Ерлік ескерілуі тиіс

«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын? Әсіресе, тағдырыңа әсерін тигізген кезеңдер ешқашан ұмытылмаса керек. Кеңес дәуірінде дүниеге келген құрдастарымның өмірінде өшпес із қалдырған оқиғаның бірі – Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдар десек, артық болмас. Қазіргі таңда сол бір қанды қасап туралы түрлі сарындағы әңгімелер айтылып жүр. Кім не десе де, «интернационалист жауынгерлер» деп аталған өрімдей өрендер солдат ретінде жоғары басшылықтың пәрменіне мойынсұнды. Ал әскери бұйрық талқыланбайды, орындалады.

«Қазақстаннан Ауған жеріне аттанған 22 мыңнан астам қыршын жас өз борыштарын адал атқарды. Қазалылық 67 интернационалдық жауынгердің 2-і қанды шайқаста ерлікпен мерт болса, 7-уі елге оралған соң өмірден озды. Қазіргі кезде ауданда 27 соғыс ардагері тұрады» дейді біздегі деректе. Сұрапыл шайқастан аман оралған сайыпқыран солдаттардың ғұмырының келте болуына Ауған жеріндегі қадам басқан сайын аранын ашқан ажалмен бетпе-бет кездесу, оққа ұшқан қандыкөйлек достарын туған жерге қалайы табытпен аттандырудың зіл батпан салмағы, жігері тасыған атпал азаматтардың жарымжан күйге түскенін көру зардабы, сәт сайын өлім иісін сезу, тағы басқа жайттар себепкер болмады деп кім айта алады? Осындай кермек ойлар санаңды аш қасқырдай жұлмалағанда  тітіркене түсіп, бейбіт күннің қадірін түйсіне түсесің.

Қозыбақ Жұмамұратовпен тон­ның ішкі бауындай аса жақын ара­ласпасам да жақсы танып, сәлеміміз түзу болған еді. Сом денелі, бой­шаң әрі өте қарулы Қозыбаққа дулыға-сауыт кигізіп, бес қаруын асындырып, «Бұл – Қозыбақ есімді қазақтың хас батырының бірі» деп таныстырса, көпшілік сүйсініп, жат пиғылды жанның құты қашар еді. Ауғанның от-жалынынан дін аман оралған Қозыбақ Аманкелдіұлының бойында батырға тән қасиет болатын. Алда-жалда қабағын тарс түйіп,  алпамсадай тұлғасымен қия­дан құлдилаған тұйғындай төбеңнен төнгенде  анау-мынау адам тіке қарауға тайсалатын. Тай-құлындай тебісіп қатар өскен достарының оны әзіл-шыны аралас «Ақмешіттің танкасы» атауы да бекер емес еді.

Қазалы ауданында орналасқан Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің түлегі Қозыбақ Жұма­мұратов бала кезінен спортқа бейім өсті. Табиғатынан қарулы  бала сабаққа да зейінді еді. Ал есеп шығаруға келгенде алдына жан салмайтын. Жауабы өте күрделі тапсырмаларды бірнеше жолмен қиналмай шешетін Қозыбақты математика пәнінен беретін ұстазы өзгелерге үлгі қылып айтушы еді. «Сенен мықты математик шығады» дегенді мұғалімі жиі қайталайтын. Ауған соғысына бармағанда солай да болар ма еді, кім білсін?

«Қозыбақ менің кластасым әрі Кеңес армиясы қатарында  бірге қызмет атқарған досым еді. Отан алдындағы әскери боры­шымызды өтеуге шақырылған бізді алғашқыда Ақтөбеге, сонан соң Венгрияға апарды. Сол жерде жарты жыл әскери жаттығуларға машықтандық. 1980 жылдың 11 қаңтары жадымызда мәңгі жатталып қалды. Аяқ астынан әскери дабыл соғылды. Қатар орналасқан екі полктен іріктеп бір полк жасақтады. Сұрыптаудан сүрін­бегендерді ал­дымен Душанбе арқылы Термезге, одан Ауған жеріне жеткізді. Біз 161 полктің 2 батальонына тап келдік. Талай тосқауылды бастан өткеріп, көптеген әскери операцияға қатыстық. Қозыбақты бәріміз асқан ержүректігі, оқтан-оттан тайсалмайтын батыл­дығы үшін қатты сыйлайтын едік. «Батырдан ажал да тайсалады» деген бар. Менің досым нағыз батыр болатын»  деп еске алады қанды шайқасты кейіпкерімізбен бірге ба­сынан өткізген Серік Жаңабаев.

Елге оралған соң Қозыбақ Алматы теміржол транспорт инженерлік институтын «жақсы» деген бағаға бітірді. Өзі қалаған теміржолды электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1984 жылдан бастап аудан орталығындағы «ЭЧ-6» Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясы мекемесіне электромонтер болып еңбек етті. Сырттай оқуды бітірген соң техникалық бөлім бастығы болды. Тәжірибелі маман өзінің алғырлығы мен білімділігінің арқасында аталған мекеменің бас инженері қызметіне дейін өсті. Өмірінің соңына дейін осы қызметті абыроймен атқарып, көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Олар – электромонтер Мақсұт Рамберді, бас инженер Асқар Тілеулин, ЖТБ бөлімінің бастығы Жолдасбек Дәулетбай бүгінде осы мекемеде еңбек етіп жүр.

Қ.Жұмамұратов қоғамдық жұ­мыстарға да белсене араласты. Түрлі спорт жарыстарына жастарды дайындап апаратын. Өзін үнемі жақсы қырынан көрсетті. Кәсіби мерекелерде мекеме басшылығы тарапынан бірнеше мәрте Құрмет грамотасы, алғыс хаттармен мара­патталды.

Қазіргі кезде ұлы Асылбек Жұма­мұратов осы мекемеде әке жолын жалғап жүр.

– Қозыбақ Жұмамұратов 1979-1981 жылдары Кеңес әскері қатарына шақы­рылған. Дайындықтан өткеннен кейін әскери борышын Ауғанстан жерінде өтеді. Ерлігі үшін орден-медальдар­мен марапатталған. Мар­құмды еске алу шаралары өткізілсе дұрыс болар еді, – дейді бөлім бас­шысы Жолдасбек Дәулетбай.

Бұл – бүкіл ұжымның тілегі. Үлкенге ізетті іні, жасы кішіге айбынды аға болды. Ақбота есімді арумен шаңырақ көтерді. Дүниеге тұңғыштары Асылбек келгенде Қозыбақтың қуанышында шек болмады. Небір асыл азаматтардың Ауған жерінен қалайы табытпен жеткізілгені, хабар-ошарсыз кеткені есіне түскенде Тәңірге шүкіршілік жасады. Асылбектен кейін Болатбек, өзге де балбөбектер дүние есігін ашты.  Өмір өз ағынымен жылжып жатты. Кенет... Жұмамұратовтар әулеті ауыр қазаға тап болды. Қозыбақ өмірден өтті. Міне, сонан бері қаншама жыл сырғыса да  тау тұлғалы азаматтың орны ойсырап тұр.

Тірі болғанда 60 жастың асқарына шығар еді. Амал қанша... «Орнында бар оңалар». Қозыбақтың шаңырағында қазір немерелері асыр салып жүр. Бөлме төріне ілінген кеудесі медальға толы атасының суреті «құлындарым, алаңсыз өсіңдер» дегендей күлімдей қарайды. Солай болғай!


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

ҚОҒАМ 11 наурыз 2020 г. 814 0