ЖАСТАРҒА ЖАУАПКЕРШIЛIК АРТАТЫН БАҒДАРЛАМА

Елбасымыздың Жолдауына байла­нысты жастарды қолдау, еңбекке тарту барысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы енгізілгені белгілі. Осы құжат арқылы өз қатарларымның қа­зақтың қарашаңырағы – ауылға келіп, еңбек етуіне, ертеңге деген сенімінің молайғандығына қуанамын.

Жастарды ауылға тұрақтандыру бағдарламасына сәйкес 6 сала бойынша жастар ауылда жұ­мыс істеп жүр. Елді мекендерге тұ­рақты жұмысқа орналасқан мамандарға мемлекет тарапынан жетпіс еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін алты жүз отыз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуеттік қол­дау шаралары қарастырылғандығы қам­қорлық аясы­ның кеңдігін білдірсе керек.

Бағдарламаға өзге елді мекендер­ден келген, қалалық жердегі жас­тар мен білім беру, денсаулық сақ­тау, әлеуметтік қамсыздандыру, мә­де­ниет, спорт және ветеринария ма­ман­дықтары бойынша жоғары және орта білімді мамандар қатыса алады. Мамандарға көп жеңілдіктер қа­рас­тырылған. Мәселен, тұрғын үй сатып алуға он бес жылға бюджеттік кредит беріледі әрі 0,01 пайыз мөлшерде кре­дит бойынша сыйақы ставка беріледі.

Биылғы жылғы мәліметтерге сүй­ен­­сек, бағдарлама бойынша жұмысқа тұ­руға келген мамандарға 9983,0 мың теңге, қаржылық операциялық қызметке 13981,0 мың теңге бөлінген екен. Қара­жатты игеру мерзімдері мекеменің қаржы­ландыру жоспары бойынша наурыз, сәуір айларына жоспарланғанына сәйкес 129640 тең­ге­ден наурыз, сәуір айларында 77 маманға барлығы 9 млн. 982 мың 280 теңге көтерме жәрдемақы төленіпті.

Сонымен қатар, ауылдық елді ме­кен­дерге келген әлеуметтік саладағы мамандарға қолдау жүргізу барысында 56 жасқа 2778000 теңгеден берілді.

– Көбіне білім беру, денсаулық сақтау саласына мамандар көп келеді. Әр келген маман келісім-шартқа қол қояды. Келісім-шарт бойынша мамандар 5 жыл көлемінде жұмыс жасап, үш ай сайын анықтама беріп отыруы керек. Бірақ соған қарамастан, 1-2 ай болмай жұмыстарын тастап, басқа облыс, қалаларға қоныс аударып кететіндер де бар, – дейді ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Оразкүл Әбдіқадырова.

Бағдарлама бойынша жеңілдікті пай­да­лануға келген үміткерлермен де, мамандармен пікірлестік.

– «Мен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша №47 Ломо­носов атындағы мектепке орналастым, қазір география пәнінен сабақ беремін. Бұл бағдарламаның арқасында үй алдым, 952мың теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Негізінде, 2009 жылы келісім-шартқа 5 жылға тұр­ған болатынмын. Бі­рақ, келісім-шартқа толық мән бер­меуімнен 1-ақ жыл жұмыс істедім, со­ңында алған шығынымды қайта өтедім. Жалпы бұл бағдарлама көптеген арман-мақ­саттарды орындауға, белгілі бір іс­ті бастауға ынталандырады. Бұл мем­лекеттің жастарға қолдау көрсетуі деп түсінемін, – дейді Әйгерім Ома­рова.

Бағдарлама бойынша келген жас маман Ләйла Ергешова жұмысты ен­ді бастамақ. Ол ең бастысы, өзі­не жәрдемақы мен баспана бері­ле­тіндігіне қуанышты.

«Дипломмен – ауылға» жобасымен келген мамандардың сөзіне қарасақ, бағдарламаның тиімді жақтарының көп­ті­гін байқауға болады. Оның жауап­кершілігін түсіну, жастарға да үлкен жүк артады деп ойлаймын.

Бифат ЕЛТАЕВА.

Шиелі ауданы.


ҚОҒАМ 19 тамыз 2014 г. 2 072 0