« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дана халқымыздың «Көпті көргеннен сұра» деген ойлы сөзін жиі естисің. Бұл қарттарға қоса білікті де көкірегі ояу жастардың ақыл-санасына сүйсінгеннен айтылғаны анық. Әңгімемізді осылайша бастауымыздың мәнісі тереңде жатыр.
Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімі баршаға мәлім. Жасындай жарқылдаған азаматтың ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, соңында мәңгі жарқыраған жұлдызы, өшпестей атағы қалды. Небары 23 жыл өмір сүрген оның тындырған тірліктері ғасырға бергісіз.
Бір сәт тарихқа шолу жасайықшы.Ғани Мұратбайұлы– педагогикалық училищенің оқытушысы. Жетісудағы комсомол ұйымының негізін қалаушы. Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы. РКСМ Орталық Комитетінің бюро мүшесі. Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару Комитетінің Шығыс бөлімі меңгерушісі қызметтерін атқарды. «Жас алаш» газетін ұйымдастырғанда Ғани небары 19 жаста екен. Дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіровтің: «Ғани жиналыста «жастардың газетін шығару керек» деген ойды көпшіліктің ортасына тастады. Бәрі мақұлдады. Бұл жұмыс оның өзіне тапсырылды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Өзге де азаматтар атсалысты. Ғани қағазын, ақшасын тапты. Осылайша қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас алаш» Ұлыстың ұлы күні жарыққа шықты» деген естелігі баршаға мәлім. Қазалы өңіріндегі Ғанидың мыңдаған іні-қарындастары өздерін жақсының жалғасы санайды. Олай болуы заңды да.
Аудан орталығына жақын қоныс Ғани Мұратбаевтың есімімен аталады. Жерлестері өздерінің саңлақ перзентін ешқашан жадынан шығарған емес. Оған Ғанидың туылғанына 110 жыл толуына орай өткізілген шара дәлел. Республикамыздың түкпір-түкпірі мен көршілес Ресейден арнайы келген қонақтардың қатысуы тойдың маңызын аша түсті. Аз ғана уақытта елді мекен келбетті шаһарға айналды. Жол айрығындағы «Таға» маңдайшасы алыстан көз арбайды. Түнгі жарықпен қамтылған бейнесі тым көркем. Жолдың екі қапталындағы билбордтар, жасыл белдеулер жан жадыратады. Ауыл көшелері, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Ауласы абаттандырылды. Көптеген шаруаның бітуіне кәсіпкер азаматтар қол ұшын созды. Мынау – «Атамекен» алаңы. Оның аталуының өзі кеудеңе жігер құяды. Кіреберістегі «Тәуелсіздік» стелласы маңайға нұрын төгіп тұрғандай. Мұқият қоршалған аула, жайқалған гүлдер, түнгі жарық шамдары, шағын сәулеттік кескіндер жадыңызға ертегідегі Иран бағын оралтады. Ал ауыл орталығы... тіпті ғажап. «Ғани саябағы» мәдени шаралар өткізілетін, тұрғындар тынығатын, балалар ойнайтын демалыс орнына айналған.
Кенттен таяқ тастам елді мекенде көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапқан. Әсіресе, жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Ауыз су «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосылған. Ауыл тұрғындары телефон байланысымен түгелге жуық қамтылған. Сананы – тұрмыс билейді. Ауылда жұмыссыз жандар жоқтың қасы. Басым бөлігі «Рза-агро» серіктестігінде, бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Жеке мал ұстап, ата кәсіпті жалғастырып отырғандар да жеткілікті.
Ауылына қарап – азаматын таны. Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Берік Бисембаевты көптен білетінмін. Біршама уақыт қарамағында жұмыс та жасадым. Бәкеңнің көкейіндегісін батыл жеткізетін дағдысына қанықпын. Кейде тура сөйлеп, туғанына жақпай қалатыны бар. Әрине, жеке бастың қамы емес, ортақ мүдде үшін. Жарамсақтыққа, жалғандыққа мүлде жаны қарсы. Кеңес үкіметі тұсында Бисембаев "Қазақстанның 40 жылдығы” атындағы кеңшарды басқарды. Ол тұста қаракөл қойын өсірумен айналысатын ауылымыздың атағы Одаққа танымал-тұғын. Шаруашылықтың түтіні түзу ұшуына "Ленин” орденінің иегері Шынтас Жалғасбаев сүбелі үлес сіңірді. Көкеміз зейнет демалысына шыққан соң тізгінді Берік ұстады. Атағы Алатаудай ағаның ізін жалғастыру, жинаған абыройға дақ түсірмеу оңайға соқпады. Алайда, Әбидің ұлы сасқан жоқ. Мол тәжірибесіне сүйенді. Қосшыларына, ел-жұртына сенді. Өмірден көрген-түйгені мол көнекөздердің ақылына құлақ асты. Өзім танитын Беріктің жақсы қасиеті қазақылықты, аруақты қатты қадірлейтіні десем, артық емес. Беріктің кезінде әлденеше жыл қатарынан Жанқожа бабаның Қызылқұмдағы бейітіне халықтың зияраттауына көлік ұйымдастырғанын, батырдың әкесі Өтеген – Нұрымбеттің қорымына түнеухана, орталықтан «Сарқұл қожа» мешітін салдырғанын Арықбалықтың халқы әліге шейін ұмыта қойған жоқ. Өлі риза болмай, тірі байымайды. Мүмкін азамат еңбегінің берекелі болуының де сыры осында жатқан шығар...
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы,
Мұратбаев ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |