« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кез келген елдің тәуелсіздігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын басты құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары мен міндеттері және құқықтары көрсетіледі. Конституция саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата заңымыз болып табылады. Себебі, елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заңымыз негізінде туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар тиісті заңдармен реттеледі.
"Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі ара қатынасы” – деп Фердинанд Лассаль осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге бет алған әрбір мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркіндігіміздің негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Ол – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Ол – тәуелсіздігіміздің іргетасы. Ата Заңымызды қабылдай отырып, тәуелсіздігімізді нақтылай түстік.
Осыдан он тоғыз жыл бұрын қабылданып, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Осы аралықта мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер-демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі де Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.
Иә, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын басты құжатқа енді ғана 19 жыл толып отыр. Десек те, тоқтала кетер бір жайт, еліміздің Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірінен саналса, көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Конституциясы төрткіл дүниедегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұл Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Тарихқа шегінер болсақ, тәуелсіз Қазақстанның басты қадамы Конституцияны қабылдаумен байланысты. Бұл туралы: "Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын”, – деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан жолы” кітабында.
1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылғанымен, оның мәні мен маңызына келсек, ол Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша басты төрт мәселеге жауап беріп, соған жағдай жасауы тиіс болатын. Таратып айтсақ, бірінші, мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екінші, экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшінші, жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртінші, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету.
Мемлекет басшысының аталған кітабында жазуынша, жоғарыда айтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияда толық қамтылмады. Президент осы тұңғыш Конституцияның жобасы бастан-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазған. Расында бас заңымыздың кейбір тұстары уақыт өте келе нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан екі жылдан соң 1995 жылы қазіргі Конституциямыз қабылданды. Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заңымыз осылайша екі қайтара түледі.
Жаңа Конституция қабылданар қарсаңда қызу жұмыстар жүргізілді. Президент бастамасымен құрылған сарапшылар тобы әлемнің көптеген елдерінің ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған Конституцияларын мұқият сараптаудан өткізді. Елбасының өзі тікелей ынталылық жасап, Еуропа мен Азияның, Солтүстік және Латын Америкаларының жиырмадан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап шықты. Сосын Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын өз қолымен тапсырған болатын. Сол жоба Ата заңымыздың негізін қалады. Сондықтан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты 1995 жылы қабылданған қазіргі Конституциямыздың авторы деп сеніммен айта аламыз.
Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияның "Адам және адамзат” деп аталатын бөлімі елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған. Атап айтқанда, адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәттен бастап оған тиесілі екендігі және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтіндігі айқын нақтыланған. Біз адам болып өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның қорғауында болатындығымызға сенгенде және құқықтарымызды біліп қана қоймай, оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Сонымен 19 жыл толған Конституциямыз тәуелсіз еліміздің дамуына даңғыл жол ашып, қолға алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десек болады. Алайда, Негізгі заңымыздың заман ағымына қарай өзгеріске ұшырауын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондықтан тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заңымызды құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау Қазақстанның әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс дегім келеді.
Нұрлан СЕРІКБАЕВ,
Қызылорда көлік прокуроры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |