Сабын қайната аласыз ба?

Еңбек етіп, табысқа жетіп жатқан жастар қатары күн санап артып келеді. Мемлекет те оларға қолдау көрсетуде. Бірінің ісін дамытуға мүмкіндік берсе, бірінің жобасын құп­тайды. Сондай жастардың бірі Жаңақорған ауданында тұрады. Ол – Айдана Қаниева. Негізгі мамандығы – психолог. Қосымша табыс табу үшін өз кәсібін бастағанына бір жылдан асты. Оның қолға алған ісі де ерекше. Кәдімгі күнделікті  қолданыстағы сусабын жасап, оған түрлі пішін береді. Еңбеккеш қызды кездейсоқ кездестіріп, кәсібі жайында білген едік. 

Айданаға бұл ой әлеу­меттік желіден көрген бей­нежазбадан  туындапты. Бей­не­сабақтарға қатысып, біраз тәжірибе жинайды. Өз бетімен ізденіп, күнделікті қолданып жүрген сабын құрамын зерттеп шығады. Ақыры уақытын тиімді пайдаланып әрі табыс табу үшін сабын жасауға бел буады. 

Бір жағынан қызық әрі сирек кәсіп. Көп ойланбастан керекті құралдарын Алма­ты­дан алдырады. Үйінің бір бөлмесін шағын жұмыс ор­нына айналдырып, ісін бастап кетеді. Алғашқы тап­сы­рыс­тарын жүрексіне жасаған. Қазір кәдімгі маман секілді машықтанған. Сусабын құ­рамы да ерекше таңдалады. Түрлі емдік шөптермен қатар хош иісі бар. Біз де пайдаланып көрдік. Кәдімгі сабыннан айыр­машылығы жоқ, бірақ, денсаулыққа пайдалы әрі табиғи өнім. 

Қазір Айдананың тап­сырысы артқан. Әсіресе, түрлі мереке қарсаңында қолы босамайды. Тұтыну­шы­­­ла­рының көңілінен шығу үшін бар күш-жігерін жұм­сайды. Көпшілігі бесік той, тұсаукесер, туған күн кеш­тері мен сүндет тойларға ар­найы тапсырыс береді екен. Сонымен бірге өзі секілді ынталыларға курс өткізеді. 

– Бүгінде бір табысқа қарап отыру мүмкін емес, сондықтан еңбек етемін дегенге мүмкіндік жетерлік. Әсіресе, жастарға ерекше қолдаулар бар. Алдағы уақытта ісім өрге басса, жоспарым көп. Кәсіпкерлік бағытта білімімді жетілдіріп, мемлекеттен жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант жеңіп алуды көздеп отырмын. Сонда кәсібім кеңейеді деп ойлаймын, – дейді ол. 

Айдана алдағы уақытта шаш және бет күтіміне арналған сусабынның ерекше түрлерін жасауға бет бұрмақ. Бастысы, бастамасы жемісін берді.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 11 сәуір 2020 г. 604 0