ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ШЫНАЙЫ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Ол экономикаға не береді? Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы мамырда өткен инвесторлар кеңесінде қаржы дағдарысы қыспаққа алған уақытта мемлекет Ұлттық қордан ақша бөліп, жекенің меншігіндегі активтерді қолдағанын, бұл мәжбүрліктен туған қадам болғанын атап көрсетті.

Ендігі жағдай бөлек, тұрақтылық пен өсім қалыптасты, жеке сектор күш алды. Мұндай кезде мемлекеттің активтерді басқаруы тиімсіз. Президенттің жекешелендірудің екінші толқыны басталатыны туралы мәлімдеуі осыдан туындап отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл процес­ке белсене қатысып, оның анық та ашық жүруін қамтамасыз етуі керек. Сонымен, жекешелендірудің екінші толқыны дегеніміз не?

Жекешелендіру – жеке бастың шаруасы емес. Мемлекеттік маңызы бар іс. Атқарушы билік арнайы бағдарлама жасады. Мақсат – ұлттық компаниялардағы тиімсіз активтерді сатып, бәсекелестікті күшейту. Үкімет мұндай шараны бірқатар компанияларда бұған дейін ішінара жүргізіп те үлгерген болатын.

Айталық, «Самұрық-Қазына» қоры жақында өзіне қарасты 599 нысанға сараптама жүргізген. Енді соның 200-ден астамы жекешелендіріледі. Олардың арасында акция пакеті 100 пайыз мемлекетке қарайтын нысандармен бірге, басқа да бірлескен кәсіпорындар бар. Бірақ, мемлекет стратегиялық маңызы бар нысандарды сатпайды. Тек оларды басқарудың тетіктері жетілдіріледі.

Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің пікірінше, басқарушы директор деген қызметтің біраз түрі түгел жойылды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорындардағы басқарма төрағалары деген қызмет қысқарып, олар басқарма мүшелері болып қалды. Осылайша, кейбір компаниялардың ішінде қайта құрылымдау жүргізіліп жатыр.

Жекешелендіру – жаппай сату науқаны емес. Саналы түрде сараланған сала экономикаға сәл де болсын пайда әкелуі шарт. Қазір «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы жекшелендірудің екінші кезеңінен шамамен 10 миллиард долларға жуық табыс табуды жоспарлап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, жекешелендірудің екінші кезеңі ел экономикасына ақша береді. Квазимемлекеттік кәсіпорындар дейтін, мемлекеттің көп кәсіп­орындарын «Самұрық-Қазына» сияқты ұлттық акционерлік қоғамдарда ұсталып тұр. Соның ішінде 20-30 пайызы қаражатты тиімді пайдаланбай жатыр.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ШЫНАЙЫ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫЖекешелендіруге кез келген бизнес өкілдері қатыса алады. Әрі осы науқанның аясында «Халықтық IPO» бағдарламасы да жүзеге асады. Ең бастысы, мемлекет экономиканың көлеңкелі қаржы айналымын анықтап, оны ашық нарыққа шығуына мәжбүрлейді.

Сарапшылардың пікірінше, жекешелендіру арқылы біз қазіргі тиімсіз жұмыс істеп жатқан кейбір кәсіпорындардың жұмыс ритімін өзгертіп, экономикалық даму жолына көшуді қарастырамыз. Жекешелендіру біздің елде бұған дейін бірнеше мәрте жүргізілген. Тек қаржылық дағдарыс кезінде жекенің меншігіне өткен кейбір кәсіпорындар тұралап қалғандықтан, Үкімет оларды кері қайтарып алуға мәжбүр болды.

Енді мемлекет кезінде осындай кәсіпорындарға өзі шығарған шығынның орнын толтыруы керек. Бірақ, қандай нысан болмаса да, кез келген кәсіпорынның ішкі ісіне мемлекеттік құрылым аралас­пай, шынайы бәсекенің дамуына мүмкіндік берсе, жекешелендіру тиімді жүргізіледі.

Сондай-ақ кейбір сарапшылар жекешелендірудің екінші кезеңі ел экономикасына тиімді болуы үшін алдымен барлық үрдіс ашық болуы тиіс дегенді айтады. Яғни, бармақ басты, көз қыстыға жол жоқ. Бұл орайда тұрғындарға Үкімет тарапынан көрсетілетін қызметті жедел әрі сапалы жеткізуге міндетті мекемелерге жүктелетін жауапкершілік зор. Сонымен қатар, науқанға қатысушыларды шынайы әрі нақты ақпаратпен қамту да оңай шаруа емес.

Қазір ақпараттық жүйе жедел дамыған заман. Барлығын үкіметтік портал арқылы жүзеге асыруға болады. Мұнда халық мемлекеттік органдарға бармай-ақ, үйде немесе жұмыста отырып, кез келген мемлекеттк қызметті ала алады. Бұл қызметтің бір ерекшелігі – жемқорлықтың алдын алу, уақыт үнемдеу деген сияқты мәселелерді шешіп отыр. 2013 жылы Қазақстан бойынша электронды порталда 1 миллион 200 мың адам тіркелген. Яғни, бұл экономикалық белсенді халықтың 12 пайызын құрайды.

Порталда 121 мемлекеттік қызмет түрі электронды түрде жүргізіледі. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде электрондық коммерция үлкен қарқынмен дамып келеді. Елімізде осы бағыттағы жұмыстың жайы қалай және оны дамыту үшін қандай шаралар қолданылуда? Бұл сауалдарға мүдделі мекемелер мамандары былай жауап береді. Жуырда электрондық коммерция­ны дамыту бойынша Астана экономикалық форумы шеңберінде «ASTEX-2014» конференциясы өткізілді. Бұл шара көптеген мәселелерді шешіп берді.

Бүгінде Қазақстанда 29 ұйым мен 3 нысан жекешелендіруге ұсынылып отыр. Сондай-ақ 11 республикалық деңгейдегі ұйым кәсіпкерлердің басқаруына беріледі. 74 ұйым қайта құрылады немесе жойылады. Ал республикалық меншіктегі 104 ұйым қысқарып, 277 ұйым ғана қалады. Бұған дейін Елбасы ірі холдингтер қоластындағы еншілес компаниялардың көптігін айтқан болатын. Аты бар да, заты жоқ еншілестерді жабуды да тапсырған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың сатылуы ашық және әділ өтуі тиіс екенін атап көрсетті. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұрлан Рахметов: «Біз арнайы электронды алаң ұйымдастырамыз, сол арқылы компаниялар, активтер сатылады. Сонымен бірге жекешелендіруге байланысты портал құрылады. Сол арқылы қоғам мен ақпарат құралдары бұл үдерістің қалай жүріп жатқандығы туралы құлағдар болады», – деді ол.

Бұл сауданың басты ерекшелігі – халықтық IPO және қор нарығындағы «IPO» арқылы сатылады. Екінші бір жолы – тікелей аукционға шығарылады және бірден жекешелендірілмей, алдымен тек белгілі бір мерзімге сенімді басқаруға тапсыруға да жол беріледі.

Аймақтар да жекешелендіру толқынынан қалыс қалмайды. «Коммуналдық меншік құрылы­мында 82 пайыз әлеуметтік сала ұйымдары бар. Оларды жеке­шелендірудің әлеуеті әзірге аз болып табылады, сондықтан олар коммуналдық меншікте сақталады. Яғни, өңірлердегі мемлекеттік мектептер, емхана-ауруханалар, ауыл-аудан клубтары және басқалары әзірге жекешелендірілмейді. Ал қалған 1 мың 84 ұйымның 416-сын жекешелендіру ұсынылып отыр.

Елімізде ұлттық компанияға ұм­­тылғандар саны да күрт азаюы мүмкін. Экономика және бюд­жеттік жоспарлау министрінің мә­ліметінше, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар құрылымына кіретін 163 активті бәсекелестік ортаға беру ұсынылмақшы. «Оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорынан 106 бейінді актив, «Бәйтерек» холдингінен – 15, «ҚазАгродан» – 32, «Парасаттан» – 8, «Зерде» холдингінен екеуі жеке­шелендіріледі. Бұған қоса, ұлттық холдингтер құрамында жұ­мыс жасап жатқан 60 компания­ны жою, ал 28 ұйымды біріктіру арқылы қайта құру ұсынылып отыр. Осындай реструктуризациялау нәтижесінде, ұлттық холдингтердегі компаниялар саны 36 пайызға кемиді. Бұл – 270 ұйым. Оларда барлығы небары 464 ұйым ғана қалуға тиіс!», – деп атап көрсетті министр.

Республика бойынша квази­мем­лекеттік сектордағы, яғни бюджеттен қаржыландырылатын, бірақ мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын ұйымдардың бірден 782-сін бәсекелестік ортаға тапсыру, тағы 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде. Осынша квазимемлекеттік ұйымның көпшілігі 2016 жылы жекенің қолына көшеді. Бұл Қазақстанда олар үшін шынайы бәсекелестік ортаның қалыптасқанын білдіреді.

 


 

Ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етіледі

Қазақстан Президенті осыдан біршама уақыт бұрын елімізде жекешелендірудің екінші толқыны өткізілетінін атап өткен болатын. Осыған орай, Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда жекешелендірілетін нысандардың тізімі бекітілді.

Мемлекет басшысы жекешелендірудің екінші кезеңіне айрықша мән беріп отыр. Ол кешегі Үкіметтің құрылымын қайта құру мәселесіне арналған алқалы жиында атқарушы билік өкілдеріне бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап көрсетті. "...Бірінші жекешелендірудің қалай өткенін біз білеміз. Қазір жерді де, мүлікті де кері қайтарып алуға тура келуде. Енді бұған жол беруге болмайды”, – деді Елбасы осы жиында. Сонымен бірге, Елбасы жекешелендірудің барынша ашық, жария түрде өтуін қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

Біздің департаментте 2013 жылдың 1 тамызынан бастап сауда электронды түрде өткізілуде. Бұл сатушы мен сатып алушының арасындағы мүмкін болатын қолайсыздықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жекешелендіру өткізетін комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін енгізу үрдіске енді. Осының барлығы сайып келгенде, жекешелендіру бағытындағы сауда-саттықтың ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ететін болады.

 

Серікжан ҚАЛИЕВ,

Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру

департаментінің басшысы.


Кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік

 

Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Ол экономикаға не береді? Біздің пайымдауымызша, ел экономикасына мемлекеттің араласу үлесі азайып, кәсіпкерлер өз тіршілігін жүргізуге мүмкіндік алады. Рынокта шынайы бәсекелестік орта қалыптасады. Біздің көпшілігіміз мемлекеттің қолдауына сүйене бермей, масылдықтан арылып, жаңа сипатта еңбек ететін боламыз.

Мемлекет басшысы жекешелендірудің екінші тоқынын өткізуде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді бірінші кезекке қойып отыр. Бұл – маңызды мәселе. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарындағы жекешелендірудің қалай өткенiн біз жақсы білеміз. Апақ-сапақта, дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кезеңінде жеке­шелендірудің түп төркінін бұқара халық түсіне қойған жоқ. Қолында ықпалы, билігі барлар мемлекет мүлкін барынша қамтып қалғаны жасырын емес. Енді Елбасы бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, кәсіпкерлердің жаңа буыны алдында жаңа мүмкіндіктер жолын кеңінен ашып отыр. Кәсіпкерлердің креативті тобы бұл мүмкіндікті жақсы пайдалана алады ғой деп ойлаймын.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

профессор.
Дайындаған Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
ҚОҒАМ 09 тамыз 2014 г. 1 759 0