АЛПАМЫС МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

Тамыз айы қашанда қарбаласқа толы кезең екені әмбеге аян. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңындағы мектеп оқушыларының дайындығы өз алдына бір төбе. Әр бала алтын ұя мектебіне жаңа да жарасымды киіммен, әдемі де көз тартарлық сумкамен барғысы келеді. Базардағылардың қолы жүретін кезеңі де осы тұс. Олар көпшілікке көрген көзді жаулайтын небір әсем киімдерді ұсынады, бірінен-бірі өткен әр киімнің бағасы да бас айналдырады. Мәселен, бастауыш сыныпқа баратын баланың бір киер киімдерінің өзіне ғана төменгі бағамен есептегенде 30-35 мың теңге кетеді екен. Ақ көйлектің өзі 1800-2000 теңге, туфли 3000, костюм-шалбар 5-6 мың, қыздардың юбка-кофтасы 6-6,5 мың, спорттық киім 4,5-5 мың, кроссовки 3-4 мың теңге тұратынын ескерсек, арғы жағы өз өзінен белгілі. Әрине, әр қазақ отбасында мектепке баратын оқушы саны бір-екі баламен шектелмейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде мектепке бір отбасының өзінен кемінде 4-5 бала баратыны анық. Сондай отбасына бір киер киім үшін қанша қаражат керегін есептей беріңіз.

Базарлардағы, арнайы дүкендердегі, жайма­лар­дағы киім түрі де сан алуан. Олар сапасы жағынан сан түрлі болып бөлінеді. Ресейден, өзге шетелдерден келген тауарлар өз алдына, түрік, қытай, өзбек, қырғыз өнімдері өзінше бағаланады. Арасында елімізде дайындалған отандық өнімдер де кездеседі, бірақ көп емес. Сан тараптан келген мектеп формаларының ба­ға­лары да сан түрлі, бірі сәл арзанырақ, екіншісі қымбат. Арзанның құны татымайтынын біле тұра соны тұтынуға ұмтылатынымыз айдан анық. Өйткені, қымбатын қалта көтермейді әрі мектеп жасындағы бала саны да баршылық.

 

Тағы бір айта кетер мәселе, бірыңғай мектеп формасы әр білім ошағында әр түрлі. Бірі қара костюм-шалбар, ақ фартук пен форма көйлек кидірсе, екінші бір мектеп сұр түсті қалайды. Тағы бірінде қыздар үшін бір түсті юбка-кофта, ұлдар үшін ашық түсті киім ұсынылады. Яғни, аймақтағы білім ордалары сырт келбеттерімен өзіндік ерекшеліктерін білдіргісі келеді. Содан да болар кейбір мектептер өз формаларын жыл сайын өзгертуге құмар. Алғашында ұл-қыздары бірдей қанық көк түстен бірыңғай үлгідегі киім киген білім ошағы соңғы жылдары қоңыр түске көшіпті. Баласы сол мектепте оқитын ата-ананың былтырғы форманың биыл сақталып қаларына сенімі шамалы. Сондықтан өңірдегі білім ордаларына бірыңғай форма ұсынылғаны жөн болар еді.

 

Жаңа оқу жылы жақындап келеді, әр отбасында оған қызу дайындық жүргізілуде. Әр оқушыға бір киер киіммен қатар пән кітаптары, оны салатын сәнді сумка, дәптер-қалам, сурет дәптер мен түрлі оқу құралдары қоса алынатыны анық. Олардың бағасы да аспандап тұр. Мәселен, он екі парақтық бір дәптердің құны – 11 теңге, сурет дәптері – 130-300, қалың дәптерлер – 200-250, фломастер 600 теңгеге бағаланыпты. Әрине, оқу құралдары мұнымен шектелмейді. Соңғы кезде оқушы сөмкесінің ауырлап бара жатқаны да жиі айтылады.

 

Қалай болған күнде де бауыр еті баласының назары пәс, қатарынан кем болмауын ойлаған ата-ана оның тілегін орындауға құлықты. Тек зерделі бала соны жанымен ұғынып, өзіне жақын жандардың үмітін ақтаса игі.

 

Әр үйдің Алпамысы мен Алтынайы мектепке барады.

 

Бұл орайда "Мектепке жол” акциясы тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып, бірде-бір білім ұясы назардан тыс қалмауы керек.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

ҚОҒАМ 21 тамыз 2014 г. 1 392 0