Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі ұрпақ тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. 1926 жылдан бастап тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан қайта жаңғырып, Наурызды тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.
Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президенті қаулысының негізінде мемлекеттік деңгейде тойланатын дәреже иеленді. Наурыз айының 22-ші күні «Наурыз мейрамы» деп жариялады. 2009 жылдың 24 сәуірінде наурыз айының 21, 22, 23-ші күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берілді.
Ал, халықаралық білім, ғылым, мәдениет жөніндегі ұйым UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Наурыз Қазақстанда ғана тойланбайды – Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей секілді бізбен көрші елдердің бәрі де Наурыз мерекесін қарсы алады. Ауғанстан, Иран секілді алыс шет елдерде де Наурыз мерекесінің келуі тағатсыздана күтіледі.
Біздің еліміз үшін биылғы наурыз біршама қиындықтармен тұспа-тұс келді. Бұл «коронавирус» атты кеселдің таралуымен байланысты болып отыр.
Осы жайында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Сыр елі жұртшылығына Үндеу жариялады.
«...Пандемия – бір елдің тұтас аумағын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті инфекцияның таралуы болып табылады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі барлық қоғамдық шараларды тоқтату туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондықтан, республика көлемінде барлық қоғамдықсаяси маңызы бар шаралар, жиындар, конференциялар мен мерекелік шаралар тоқтатылды.
Денсаулығымыздың қауіпсіздігі үшін жеке азаматтардың да ас беру, той өткізу мен қоғамдық орындарда өтетін діни жоралғыларға да шектеу жасаған дұрыс деп санаймын.
Бұның барлығы – Сыр жұртшылығының жеке бас қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан, түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймын.
Сондай-ақ, төл Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамын отбасылық мереке ретінде атап өтуді ұсынып отырмыз. Мерекені жақын-жуықтың арасында қарсы алудың да мәні зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда, біздің облыс көлемінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар қабылданған. Күнделікті арнайы штаб жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге облыста қауіпті індетті жұқтырған азаматтар тіркелген жоқ», – деді аймақ басшысы.
Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөз бар. Сондықтан ішкі үрейге беріліп, жеке басты күйттеп, қоғамға қос қолыңмен бетіңді бүркеп қарауға болмайды. Облыс басшысы айтып өткендей, біздің, барша қызылордалықтардың, денсаулығы мен амандығын басты назарға алған шаралар атқарылып жатыр. Осы тұрғыда Наурыз мерекесін отбасылық қуанышымызға айналдырып, көшемізді тазалап, үйіміздің ауласын көктетіп, өзіміздің денсаулығымыз бен көңіл-күйімізді сергітетін сауапты істерге арнайық. Егер мұны Хақ тұрғысынан айтсақ, Жаратушының жарылқауы мен несібесін иеленейік.
Ал, енді мынау инфекцияға байланысты ел ішінде вирустан да қауіпті небір қаңқу сөздердің таралып жатқаны шындық. Жан байлығы мол, кісілігі жоғары, сабырлы мінездің егесі үп еткен желге қимылдайтын шөптің басы болмай, әр нәрсені санамен, саф көңілмен қабылдағаны ләзім.
Қазір «білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың» дейтін заман емес, жұрттың көзі ашық, ақпараттық кеңістігі кең. Алайда, дәл осы ақпараттық ашықтық деген желеуді шебер үйлестіретін желбуаздар да жүр арамызда. Әлеуметтік желідегі сөздің бәрі сүзгіден өтпеген ақпарлар екенін жұрт жақсы білсе керек. Сондықтан адамның көңілін бұзып, ой-жүйесіне салмақ түсіретін мұндай хабар-ошарларға бой алдырмаған абзал.
«Арма деген әлге қуат» дейді қазекем. Осындай сын шақта бір-бірімізді ұлттық мерекемізбен құттықтап, жылы сөз айтуымыздың өзінде қанша шипа жатқанын білсеңіз, онда сіз танықтан ұшқары, анықтан тысқары «вирус туралы соңғы мәліметтерге» мүлде көз салмас едіңіз.
Наурыз айы кіргенде жердің асты, үстінің бәріне жан бітіп, жаңғырады. Дүние балбырап ғажап бір шақ орнайды. «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөзді де бәріміз білеміз. Кейде мұны «Самарқанның көк тасы жібиді» деп айтады. Дұрысы – осы. Бұл бір құдірет қой. Шын мәнінде көк тас жіби ме? Самарқанда он төртінші ғасырдың тұлғасы әйгілі Ақсақ Темір хандық құрған. Бұл ханның қаһары жібиді, егер өлім жазасына кесілген жан болса, хан райынан қайтатын күн туды деген мағынаны мегзейді. Демек, халқымыз Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырған. Бүкіл жапан жаңғырып, әлем әнге малынып тұрғанда хан қалай қаһарынан қайтпасын.
Жеткен кезде наурыз жапан түгел жаңғырар,
Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мейіріміңді қандырар.
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар, – депті
сеңсең бөрікті түркіменнің сері ақыны Мақтымқұлы.
Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям тәрізді әлемдік тарихи тұлғалардың еңбектерінде Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректер кездескен. Сол еңбектерде бабаларымыздың Наурыз күндерінде салт-дәстүр, ырымдарға аса мән беріп, әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйғаны, сол сияқты жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжағаны айтылыпты.
Наурыздың өзіне сай жақсы ырымдары, тамаша дәстүрлері бүгінге бізге келіп жетті. Мысалы, тал егу, үй айналасын тазалап, ескі-құсқыны отқа жағу, наурызкөже ішіп, тойлау, т.б.
Көптеген халықтарда оттан секіру ырымы бар. Қазақ оттан аттауды жаман ырымға жориды, жәй сөзбен айтсақ, әдепсіздік деп біледі. Оның орнына оттың не шырақтың жалынына алақанын тосып, сосын маңдайы мен бетін сипау арқылы аластау жоралғысын жасайды.
Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде халық нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түсетіндіктен шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, олай етсең сал болып қаласың дейді. Оның себебі жаңғырып, жасарып жатқан табиғатты ластауға Жаратушының өзі тыйым салады. Неге дейсіз бе, ол жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілейін деп тұрған нәзік бір кезеңі. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуат иеленеді. Қазекем «Әз болмай, мәз болма» дегенді табиғат сырларын терең біліп айтқан. «Әз» деп отырғанымыз осы наурыз айының 21-і мен 22-сінің арасы, яғни, әз Наурыздың кірген күні.
Наурызбен бірге Қыдыр ата, Ұмай ана есімдері жиі аталады. Ал, бірақ, осы наурыз кейіптерінің нағыз мәніне бойлай алатынымыз аз. Біз бүгін сөз арасында мұны да айта кетейік.
Қыдыр ата – періштелер өкілі, құт таратушы тұлға. «Қыдыр» сөзінің парсыдан аударып қарағандағы мағынасы да – «құт». Мұны сіз, ғылымда, әдебиетте айтылып жүргендей, мифтік тұлға десеңіз де мейлі, бірақ, оған шын мәнінде иман келтіреміз. Себебі Жаратушы әр адамның ниет амалына сай алатын несібесін баянды ету құдіретін осы Қыдырға жүктеген. Қазақтың «Құтты болсын» дейтін сөзі осыған орайластырылған.
Ал, Ұмай – дарыған құтты нәрлендіруші кие, ұрпақ жалғастырушы, бесік пірі. Жан-жануар әлемінің көбеюі мен көктің шығуы – талдың бүршік атуы, гүлдің қауыз жаруы, төлдің тууы – бәрі де көктемнің береке бастауымен келеді. Осының әрқайсысын нәрлендіретін Жер рухы – Ұмай ана. Бұл тақырып терең әрі танымдық жағынан таңғаларлық.
Ендеше біз мұнан әрі мағына тереңдетпейік, айтар сөзіміздің өз мәніне оралайық.
Әз Наурыз құтты болсын, сырбойылықтар. Шаңырақтарыңыздан күннің шуағы ғана түссін!
Ел аман болсын!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.