазбаға түсіріп, іс-әрекетінен ілік іздеушілердің көбейіп кеткенін көріп, жүрек сыздады. Енді, міне, астамшылыққа берілген сол адамдар дәрменсіз күйге түскен шақта дәрігерді мойындап, оның жанқиярлық еңбегінің құрметке лайық екенін түсінді.
Дәрігердің атқаратын міндетін өзі жанып жатса да, жан-жағына жарығын түсіретін шамға теңеуге болады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі деректерге ден қойсақ, дәрігерлер оқ пен оттың ішінде тұншыққан ауыр жаралылардың 72 процентін қайта сапқа қосқан. Сол әкелеріміз бейбіт күнге жетіп, ұрпақ таратып, ұзақ өмір жасады. Кеңес Одағының маршалы Иван Баграмян кезінде: «Дәрігерлердің майдан даласындағы образы гуманитарлық ерліктің шыңы болды» деген екен.
Кеше осы індет есіктен енгенде тұмау-сымау ғой деп, кеңқолтықтыққа салынып, қыз ұзатып, келін түсіріп жүре бергеніміз шын. «Майдасыз ірі болмайды, бірінсіз бірі болмайды» дегендей, тымау-сымау дегеніміздің соңы қандай салдарға әкеліп тірегенін көріп отырмыз. Қазір біздің облысымыз індеттің таралуы жөнінен халқының санына шағып есептегенде республика бойынша 2-ші орынға шықты.
Құрметті Сыр елі, әрнәрсеге абай болайық, дәрігерлердің айтқан талабына ден қояйық. Дәрігер қашан да халықтың қасында. Оны тарихтың өзі көрсетіп келе жатыр. Дәрігерлер бүгін де ел-жұртымен бірге, олардың саулығы мен амандығы үшін қызығын тәрк етіп, жігерін сарп етіп жұмыс үстінде жүр.
Сөз басында айтқанымдай, бәлекетті бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып жеңейік!
Асылбек ТОҒЫЗБАЕВ,
ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі,
«Құрмет» орденінің иегері.