Қауын мен қарбыз көше саудасын қыздырып тұр

Қауын мен қарбыз көше саудасын қыздырып тұрКүзге салым ел-жұрт жерден өнген ел-сел өнімнен ауыз тиеді. Әсіресе, диқандар қауымы мәпелеп өсірген бақша дақылдарының орны бөлек. Сары ала жапырақты мезгілде таңдайыңа татырлық қауын мен қарбызды сүйсіне жемейтін адам жоқ шығар, сірә. Жылдың осы бір шағын берекенің бастауы деп бағалаймыз. Диқандар қауымы осылайша қалың елге өз тарту-таралғысын ұсынады. Осы бір кезең лезде аяқталып қалады. Себебі, дақылдарды сақтайтын қоймалар жоқтың қасы. Аталған дақылдан өнім шығару ісі де өз деңгейіне жете алмай отыр.

 

Көпшілік 90-жылдарға дейінгі көріністі әлі де жадынан жоғалта қойған жоқ. Ол шақта алқаптарда егілген дақылдарды өңдеу мәселесі де дұрыс жолға қойылған еді. Бұл мақсатта арнайы кәсіпорындар болды. Кешегі жекешелендіру жылдарындағы келеңсіздік салдарынан олардың барлығы дерлік жұмысын тоқтатты. Бүгінгі таңда соның зардабын тартып отырған жайымыз бар.

 

Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Әлі де сондай деңгейден төмен түсе қойған жоқ. Дария бойындағы диқандар жылма-жыл 10 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егеді. Олардың арасында қауынның қара күләбі, әміре, әңгелек, қаласиан деген сорттары бар. Қарбыздың да бірнеше түрі кездеседі. Алайда, егіс егуді ертеден кәсіп еткен кісілердің айтуынша, баяғыдай молынан жинайтын өнім жоқ. Себебі, көп жыл бойы бұл мәселеге ешкім көңіл бөлмеген. Соңғы жылдары қауынның «Сырдария» және «Дәмелі» сорттары шыққанымен, олар тек тәжірибелік негізде жүзеге асып келеді. Сондықтан әзірге олар жайында толық қорытынды жасау қиынырақ.

 

Сондықтан қазіргі күні жаңа сорттарды шығарудың маңызы артып тұр. Өйткені, жаңа сорттар жердің ыңғайына қарай өнім береді. Қазір Сыр бойындағы алқаптың құнарлылығы бұрынғыдай емес. Өңірде тұзды жерлер көлемі көбейіп барады. Бау-бақша егетін алқаптар тарыла түскен. Сортаң жерге қауын-қарбыз шыға қоймайды. Қауын базалары қайда?

 

Кезінде қауын базасы әрбір ауданда болатын. Өнімдер сонда жиналатын. Қазір ондай көрініс мүлдем жоқ. Барлығының базары тарқап кеткен. Диқандар өнімін қайда алып барарын білмейді. Тіпті өнімін босқа шірітіп алып жатқан жандар да баршылық. Басқа қандай амалы бар енді? Кейде жинаған өнімін алқап басынан болмашы ақшаға сатады. Оны алыпсатар тиімді пайдаланып қалатыны да жасырын емес. Есесіне ала жаздай тер төккен еңбекшілер зиян шегіп жатады. Мұндай жағдайдың орын алып отырғанына қаншама жылдың жүзі болды. Өкініштісі, баяғы тіршілікті қайтадан жандандыруға ешкім мән берер емес. Айта кетерлігі, қауын базаларының барлығы дерлік жекенің қолына өтіп кеткен деуге негіз бар. Олар өз қызметіне қаншама ақша сұрайды. Сондықтан диқандар қауымы ондай орындарды пайдалана алмайды.

 

Расында, біз өзіміздегі өнімдерді өткізе алмай жүрміз. 90-жылдарда осындай базалар арқылы ауылшаруашылық өнімдер Ресей, Украина және басқа да елдерге жіберілетін. Қазір диқандар жинаған өнімін облыс аумағынан сыртқа шығаруға қол қысқа екенін айтады. Сондай-ақ бұл өнімдерді өңдеу мәселесі де назардан тыс қалып келеді. Осының салдарынан түрлі тосын оқиғаларға тап болатын жағдайлар да кездеседі. Оңтүстікте өсірілген қауын-қарбызға солтүстік аймақтарда сұраныс артып отыр. Дегенмен, ол жақтағыларға жеткізу біраз қиындық алып келеді.Жылда мол өнім жиналады. Өкінішке қарай, оларды өткізуде проблема көп. Сондықтан бұл бағытта тиісті жұмыстар жасалса дейміз. Елдегі еңбекшілер сол арқылы табыс табады. Сол себепті оның сорттары мен өткізу мәселесіне нақты жоспар жасалғаны артық емес. Әзірге бізде осындай істер жетіспей жүр.

 

Әділжан ҮМБЕТ.

ҚОҒАМ 21 тамыз 2014 г. 2 039 0