Жүсіпбектің жиені

Күнде әрі-бері үстінен өтіп жүрген ауылымыздың қара жолдары мен қырат-белдеріне тіл бітсе, небір әпсананың астарын сөгер еді. Бұл жерлердің баянында қаншама хикаяттар жатыр. Әне, ауыл шетінде өздерімен бірге бір-бір тарихты ала кеткен жарықтық шалдар «енді ештеңе айтпаймын» дегендей еңсесін жоғары ұстап, күмбездене қарап тұр.

Ал, іздеген адам­ға арамызда сол асылдардың сынық­тары әлі де бар. Солардың бірін мен жоқ қарап жүргендей таптым. Ол – Айдарлы ауылының 84 жастағы тұрғыны, шежіре қарт Асан Беркінбайұлы.

Бұл кісінің білгені бір бөлек, жиғаны бір төбе. Жиғаны – дүние-мүлік емес, құнды сөз, қызық мәліметтер, тарих ізі. Осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы жарық көрген әртүрлі баспасөз беттеріндегі құнды деректер. Асан ақсақал оларды өз дәптеріне көшіріп жаза берген, жаза берген. Оның қолындағы осындай қалың дәптердің саны қазір қырықтан асыпты. Әр дәптерді нөмірлеп, мазмұнына қарай ат қойған. Медицина, әдебиет, атақты адамдар, ағайын тарихы, осылай кете береді. Тірі Google. Қарай қалсаңыз бас алмайсыз. Ғажап сырлар сандығын ашып, інжу-маржандарын төгеді. «Жұмбақтар» деп аталатын мына бір кітапты парақтап көрелік. Айтып отырғаным негізі түптелген қалың дәптер, бірақ, көтеріп тұрған жүгі кітаптыкі, сондықтан кітап демеуге амалым жоқ.

Кітаптың алғысөзіне былай деп жазылыпты: «Жұмбақтың эстетикалық тәрбие беру, көркемдік ойды ұштау, дүниетану жағынан пайдасы зор. Ғылым мен техника жөніндегі жұмбақтар да бар (мысалы, «баласының саны көп, ал, өзінің жаны жоқ», жауабы: инкубатор).

Біздің жұмбағымыз сәл бөлектеу болып тұр. Өйткені ізденімпаз, көп оқыған, таным ауқымы кең жастар болмаса, мұның шешуі қиынға түспек».

Асан әкенің айтқанымен келісеміз. Енді жұмбақтардың өзіне назар аударайық: «Дүниежүзі жазушыларының арасында ең көп жазған жазушы француздық қаламгер екен. Ол 272 том еңбек жазып қалдырған. Бұл кім?». Тағы бір жұмбақ: «1895 жылы қазақ, башқұрт, татар тілдерінде қатар жазған ағартушы ақын қайтыс болды. Әмбебап ақынның аты-жөні кім?».

Басына білім толған замандасымыз Google де бұл жұмбақтарға жауап таба алмай қиналады, сенбесеңіз сұрап, өй-й, жазып көріңіз. Бұлардың жауабын осы кітапты теріс аударып, соңғы парақтарынан қарап таба аласыз. Біріншісінің жауабы – Александр Дюма, екіншісі – Мұхтахедин Мұхамедияров. Айт­пақшы, жұмбақтың жасырылуы да, жауабы да рет санымен белгіленген.

Қырық бір дәптерге дендеп енсеңіз, ақ түйенің қарны жарылар еді. Ал, біз шетжағалап қана айттық.

Енді әкейдің өз әңгімесіне кезек берейік.

***

Әкем Беркінбай кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ауылсоветтің пред­седателі болған. Ол кезде төраға деген сөз айтылмаған, сондықтан бая­ғы қалыптасқан атауымен қалдыра берейік.

Жиналыс па, мүмкін басқа бір себеппен шығар, 1926 жылдың бір күнінде әкемнің қызылордалық арғындармен бірге Шымкентке жолы түседі. Елдің игі жақсылары, олардың қасында әкем де бар, сол кезде Шымкент педагогикалық техникумының директоры болып тұрған Жүсіпбек Аймауытовқа сәлем бере барады. Сол барғанда әкемнің көзі Жүсіпбектің қарындасына түседі. Қарындасы Ырыс­ай көрікті қыз екен. Әкем содан кейін қайта-қайта барып жүріп, ақыры сол қызбен, менің шешеммен бас қосады. Отбасының тұңғышы Ерназар, мен 1936 жылы дүниеге келгенмін. Маған дейін де балалар болған, олар шетінеп кетіпті.

Алаш арысы, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 1937 жылы жалған жаламен ұсталып, ату жазасына кесілгенін бәріміз де білеміз.

Әкем мені сегіз айлығымда ұл баласы болмаған бауыры Рүстембекке құдай алдында сұраусыз деп берген. Сондықтан шешем туралы көп біле бермеймін. Білетінім, ­қи­ын тағдыр кешкен кісі. Әкемнен естуімше, ол кісілер үйленген соң Тартоғай стансасында тұрған. Сол станса басында нан сатып отыратын бір орыс шал болыпты. Бір күні ашыққан бір адам шалдың алдындағы нанды ала қашыпты. Шал тұра қуыпты, қасында балтасы жатады екен. Қашқан мен қуған дәл шешем қарап тұрған терезенің  алдында кездесіп, шал ұрының басын балтамен шауып жіберіпті. Сонда көзі аңғалағынан сүйретіле шығып, шоршып жатқан жердегі басты көрген шешем шошынып, содан жүйке ауруына шалдығыпты. Көп ұзамай әкемді «халық жауының қарындасын алған» деген айыппен он жылға соттаған. Әкем онан әрі соғысқа кеткен.

Мұнан кейінгі шешемнің тағдырын айт не, айтпа не...

Жүсіпбек наға­шы­мыз­дың артында Бектұр, Жанақ, Мәруа атты үш перзенті қалған. Бірақ, үшеуі де кеңес өкіметінің қуғынына түсті. Ақыры... тастарды басына теуіп арындап аққан асау бұлақ кәусар бастауынан ұзап, арнасы тарылып, құмға сіңіп жоғалды.

Әкем соғыстан келіп, Меңеш шешемізбен бас қосты. Арқасындағы ауыр­лық, жүрегіндегі салмақ ол кісіні де алпыс жасқа жеткізбей бақилыққа алып кетті.

Мен ауылдың баласы болып өстім. Үлкен оқуға, қызметке талпынғам жоқ. Колхоз председателінің секретары, темір-терсек қоймасының меңгерушісі, совхоз кассирі деген сияқ­ты жұмыстарды атқарып, бала-шаға, бау-шарбақ өсірдім. Қазір он баладан тараған немере, шөбере бар, шөпшектің де қолынан су іштім.

Ал, мынау өзің қызықтап отырған іс, бұл – менің хоббиім, сүйікті ермегім. Бәлкім, осы ермегімнің кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер.

Әскер қатарына барған кезімде орыс тілінен қатты қиналдым. Намысым келді, сөйтіп орысша кітаптарды оқи бастадым. Мұнымды көрген командирім: «Сен бұл кітаптарды түсінбейсің, алдымен балаларға арналған кітаптарды оқы, сонымен тіл сындырасың» деп ақыл айтты. Сөйтсем, менің оқып жүргенім орыс­тың классик жазушыларының романдары екен. Командирім дұрыс айтыпты, балалар кітабының тілі жеңіл болды, сол арқылы орысша үйрене бастадым, еркін әңгімелесе алатын дәрежеге жеттім. Сол кездегі кітап оқуым менің оқуға деген құштарлығымды оятты, сөйтіп, кітапты көп оқитын болдым. Мерзімді баспасөздерді болса да жібермеймін. Газет-журналдардан қызықты деректер кездеседі, тастауға қимайсың, ұмытып қалғаның ұят сияқты, сондықтан мен оларды көшіріп жазып алып қоятынмын. Соның арты келе-келе әдетке айналды.

... Бұл – Асан әкенің әңгімесі. Көкірегі көмбе ақсақалдың маған айтқаны мұнан да көп.

Кейін бір керегіме жа­ра­тармын деп оларды жо­ғары алып қойдым.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 

ҚОҒАМ 03 наурыз 2020 г. 772 0