Аға буынның ақылы

 

«Адамның өмірі тарам-тарам жол секілді. Тек, әр адам қилы бағыттың ішінен кемел болашағына жол ашатын даңғылды өзі таңдауы керек». Саналы ғұмырын жол құрылысы саласына арнаған, «Құрметті жолшы» медалінің иегері Әтен Қалымбетовтің қанатты сөзі бұл. 

Ол еңбек өтілін қарапайым жұмысшыдан бастаған. Білім-біліктілігімен көзге түсіп, басшылық қызметке дейін көтеріліп, 40 жылдан аса осы салада абыройлы еңбек етті. Әтен Арынұлы облыстық және өңірден өтетін республикалық автожолдардың құрылысына сүбелі үлес қосып, елмен елді жақындастыруға, жол логистикасын қалыптастыруға атсалысты. Бүгінде бейнеттің зейнетіне шықса аға буын ұмыт қалған емес. Түрлі мерекелік шараларда төрден көрініп, сый-құрметке бөленіп келеді. 

Осы орайда, Жол активтері ұлттық сапа орталығының Қызылорда облыстық филиалы ұжымы жаңа жұмыс маусымы алдында «Құрметті жолшы» атанған Әтен Қалымбетовпен кездесіп, биыл атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде тәжірибесі мол ардагер ізін басып, осы салада еңбек етіп жүрген мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тілектестігін білдірді. Жылдан жылға елімізде жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 

Соған сәйкес, асфальттің сапасын бақылайтын мамандарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мәселен, былтыр мекеме қызметкерлерімен жылжымалы зертхана арқылы облыс жолдарына 400 мәрте тексеру жүргізіліп, 120 кемшілік анықталған болатын. Оларға дер кезінде тосқауыл қойылып, сапасыз салынып жатқан жолдардың басым бөлігі қайта түзетілді.

 Бүгінде, алға қойған міндет айқын. «Жақсы жолдан, жарқын болашаққа» деген ұранды ұстанған сапа орталығының ұжымы әз наурызда аға буынның ақ батасын алып, жолдардың жайын қадағалау барысында олқылыққа жол бермеуге уәде етті.


Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

ҚОҒАМ 26 наурыз 2020 г. 639 0