Биылғы жылдың 16 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Осы орайда мемлекеттік кірістер органдары өз қызметін көрсету барысында келушілермен қарым-қатынасты қашықтықтан жүргізу ісіне назар аударды. Яғни, барлық қызмет түрлері электронды түрде жүргізіледі. Сұрақтар, кеңес алу тек телефон немесе әлеуметтік желілер арқылы жүргізілуде. Жалпы, мемлекеттік кірістер органдары тарапынан барлығы 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Біздің облыста 27 қызмет түрі бар, оның 23-і толықтай автоматтандырылған. Бұл бағытта заңды және жеке тұлғалар интернет желісі бар кез-келген ыңғайлы орыннан электронды қолтаңбамен «Электрондық үкімет» веб-порталы немесе «Салық төлеушілер кабинеті» арқылы қызмет алуына мүмкіндік қарастырылған.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан қарапайым азаматтар мен бизнес субъектілеріне барынша қолдау көрсетілуде. Қазір Сыр өңірінде бизнес нысандарының саны 54 мыңнан асады. Бұл кәсіпорындарда 280 мыңнан астам адам еңбек етуде. Төтенше жағдайға байланысты заңды және жеке тұлғаларға жылдық декларация тапсыру мерзімі 30 күнтізбелік күнге шегерілді. Атап айтқанда, салық төлеушілер 31 наурызға дейін тапсыруы тиіс салық есептіліктерін электронды түрде тапсырған жағдайда (СЕН 100.00, 110.00, 150.00, 700.00, 220.00, 230.00, 240.00, 912.00, 920.00 және т.б.) мерзімі 2020 жылдың 30 сәуіріне ұзартылды.
– Салық есептілігін тапсыру мерзімін ұзарту үшін бізге хабарлама жолдаудың қажеттігі жоқ және бұл салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін өзгертпейді. 2020 жылдың 1-30 сәуір мерзімінде электронды түрде тапсырылған салық есептіліктері бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылмайды. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде қарыз кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді. Алайда, ондай жеңілдікті пайдалану үшін кепілзат немесе банктік кепілдік қажет. Осыған орай төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда. Төтенше жағдай кезінде қамералды бақылау қорытындысы бойынша хабарламалар жіберу тоқтатылады. Егер де салық төлеушілер тарапынан орындалу мерзімі келген хабарламаны орындау барысында келіспеушілік туындаса, түсініктемені және дәлелдеме құжаттарды электронды пошта немесе қағаз жүзінде пошта арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ, біз бизнес субъектілеріне барып, жүргізілетін кедендік және салықтық тексерістерді тоқтатуға шешім қабылдап отырмыз. Кеден саласы бойынша халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар импортталатын азық-түліктерге «жасыл дәліз» орнатылды. Бұл шара алғашқы кезекте тұтынатын тауарлар дефицитін тудырмау үшін жасалуда. Қазіргі таңда бірінші қажеттілік тауарларын тасымалдайтын негізгі компанияларға кедендік тексерулер, сараптама және тауардың құнын кедендік бақылау шаралары қолданылмайды, – деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғ.Орынов.
«СБ» ақпарат.