Жосалыға газ беріледі

Осы аптада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қармақшы ауданында жұмыс сапарымен болды. Онда бірқатар нысандарды аралап, жұртшылықпен жүздесті.

Қазір аудан аумағындағы «Қурайлы» каналына күрделі жөндеу жүргізілуде. Қайыр ба­сып қалған каналдың егістік жер­лерге су жеткізу қабілеті әб­ден төмендеген болатын. Бұл ұзақ жылдан бері келе жат­қан проб­леманың бірі еді. Осы күндері каналды тазарту шаралары қолға алынған. Құны – 168 млн теңге. Жоба бойынша 22 ша­қырым механикалық қазу жұ­мыстарын жүргізу жоспарда бар. Нәтижесінде канал 150 мың текше метр топырақтан тазар­тылады. Жұмысты жүр­гізуші – «Қазсушар» РМК Қызыл­орда филиалы.

Аймақ басшысы каналды ретке келтіру бойынша нақты мін­деттерді жүктеді. Тазалау шаралары тыңғылықты, сапалы және дер уақытында атқарылуы тиіс. Ендігі кезекте шаруа қожалықтары ішкі су жолдарын тазалап, онда су өткізу қабілетін арттыруға назар аударғаны жөн. Мамандар мен шаруашылық мү­шелерінің бірлескен іс-әрекеті керек.

– «Қурайлы» каналы осы ау­мақтағы бірнеше ауыл тұрғын­дарының егіспен айналысуына мүмкіндік туғызады. Сондықтан механикалық тазалау жұмыстары өз деңгейінде атқарылуы тиіс. Ендігі кезекте каналдың су өткізу қабілеті артады. Бұл су көзін тиімді пайдалануға жол ашады. Осылайша ауданда аяқсу мәселесін шешуге оң ықпалын тигізеді. Есептеуімізше, канал бойында 7,1 мың гектарға жуық егістік жер бар. Оның ішінде күріштіктің көлемі – 6,4 мың гектар. Сол себепті тазалау жұмыстарына шаруа қожалықтары да тартылуы керек. Осылайша егістікке баратын су ресурстарын арттыруға әбден болады, – деді облыс әкімі.

Ауданда «Бейнеу-Бозой-Шым­­кент» магистралдық газ құбыры өтеді. Десе де, аудан орта­лығына «көгілдір отын» бе­рілмеген болатын. Ендігі кезекте жергілікті жұртшылық сол игі­лікке қол жеткізетін күн алыс емес. Қазір тиісті іс-шаралар қолға алынған. 

Сапар барысында облыс әкімі Жосалы кентінде орна­ласқан кварталішілік газ тарту жұмыстарына зер салды. Мұн­­да 2017-2018 жылдары «Бей­неу-Бозой-Шымкент» ма­гистр­ал­­дық газ құбырынан 14,8 ша­­қырым газ құбыры мен АГТС (автоматтандырылған газ тарату стансасы) орнатылған. Қа­зір­гі таңда аудан орталығында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Былтыр жалпы ұзын­дығы 160 шақырымды құрайтын ішкі газдандыру шарасы ат­қарылды. Жоба 2020 жылдың қазан айында аяқталады деген жоспар бар. Жобаның жалпы құны – 3 292,2 млн теңге.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Медет Усаин мұндағы газ жүргізу жұмысын баяндап берді.

– Аудан орталығында 160 шақырымға жуық газ құбырын жүргізу жоспарда бар. Қазір біз алғашқы үш кезектегі ГРП-ларды орнатып қойдық. Өткен жылы бұл мақсатта республикалық бюджеттен 872 млн теңге қаржы бөлінген. Қазір қаржы толық игерілді.  87 шақырым газ құбыры жүргізілді. Көктем уақытында су көлемі көбейетін болғасын бірінші ГРП жанынан 10  ша­қырым газ құбырын жүргіздік. Биылғы жылға республикалық бюджеттен қаржы қаралып тұр. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады, – деді басқарма басшысы.

Облыс бойынша қазір Қар­мақшы, Жалағаш және Сырдария ауданының орталықтарында «кө­гіл­дір отын» берілмеген. Жоса­лы кенті аумағында газ тарту шараларын аймақ бас­шысы тұрғындарға бұл игілікті ертерек жеткізу қажеттігін атап өтті. Ма­мандардың айтуынша, атқа­рылатын жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Сондықтан аудан орталығын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге жол ашылып тұр.

Осы орайда облыс әкімі басқарма басшысына «ҚазТрансГаз» АҚ аймақтық фи­лиалымен келісіп, газ тарту жұмыстары аяқталған аумаққа көгілдір отын беруді тапсырды.

«Көгілдір отынға» қол жеткізу – халық үшін үлкен қуаныш. Сондықтан аудан орталығы тұр­ғындарының бір бөлігіне тездетіп газ беру мәселесін шешуге көңіл бөліңіздер. Қазір газдан тыс қалып отырған үш ауданға да күзге дейін тиісті мүмкіндіктер жасалуы қажет, – деді облыс әкімі.

Сапар барысында аймақ басшысы Қармақшы аудандық электр тарату торабының да жұмысын көрді. Онда былтыр  «Жосалы 220/35/10 кВ» қосалқы стансасын реконструкциялау жұмыстары басталған еді. Бүгінгі күні суға арналған резервуар, ашық тарату құрылғының ғима­раты салынды. Биыл қуаты 25 МВА 220/35/10 кВ транс­форматор, 6,3 МВА 35/10 кВ трансформатор орнатылып, тара­ту құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Жалпы электр тарату торабының жөндеу жұмыстары осы жылдың екінші тоқсанында аяқталмақ.

Мамандардың айтуынша, бұ­дан бұрынғы құрал-жабдық­тар жарты ғасырға жуық пайда­ланылып келген. Сондықтан бұл мәселе тұрғындар тарапынан жиі қозғалып келді. Өйткені, ескінің аты ескі.

Аймақ басшысы Қармақшы аграрлық-техникалық колледжі ғи­маратында жүргізілген жөн­деу жұ­мы­сында қаперге алды. Мұнда жастар тігінші, аспаз, электр жабдықтарына қыз­мет көр­сетуші, көліктерді жөндеу шебері, электромонтер, газбен дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы өндірісінде трак­торшы-машинист, машина мен механизмдерді пайдалану және жөндеу шебері мамандықтары бойынша білім алады. 

Бұл ғимарат 1970 жылы пайдалануға берілген.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында арнаулы оқу орны ғимаратын күрделі жөндеуге 429,7 млн теңге бөлінген. Оны «Нұр Сапар 7» ЖШС өткен жылдың соңына дейін толықтай аяқтап шықты. Сондай-ақ, колледжде 150 орын­ға арналған жатақхана бар. Жа­тақхананың материалдық-тех­никалық базасы ескірген. Бұл бағытта облыстық білім бас­қармасына бюджеттік өтінім жасалған. Бүгінде оқу процесі үздіксіз жүргізілуде.

Колледж ұжымымен жүздесу барысында облыс әкімі сұранысқа сай мамандар дайындау мәселесін қозғады. Әрбір жас азаматты белгілі бір салаға бейімдеу мақсатында қазына қазанынан қаржы бөлініп отыр. Сондықтан оларды жұмыспен қамту мәселесі де алдыңғы кезекте тұруы керек. Арнаулы оқу орнында білім алған түлектер күні ертең жұмыссыздар қатарын толықтырмауы тиіс.

– Қазіргі таңда облыс кө­лемінде білім беріп жатқан колледж жұмыстарын зерттеу­деміз. Онда бір жылда қанша тү­лек бітіріп шықты, олардың қаншасы еңбекпен қамтылды? Осы мәселеге назар аударылып отыр. Мәселен, ауданда қандай мамандықтарға сұраныс бар? Сол жағдайға көңіл бөлеміз. Бұл бюджеттен қаралған қаржыны тиімді пайдалануға жол ашады, – деді аймақ басшысы.

Мұнан бөлек, облыс әкімі  ІІІ Интернационал ауылындағы «Абай-Дәулет»  ЖШС-на қарасты егіс алқабында болды. Онда қазір бидай егу жұмыстары жүргізілуде.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 14 наурыз 2020 г. 490 0