Дәрігердің қолы алтын

Көзінің алды қарауытып, денесі дел-сал болған күйі құлап барады. Бойынан әл кеткен оны көргенде бала-шағасы өздерін қоярға жер таппаған. Тығырыққа тірелген сәтте бір нәрсе ойларға шама келмесі анық қой. Алдымен ойға келетіні – жақын адамды аман алып қалу. Жаңақорған ауданына қарасты Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Серікбай Рыспанбетов осылайша қас пен көздің арасында аудандық ауруханадан бір-ақ шықты.
– Әкем ауруханаға ин­сульт алып түсті. Не істерімізді білмей қалдық. Жанарымызды жас жуып, ауруханаға бірге бардық. Әйткенмен, дәрігерлердің қолы алтын екен. Дәрігер Нұрлан Сопбек жағдайды өз бақылауына алып, көп көмегін тигізді, – дейді Раушан Серікбайқызы.
Ауданаралық емхана бө­лімінің меңгерушісі Нұрлан Сопбек Бірлік ауылында дүниеге келген. Науқастардың ыстық ықыласына бөленген азамат. Аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түскен С.Рыспанбетовті қарауына алған дәрігер оның денсаулығының қалыпқа келуі үшін бар тәжірибесін салды. Нәтижесінде науқас­тың беті бері қарады.
– Медицина саласында қызмет істеп жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болды. Мұндай диагнозбен келетін науқастар жетерлік. Сүттіқұдықтан келген науқастың жағдайы түскен кезде ауыр болатын. Қазір жақсарды. Бұл – менің ғана емес, ұжымның еңбегіне адалдығы, – дейді ­Н.Сопбек.
Дәрігердің бірінші міндеті – науқастың жанын емдеу, содан кейін тәнін емдей бастайды деуші еді. Рас екен. Ауырып келген науқастың көңіліндегі күдікті сәулелі үмітпен алмас­тырар алтын қолды дәрігерлерді қалайша адам жанының арашашысы демейсің.

Дәулет ҚЫРДАН.
ҚОҒАМ 25 ақпан 2020 г. 1 152 0