АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТҚАН «ОТАУ ТВ»

Шалғайдағы елді мекендерді түрлі жедел ақпаратпен қамтамасыз етуде «Отау ТВ» жерсеріктестік телевизиясының алар орны ерекше. Аналогты эфирлік хабарлар көру арқылы екі телеарнадан артық каналдарды көре алмайтын тұрғындар бүгінде аталмыш желі негізінде 45 қазақстандық телеарна мен радиоға қосылуға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте өңірдегі Ұлттық жерсеріктік телевизияның қызметі, оның басты ерекшелігі турасында «Қазтелерадио» АҚ Қызылорда ОРТД директорының орынбасары Өркен Абилаевпен сұхбаттасқан едік.

Өркен Қарасайұлы, «Отау ТВ» ұлттық сандық телехабар тарату жүйесінің басты ерекшелігі қандай?

 

– Жерсеріктік телевизияның негізгі мақсаты – еліміздің барлық тұрғындарын отандық телеарналармен қамтамасыз ету екені белгілі. Бұл ең алдымен мемлекеттік телеарналарға кабельдік немесе басқа да желі арқылы қосылуға мүмкіндігі жоқ шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары үшін тиімді болмақ. Ал, басты ерекшелігіне келер болсақ, біріншіден, сигнал жерсеріктен тікелей қабылданады. Осы орайда, «Отау ТВ-ның» сигналы елімізді 100 пайызға қамтитынын айта кеткен жөн. Екіншіден, қазақстандық 38 телеарна мен 7 радиодан тұратын аталмыш жүйеде тегін базалық топтама бар. Егер абонент шетелдік арналарды көргісі келсе, онда қолжетімді баға бойынша ақылы топтамаға қосылуға болады. Сондай-ақ, бейне мен дыбыстың цифрлық сападағы 15 арнасына қазақ, орыс, ағылшын тілінде аударма жасалынады. Абоненттің қалауынша тілді таңдауға мүмкіндігі бар.

 

Жүйеге қосылу құны қандай, тұрғындар үшін қолжетімді ме?

 

– Жалпы, қазіргі сәтте бұл жүйенің қабылдағыштарын «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ мен «Митио Электроникс» зауыты жүзеге асырады. Жабдықты іске асыру мен оны құрастыру жұмыстары зауыттардың автор­ластырылған диллері мен Қазтелерадио­­ның еншісінде. Сондықтан жабдықты қоса алғандағы орташа қосу құны 27000-28000 теңгені құрайды. Бұл қолжетімді баға деп ойлаймын. 2011 жылы «Кателко Плюс» брэндінің қызметі ұсынылды. Сол уақыттарда қосылу бағасы 60000-80000 теңгеге жеткен. Онда тегін арналар топтамасы болмағандықтан, арналардың толық топтамасы 5000 теңгені құрады. Қазір 2000 теңгеден болып отыр. Сонымен қатар, өткен жылы акция болып, жүйеге қосылу жарты бағамен жүрді. Бүгінде облыс бойынша 35961 адам осы жүйеге қосылды.

 

Ұлттық жерсеріктік телевизияны қалай орнатуға болады?

 

– Өңірімізде «Отау ТВ-ға» қосу үшін арнайы дилерлік желі қызмет атқарады. Қосылғысы келген абонент Қызылорда қаласы, М.Дүйсенов көшесі, №69 үй (тел: 8 (7242) 254567) мекенжайы бойынша хабарласып, орталық сату бөліміне өтініш білдіреді. Өтінішті онлайн режимінде www.otautv.kz веб-порталына жіберуге де болады. Өтінім қабылданғаннан кейін орындалуын біз бақылауда ұстаймыз.

 

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

 

– Биыл «Қазтелерадио» АҚ-ның негіз­гі жос­пары жыл соңына дейін жүйеге қо­сы­лушылар көрсеткішін 750 000 або­нент­ке жеткізу. Оның ішінде 44000 үй шаруашылығын қосу біздің филиалға жүк­телді. Сондықтан, отандық ақпараттың қол­жетімдігін қамтамасыз ету, қала және ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету біздің міндетіміз болғандықтан, өзімізге берілген тапсырманы толық орындауға бар күшімізді саламыз. Бұл ретте тәжірибемізге, кәсіби мамандарға артылар сенім мол болмақ.

 

Сұхбатыңызға рахмет.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 21 тамыз 2014 г. 1 457 0