Қызылорданың қияры

Қала іргесіндегі Ж.Махамбетов ауылындағы жылыжай алғашқы өнімін бере бастады. Екі гектар аумақты алып жатқан нысан өткен жылдың аяғында іске қосылған. Кешен күніне 10 тонна өнім беруге қауқарлы. Бүгінде жиналған қияр көршілес елді мекендер мен Қызылорда қаласына жеткізілуде.

– Алғашқы өнім болған соң әзірге бір күнде 4-5 тонна жинап жатырмыз. Алда межелі көрсеткішке жетеміз. Тапсы­рыс көп. Таза әрі табиғи өнім облыс орта­­лы­ғына да тасымалдануда. Халық азық-түліктен қысылмау керек, – дейді «Қаз­АгроМир» ЖШС директоры Ғани Алматов.

Жылыжай басшысының айтуынша, қиярды көтерме бағада алатындарға келісі 250 теңгеден беріледі. Ал ауылдарға, елді мекен халқына 300 теңгеден сатылуда. Тапсырыс жеткілікті. Күнделікті жиналған өнімдер сол күні-ақ, иесін табады. Ал мұндағы жұмысшылардың барлығы дерлік осы ауылдың азаматтары.

– «Елде болса, ерінге тиеді» деуші ме еді?! Ауылдағы жылыжай өнім берді деп тұтас халық қуанып жатыр. Жерге дән септі, қырық күнде қияр жеп отырмыз. Түркістан, Сарыағаштан тасымай-ақ, өзімізден шығаруға болатынын дәлелдеді жігіттер. Ауылдың 30-дан астам адамын жұмыспен қамтып отыр. Соны технологияларды қолданады. Мамандарын шетелде оқытып келді. Негізі ауылда осындай нысандар көптеп ашылғаны жақсы. Ол көп мәселені шешеді, – дейді ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев.

Ақсуат ауылдық округінде 8500-дей адам тұрады. Ал жақын маңда 3-4 елді мекен бар десек, олардың әрбірінде кемінде 2 мың жан бар. Оған Қызылорда қаласын қосыңыз. Жылыжай осы халықты қиярмен қамтамасыз етуде тіпті тапсырысқа үлгермей жатқан көрінеді. Бағасы – арзан, сапасы – жоғары.

Мемлекет қолдауымен ашылған жылыжайда өнімді өсіру процесі автомат­тан­дырылған. Толық іске қосылған кешен бір жылда 1 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 16 сәуір 2020 г. 791 0