"Қалаулым" жабылсын!" - ақын Балғынбек Имаш Президентке хат жолдады

Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаш теледидардағы арзанқол бағдарламалардың халыққа кері әсер беріп жүргенін айтты. Бұл туралы ақын өзінің instagram парақшасында жазған.
"Нұрболхан бауырым үнемі "Разоблачение" деп шулатып жатады. Бірде "Өз ойымды", енді" Қалаулымды" қолға алып, барын салып, шырылдап жүр. Мен аса мән бермеппін. Себебі, "Өз ойымға" барып қонақ болғаныммен эфирден бірде бір шығарылымын тамашалап көрмеппін. "Қалаулым" дегенді де естігенім болмаса, қараған адам емеспін. Қарапайым оқырмандардан басқа Нұрболханды белсене қолдап жатқан танымал тұлғаларды байқамадым, өкінішке орай! Ал бүгінгі Нұрболхан жасаған он минуттық бейнематериалды көріп шок болдым. Масқара ғой таза. Еуропа, Америка, Ресейден озып кетіппіз ғой ұятсыздықтан! Осындай бағдарламалардың эфирден шығуы, біздің қоғамның қаншалықты азғындап, рухани тозып бара жатқанының көрінісі. Бұны эфирден көрсетіп отырған телеарна қазаққа қарсы жұмыс жасауда, басшылары не болмаса ақша үшін ешнәрседен тайынбайтын "сатқын", не болмаса дым білмейтін "санасыз, сауатсыз", бұған бақылау жасай алмаған министрлік қызметкерлері не болмаса "соқыр", не болмаса қауқарсыз "қуыршақ", бұны көріп, рейтингін көтеріп отырған көрермен не болмаса "кеще", не болмаса "мешеу", бұл хабарға қатысушылар таза аферистер, не болмаса ақшадан қысылған, атаққа ұмтылған дешёвый "актёрлар", бұны көріп-біліп үндемей, күреспей, қарсылық білдірмей отырғандар немқұрайлы "намыссыздар", не болмаса ұйқыдағы "маубастар", ал қорғап, қолдап отырғандар жын-перінің әскері, я болмаса шайтанның достары деп айтар едім, бірақ, көпке топырақ шашуға болмас. Осы хабардың көзін құртып, рухани нәр беретін бағдарламаны аңсап жүргендер мен ойлағаннан да көп шығар, бәлки? Көрейікші пікірлеріңізден байқап, не дейсіздер? Құрметті Президент, Депутаттар, Үкімет мүшелері, ақпарат, мәдениет, қоғамдық келісім, идеология саласына жауапты басшылар! Сондай-ақ, қалам ұстаған зиялы қауым, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ұстаздар, журналистер қауымы! Теледидарды қоқыс жәшігіне, көрерменді бомжға айналдыруға жол бермеңіздерші! ТВ басшылары мен қызметкерлері, доғарыңыздаршы рейтинг қуғанды, жамандықты жаюды, өсек-аяң аңдығанды, "жер өртеп атын шығаруды" қалағандарға жарнама жасауды! Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?", - дейді ақын.
Ақынның бұл ойын бірқатар өнер адамдары мен оқырмандары толықтай қолдаған.

ҚОҒАМ 17 ақпан 2020 г. 530 0