Көп сөйлемей, дөп сөйлеуді үйренейік

Той өміріміздің құрамдас бөлігіне айналып кетті ғой. Отбасындағы қуанышты жиын жасап көппен бөліскеннің, ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-көлемнің шұрқыраса келіп дастархан басында тоқайласқанының әсте ерсілігі жоқ. «Ар ма деген әлге қуат», жақындарыңмен сағыныса көрісіп, қауышу да ғанибет. Бұл бір жағы адамға рухани демеу, жаны жаңарады, менің де тілекшілерім біраз екен ғой дегендей сенімділік пайда болады. Сонымен бірге той ағайынның ауызбірлігін, елдің ынтымағын арттырары сөзсіз. Ұзамай ұмытылып кететін тойдан соңғы аздаған реніштер де ағайынның өзара базынасы іспетті. Әрине, той жасаймын деп бей-берекет дарақылыққа ұрынудың, жұртты орынсыз әуре-сарсаңға салудың қажеті шамалы, ол туралы әңгіме бөлек.

Біздің бүгінгі айтпағымыз, той мәдениеті, тойға келушілердің тілек айтуы жөнінде. Қу тілділердің қайдан шығарғанын қайдам; «Өзбектің тойы – би жарыс, қазақтың тойы –сөз жарыс, орыстың тойы – құй жарыс» дейтініндей біздің қандастардың тойда сөйлемесе аттан құлағандай, тақтан түскендей өкпелейтіні де өтірік емес. Содан да болар асаба той иесі жазып берген сала-құлаш тізімді ежіктей оқып, ортаға 30-40 адамды бірден шақырып жатады.

«Он адамнан – біреу, жиырма адамнан – екеу сөйлесеңіздер жөн болар еді», деген ескертпесін айта отырып, оның өзі де сабынды езеді дейсіз, жаттанды сөздерді тоқталмастан сапырады келіп, үздіксіз сөйлегені соншалық үстелде қатар отыра қалған танысыңмен амандық-саулық сұрасуға да мұрша бермейтіні бар.

Жасыратыны жоқ, осы күндері жұрт тойдан демалып емес, шаршап қайтады, өйткені, сөз шектен шығардай көп. Тілек сөздің бәрі бір сарынды; аман болайық, сау болайық, бақытты болыңдардың айналасы, жаңа бір ой, жақсы мысалды кемде-кем еститін болдық. Тағы бір ерсілігі; езбе сөзді қайталайтындардың қатарында жасы үлкен кәрияларымыз, басшы қызметтер атқаратындар, халық қалаулылары т.б. жұрт сеніп жүргендеріміз де жиірек көрінеді. Тіпті кейбірі жұртты күлдіремін деп бүлдіріп те жатады. Сөзіне қарап адамның ойын тануға болады ғой, әлігіндей жадағай сөз, оралымсыз ойдан кейін осы жұрттың көпшілігі өз білімін жетілдірмейтін болғаны ма, кітап оқуды ұмыт қалдырған ба, деп амалсыз ойлайсың.

Ілгеріде, сексенінші жылдары ауылымызға қонақ болып келген белгілі қаламгер ағамызға той ортасына таяу сөз тиді. Ол кезде жазушылардың абыройы министрден артық болмаса, кем емес еді, сондықтан сирек көретін қадірлі мейманның сөзіне жұртшылық құлақ түріп, сілтідей тынды. Не айтар екен деп ынтығып отырған біреу. Жазушы ағамыз сонда былай деді, әлі есімде: «Айналайындар, өмірлеріңнің алды – даңғыл жол, арты соқпақ болсын! деп қысқа ғана қайырды. «Әй болмағанда жарты сағат сөйлейтін шығар» деп отырған көпшілік расында қоңылтаяқсып қалды. Ауылымызды мақтап, ақсақалдарымызға кезек-кезек тоқталып, совхоз директорын аспандатып, басқа да өсиеттерді үйіп-төкпеді, тілегін тек жастарға қарата ғана арнады. Сол кездері бөтенше ойлағанымызбен қаламгер ағамыз сонда өнеге көрсеткен екен-ау, деп осы күндері ойға қаламын. Қысқа да нұсқа орынды тілек айтты, қысыр сөзбен жұрттың уақытын да алмады. Қаптың аузын шешсе, арғы жағы телегей-теңіз ғой, ол кісінің. Қазіргі өткізіп жүрген тойларымыздың мәдениетін көтеру үшін, сол үрдіспен сөзді барынша азайтып, уәжінің мәні бар деген 5-6 кісіге ғана тілек-сөз беріп, оның есесіне ойын-сауық, ән-биге кезек берілсе, жамағат тойдан рухани нәр алар еді деп ойлаймын. Асабалар да өзгерсе, топырлатып жұртты ортаға шақыра бермей, тойды қызықты өткізудің жаңа жолдарын іздесе деймін. Дегенде, той болған соң қай-қайсымызға да сөз беріліп қалуы мүмкін, сондықтан әдепті де, мәнді сөйлеуге дағдыланғанымыз жөн болар. Әрине, ол үшін сөздік қорың мол болуы керек, күнделікті тұрмыстық қатынас тілімен елең еткізер ой шақыра алмайсыз. Адамға ізденіс, парасат пен пайым керек. Оның дәні әдебиет ауылында деп ұғыңыз.

Көп сөйлемей, дөп сөйлеуді үйренейік, өйткені, көш-керуен алға қарай жылжи береді, бізге артылған жауапкершілік жүгі тіптен де жеңіл емес, біз жаңа мемлекет қалыптастырып жатқан ұрпақпыз, ертең балаларымыз біздің тұрмыс-тіршілігімізге, қарым-қатынасымызға сын көзбен қарайтын уақыт келеді. Осы ұғымның әрқашан есте болғаны дұрыс.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


ҚОҒАМ 19 тамыз 2014 г. 1 105 0