Обыр ауруын жеңген ақын (10 жыл бойы дертпен күрескен Асылзат Арыстанбектің оқиғасы)

Жиырмасыншы ғасырдың дерті саналған обыр (рак) ауруы бүгінгі күні де еліміз үшін көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Алайда дер кезінде дәрігер алдына бару кез келген жанды бұл аурудан құлан таза айықтыра алады. Бұған ми қабатындағы  қатерлі ісік диагнозынан жазылған Қызылорда қаласының тумасы, ақын Асылзат Арыстанбек дәлел бола алады.  


Асылзат Арыстанбек 2000 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетін аяқтағаннан кейін өз аулындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Арада бес жыл өткен соң Көкшетау қаласынан шығатын «Бұқпа!» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары болса, кейіннен республикалық «Алаш үні» басылымында жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Ал 2007 жылы елордаға қоныс аударған соң, «Мырза» ер-азаматтар газетіне ауысады. Мұнда да еңбекқорлығымен көзге түскен қарымды журналист кейіннен бас редактордың орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Осы кездері оқырман көңілін өткір мақалаларымен қоса, махаббатқа толы өлеңдерімен жаулаған ақын «Кешір мені, Украина!» сынды жыр жинақтарын басып шығарады. Сонымен қоса, бұл уақытта  шығармашылық жетістіктерден бөлек, ерінің адал жары, балаларының аяулы анасы атанып, әрі ата-енесінің алдында келіндік міндетін атқаруға да үлгереді. Өмірге құштар, ізденуден жалықпайтын ол  өзінің жеке шығармашылық кештерін де өткізеді.

Жаңашылдықты жаны сүйетін ақын  қолы қалт етсе, көздің жауын алатын түрлі әшекей бұйымдарды жасауға кіріседі. Бала кезден кесте тігуді ұнататын ол сол кезден бастап кішігірм бисер, моншақтардан түрлі әшекей заттар жасап тұрған. Ал соңғы бес жылдан бері осы кәсіптің тізгінін ұстап,  тұрақты түрде айналысып келеді. Тіпті ол Нұр-Сұлтан қаласынан өзінің жеке дүкенін ашып, ұлттық нақыштағы қыз-келіншектерге арналған сырға-жүзіктерді оюлап, безендірумен шұғылданады.

Иә, осындай  сүйікті жұмысы барда, жанында жақын адамдары барда, алаңсыз өз кәсібі дөңгелетіп жатқан  қуанышты сәттерін кенеттен денсаулығында табылған аты жаман ауру шорт үзеді. Нақтырақ айтқанда, оған дәрігерлер ми қатерлі ісігінің 2 стадиясы деген диагнозын қояды. Мұндай ауыр кеселге ұшыраған өзге жандар сияқты біздің кейіпкеріміз де алғашында депрессияға  түседі.


– 2008 жылы белгілі болған бұл дерттен кейін мен бәрінен баз кешудің аз-ақ алдында тұрдым. Өмірді, шығармашылықты жақсы көретін көңілім құлазып қалды. Еңсемді көтере алмай, кейде өмірім осылай қысқа бола ма деп те кейідім. Осы кездері бұл кеселден көзімнің көруі нашарлап, бойымды біртіндеп әлсіздік билей бастады.  Өйткені бұған дейін менде бірнеше рет жүрек, талма аурулары болып тұрған. Сондықтан өте ауыр қабылдадым... Әрі сол кездері жасым 30-дан енді асқан еді...

Ақ халатты дәрігерлер ота жасауға болмайтындығын айтып, түсіндіреді. Ал  айығудан үмітін үзбеген оған  ісікті қалыпты жағдайда ұстап тұратын арнайы препараттар салады. Соның көмегімен газеттегі қызметін жалғастырып жүреді. Бірақ та күн өткен сайын әлсіреу, естен тану сынды симптомдар жиі болып тұрғандықтан әрі қызмет процесіндегі келеңсіздіктер көзге,миға қатты әсер еткендіктен тура бес жылдан кейін жұмыстан өз еркімен шығуға тура келеді. Ақыры соңында  осы аурудың салдарынан төсекке таңылып, шашы да біртіндеп түсе бастайды.

– Алдағы бес жыл бойы жұмыссыз үйде отырған кездері өз-өзіме мүлдем ұқсамай кеттім. Тіпті мұны қасымдағы адамдар да байқап, айта бастады. Бір сөзбен айтқанда төсектен тұрғым келмейтін, селқос, ашуланшақ, ауыр науқастың образындағы адам кейпінде болдым. Ал 2015 жылы дәрігерлер ісікті тоқтататын дәрілерді қабылдасам да, «басымдағы ісіктің үлкейіп бара жатқанын айтып, химия жасап көрейік» деді. Жанұшыра дәрігерлердің қарауынан өтіп жүргенде аяғымның ауыр екенін білдім. Дереу «УЗИ-ге түсіп, оның қыз бала екенін біліп, тіпті басты ұмытып кеттім. Өзім қос ұлдың анасы болғандықтан қызды аңсап жүргенмін. Алайда 9 ай бойы дәрігерлер «ол бала кеміс болып тууылуы мүмкін. Сондықтан бас тартқаныңыз жөн» деген кеңестерін айтып, үгіттеген болатын. Соған қарамастан химиядан бастартып, сараптама туралы ешкімге тіс жармай,  қызымды өте ауыр жағдайда дүниеге әкелдім. Өйткені егер айтсам, «босанба» деп айтатындардың көп болуы сөзсіз еді. Аллаға шүкір, қазір Нұрай есімді сол қызымның 12 мүшесі сау. Қазір өте өжет әрі қайсар қыз болып өсіп келе жатыр, - деп күлді Асылзат Арыстанбек

Ал Нұрай алты айдан асқанда анасы қайтадан әлсірей бастайды. Естен тану, мұрыннан қан кету сынды белгілер білінеді.  Тіпті иммунитеті төмендегенін білген ол балаларын ата-әжесіне апарып, онкологиялық ауруханаға қаралуға келеді. Мұнда сараптамадан өткенде дерті 3 стадияның бел ортасында болғанын біледі. Сондықтан бір ай бойы аурухана төсегіне жатып, ем-дом қабылдайды.


– Қазір бастан өткен небір қиын кездерді сөзбен айтып, баяндау оңай көрінеді ғой.. Сол аурухана төсегінде жатқанда да ойша  түрлі сауалдармен өз-өзімді жегідей жейтінмін.  Осы ісікпен 10 жылдан аса күресіп келе жатқандықтан кейде депрессияға түскен кездер болды. Жиі химия ала беруде өте зиянды. Өйткені ол  ағзадағы бүкіл жасушаларды өлтіреді. Тіпті адами қалыптан ажыраймын деп уайым кештім. Сол кездері маған дәрігерлер тарапынан теледидар, телефон жалпы электр құрылғыларына жақындауға тыйым салынған. Соған қарамастан  осы дерттен айыққан адамдар бар екенін білу  үшін интернеттен ақпарат іздей бастадым. Сөйтіп жүргенде, бір күні  американдық жазушы, психолог Луйза Хейдің кітабы қолыма тиді. Бұл психолог қатерлі жатыр ісігінен ойша жаттығулар арқылы небәрі үш айда айығып кеткенін білдім де, бірден маған да неге солай істемеске деген ой келді? Содан жетінші химиядан кейін қолхат жазып, ауруханадан шықтым. Бірақ біз елордада пәтер жалдап тұрғандықтан, бірден  ауылға көшіп кеттік.

Асылзат Қызылорда облысы  Сырдария ауданы маңындағы ауылда тұратын  ата-енесінің қолына келеді. Мұнда келген бойда үш айға арналған бағдарлама жасап, сол бойынша күнделікті ойша жаттығулар жасауға кіріседі. Өйткені кеселден айығу үшін жасалған қайта-қайта тексеріліс, аурухана табалдырығын тоздыру, үздіксіз түрлі препараттарлы қабылдау сынды сәттерді психологиялық тұрғыдан жеңуді мақсат етеді.  Бірақ та сол кездері өзінің осы жаттығуларды дертінен айығу үшін  жасап жүргенін  ешкімге тіс жарып айтпаған. Тура үш айдан кейін  сараптамадан өту үшін елордадағы онкологиялық орталыққа аттанады. Мұнда барлық тексерілістен өткен соң, дәрігерлер «ісіктің орны да қалған жоқ» деген қуанышты хабарды жеткізеді.

Иә, қазір журналистика саласында 15 жылдық тәжірибесі бар қарымды журналистің басынан кешкен қиын күндері артта қалды. Өзге жан баласына тілемейтін аты жаман аурудан ақын  өлеңі мен өнері өмірін сақтап, бүгінгі белестерге жеткізіп отырғанын айтады. Тіпті осы кеселден құлан таза айыққанын естіген өзге жандар кеңес сүрап, жиі хабарласа бастапты. Өйткені олар да өмір үшін күресуде ұстанған оның әдістерін білгісі әрі үйренгісі келеді. Сондықтан қазір қолөнерліктен қолы босай қалса, әлеуметтік желідегі парақшасында қатерлі ісіктің шырмауынан айығуды қалаған жандарға арналған пайдалы ақпараттарымен бөлісіп тұруды әдетке айналдырған. Тіпті осыған қатысты түрлі семинарлар өткізуді қолға алған. Мақсаты – науқастардың дертінен айығуына титтей болса да, өз үлесін қосу.


– Осы ауруға шалдыққандар бірінші стадиясы болса да, бірден өлімге дайындала бастайды. Сөйтіп, өзінің ішкі потенциалы, ішкі иммунитеті бәрі жойылып кетеді. Нәтижесінде құр дене қалады.... Тіпті адамның ақыл-ойы да істен шығып, ауруға толық мойынұсынады. Осы жағдайларды болдырмау үшін адамға күш-қуат, мықты жігер қажет. Күнделікті күн режимін қатал сақтау керек. Мысалы, таңертеңгі таңғы жаттығу, далада серуендеу, көңіл-күйді әркез көтеріңкі ұстау және т.б. Бірақ біз адамдар сондай тегін дүниені де істегуге кейде  құлық танытпай жатамыз. Өйткені біздің психологиямыз қымбат дәрі алсақ, шетелде емделсек ғана жазыламыз деп қалыптасқан. Бұған айтарым, ешқайда бармай-ақ, ешқандай қымбат препарат алмай-ақ көп адам өз-өзін жігерлендіру арқылы ауруды жеңіп шығуға болатынын әлі күнге дейін білмей жүр.

Қазір Асылзат Арыстанбек ешқандай ем-дом қабылдамайды. Әрі кез-келген уақытта дәріге де жүгірмейтінін айтады. Бастысы «дұрыс сөйлеу, дұрыс ойлау, негативтен аулақ болу, қажет ақпараттарды есте сақтау, көп нәрсені жеңіл қабылдау және ағзаға пайдалы дәрумендерді қабылдау арқыры дәрісіз өмір сүруге көшіп келеміз» дейді. Тағдырының қиындығына мойымай оны жеңіп шыққан ақынның басты арманы – адамзат баласының жүрегіне ізгілік нұрын себу.

– Жоғарыда айтқанымдай осы дертпен күресіп жүріп, шығармашылығымды кейінге ысырып қойған едім. Сондықтан биылғы жылды өзіме «Шығармашылық жылы» деп жарияладым. Бұйырса келесі айдан бастап әр қалада шығармашылық кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Оған қоса, алда кем дегенде екі жыр жинағымды жарыққа шығаруды қолға алмақпын. Және онкологиялық дерттен айығуға қатысты өз тәжірибемді қағаз бетіне түсіріп, оны басып, кітап ретінде шығару ойда бар. 

Ел аузындағы «қырық шырақты» деген сөз әсіресе Асылзат Арыстанбектей нағыз күрескер әйелдерге айтылса керек. Бойындағы ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығының арқасында батпандап келген ауыр кеселден жазылып шықты. Семинар мен тренингтер өткізіп, білгенімен бөлісіп жүрген кейіпкерімізге жүрегінің жүз жыл соғып, еңбегінің жемісін көруін тілейміз.

Жалпы мамандар обыр ауруы деген сөзден қорықпауға шақырады. Бойын қатты үрейге билетпей, керісінше дер кезінде дәрігерге қаралып, ем-домды ерте бастап кетсе, құлан-таза айығуға болатындығын айтады. Өкініштісі сол, біздің елімізде дерті қатты асқынған кезде келетіндер саны өте көп. Тіпті олардың арасында дертіне шипаны ақ халатылардан емес, емші-балгерлерден іздеп кететіндер де жетерлік. Ал бұл өте қауіпті екенін айтып, мамандар дабыл қағады...


Сабина Кәкімжан,
ҚОҒАМ 30 қаңтар 2020 г. 1 126 0