Сапаны арттыру басымдықтары айқындалды

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетовтің қатысуымен өңірдегі білім саласының ахуалы және алда тұрған ауқымды міндеттерін таразылаған жиын өтті. Онда білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова хабарлама жасады.
Нақты кезеңде аймақтағы 672 мектепке дейінгі білім беру ұйымының 72 процентін жекеменшік балабақшалар құ­рап отыр. Мұның тиімділігі сол – 3 пен 6 жас аралығындағы ба­лалардың мектепке дейінгі білім берумен қамтылу деңгейі 100 процентті құрады. Ал жалпы орта білім беретін 293 мектепте 161 469 оқушы білім алуда. Биылғы оқу жылында 1450 оқу­шыға арналған 3 жеке мектеп ашылған.
Департамент басшысы Ғалия Ноғайқызы сала жұмыстарын саралай келе, облыстағы білім беру ұйымдары бойынша орыс сыныптарында мамандар же­­тіспеушілігі орын алып отырғанын айтты.
– Жыл сайын қаладағы білім беру ұйымдарында 20-ға жуық орыс тілінде білім беретін бастауыш сынып педагогтары жетіспейді. Орыс сыныптарында физика, химия, биология, математика пәндерінен зейнетке шыққан мұғалімдер сабақ беріп жүр. Әсіресе, ауыл мектептерінде орыс тілі пәні мамандарының жетіспеушілігі алаңдатады, – деді Ғ.Дәулетова.
Расында, мәселе – өзекті. Бұл орайда білім басқармасы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ бірлесіп, аталған пән мұғалімдерін дайындау мәсе­лесін қолға алып отыр. Нә­тижесінде, 2020–2021 оқу жылына педагогикалық ма­мандықтар бойынша 25 ректор грантын бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, колледждерде орыс тілінде бастауыш сы­нып педагогтарын даярлау үшін жергілікті бюджеттен мем­лекеттік тапсырыс бөлуге шешім қабылданған.
Бүгінде облыста 30 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны бар. Оның 17-сі мемлекеттік, қалғаны мемлекеттік емес колледждер. Соңғы 5 жылда колледждердің материалдық-техникалық ба­за­сын заман талабына сай жаб­­дықтауға, педагогтардың білік­тілігін арттыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінбеуіне байланысты атал­ған мәселені шешу жол­дарын қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ, WorldSkills қоз­ғалысы бас­талғалы өңірдегі колледж­дердің жұмысын жандандыру қажеттігі айтылды.
Жиында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның кейбір бап­тары кеңірек түсіндіріліп, жур­налистердің сауалдарына жауап берілді.

«СБ» ақпарат.
ҚОҒАМ 21 наурыз 2020 г. 753 0