Қала тұрғындары жағымсыз иістен құтылады

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бейсенбі күні бірқатар нысанды аралады. Алдымен, адам көп шоғырланатын теміржол вокзалы, автовокзал мен «Қорқыт ата» әуежайында төтенше жағдай кезіндегі сақтық шараларының сақталуын назарға алды.
Шаһардың бет-бейнесі саналатын теміржол вокзалының ғимаратына күніне 5 мыңға жуық адам кіріп-шығады. Сондықтан қауіпсіздік талабы қатаң бақылауда болуы тиіс.
– Күн жылы, келушілер түсіністік танытып, кезегін сыртта күтуі қажет. Ол үшін орындық қойып, ыңғайлы жағдай жасаңыздар, – деді қала әкімі.
Одан бөлек, көп созбай ғимарат сыртын әрлеп бітіру керектігін ескертті.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылғалы бері автовокзалда қос мегаполистен жолаушылар ағыны сап тыйылған. Әйтсе де, шаһар басшысы сала жетекшілеріне ол жақтан жақын арада келгендердің тізімін жасап, денсаулықтарын тексеру туралы тапсырма берді. Әуежайда да адам қарасы азайған. Қауіпсіздік талаптары орындалып, аурудың алдын алу мақсатында уақытша шектеулер енгізілген.
Сондай-ақ, осы күні Н.Нәлібаев кәріз сорғы станцияларын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне қарасты 62 станцияның 23-інде тиісті жұмыс атқарылуда. Жобаны жүзеге асыруға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
– Мұның тиімділігі көп. Біріншіден, тұрғындар жиі шағымданатын жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Екіншіден, КНС автоматты түрде қосылып-ажыратылады, сондықтан қосымша жұмыс күші қажет болмайды. Ең бастысы, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Өйткені осындай орындарды жөндеу кезінде жұмысшылар қайтыс болғанын білесіздер. Міндеттеме бойынша мердігер 23 КНС-ті мамыр айына дейін іске қосуы тиіс, – деді қала әкімі.
Оларға Швецияда жасалған жарық үнемдегіш сорғылар мен қатты қалдықты ұнтақтайтын автоматты қондырғылар орнатылады. Ал желдеткіш сүзгі көміртек тотығы газын атмосфераға тазартып шығарады.
Қаладағы 62 КНС-тің 8-і ғана жаңа, қалғаны өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. Ағымдағы жөн­деуден өткені болмаса, тозығы жетіп тұрған еді. Қолға алынған игі шараның келесі кезеңінде 31 станция қайта жаңғыртылады. Демек, қызылордалықтар үшін кәріз жүйесінің қолқаны қабатын қолайсыз иісінен құтылатын күн алыс емес.
Ал қала іргесіндегі Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз елді мекенінде тұратын 6 мыңға жуық адам ендігі жерде сапалы тіршілік нәрін тұтынады. «Мелиоратор» серіктестігі салған ауызсу жинау қоймасының игілігін «Наурыз», «Сабалақ» саяжайларының халқы да көре алады.
– Құрылысы кейін аяқталған, жаңадан салынып жатқан үйлер шет қалмауы керек. Сондай-ақ, әрбір баспанаға есептеу құралдары орнатылуы тиіс, – деді ауылға ат басын бұрған шаһар басшысы.
«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Тал­суат, Қосшыңырау, Белкөл-2, Қызылөзек, Қарауыл­төбе елді мекендерінде де су жинау қоймалары салынып жатыр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
ҚОҒАМ 21 наурыз 2020 г. 616 0