КІТАПХАНАШЫ ТАСТАЙБЕК

КІТАПХАНАШЫ ТАСТАЙБЕК

Жіңішкеқұм – аудан орталығынан жырақта орналасқан елді мекеннің бірі. Осы ауылда іргетасы сонау 1946 жылы қаланған кітапхана бүгінге дейін жұртшылықтың сұранысын өтеп келеді. Меңгерушісі Тастайбек Есдәулетов осы жердің төл перзенті. Ол нарықтың кермек дәмі таңдайға татыған қиын кезеңде де туған жерінен табан аударған жоқ. Елден қол үзбеді. Сол үміті ақталды.

Арал ауданында кітапханашы болып жұмыс жасайтын ер адамдар баршылық сынды. Өзге өңірлерде сирек кездесетін, құптарлық жайт. Әулеттің тірегі есептелетін азаматтар кітап оқумен ғана шектелмей ұрпақ санасына ізгілік нұрын сепсе онан асқан ғанибет болар ма?

Сонымен кейіпкеріміз туралы аз-кем дерек бере кетсек. Қарақұмдағы мектепті бітірген Тас­тайбек еңбек көрігінде мейлінше пісіп-жетілді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Жіңішкеқұмдағы қызыл отауға меңгерушілікке тағайындалды. Бұл халқының оған білдірген зор сенімі-тұғын. Ал сенімді ақтамау... Атай көрмеңіз. Тастайбектің табиғатына мүлде жат нәрсе.Тұрғындардың ілтипатына бөлену оңай емес.Тәкең болса, сол биікті бағындырды. Қызыл отау тараған соң Есдәулетовтің кітапханашылыққа келуі сөзіміздің дәлелі. Бұл оңтайландыру саясатының елдің есін алып тұрған кезі. «Әр үйде теледидар бар. Клуб, кітапхананың қажеті қанша?» деген көзқарас Жіңішкеқұмның кітапханасына да кері әсерін тигізді.

Ауыл ағалары тапқырлық танытты. Даурықпаға ермеді, қайта бұ­рын­ғы ғи­ма­­раттың ес­­кілігін же­леу етіп, бос тұр­ған дү­кенді бұ­зып, асарлатып кітапхана салды. Бұл жұмыстардың басы-қасында тағы да Тас­тайбек жүрді. Өзінен сыр тартсаңыз, «Кімге алақан жаясың. Жаңартып едік, игілігін көрудеміз» дейді сабырмен. Әлдебіреулердей «Несін айтасың, жеке қаражатымнан әжептәуір шығындандым» деп кеуде қағудан мүлде аулақ. Осылайша кітапхана жылы әрі жарық ғимаратқа айналды. Қазір мұндағы кітап қоры мол. Оқырмандарды қамту, жаңа әдебиеттерді таныстыру, кітап көрмесі, акция, таным сағаты, пайдалы кеңес өткізу жолға қойылған. РАБИС бағдарламасы қолданысқа енгі­зілген. Тұрғындар электронды кітаппен компьютер арқылы таныса алады.

Жаңалыққа жаны құмар Тастайбек Есдәулетов ауыл өміріне, қоғамдық шараларға белсене араласады. Бірнеше мәрте ауылдық округ бойынша сайлау комиссиясының хатшылығын атқарды. Жуырда кітапханашы ағамыз ҚР мәдениет саласының үздігі атанды. Жары Алтынгүл зейнет демалысында. Балаларының баршасы түрлі мамандық иелері. Бір перзенті мәдениет саласын қалады. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы да.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.


ҚОҒАМ 07 тамыз 2014 г. 839 0