Тұмаудан сақтаныңыз

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дерегіне сүйенсек, былтырғы 1 қазан мен биылғы 9 қаңтар аралығындағы эпидмаусымда облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясының 5872 жағдайы есепке алынып, өткен жылдың эпидмаусымымен салыстырғанда аурушаңдық 12%-ке артқан.
Ауруға шалдыққандардың 72,4%-і (4253) 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде болса, оның 16,7%-ін (782) 1 жасқа дейінгі балалар құрап отыр.    
Тұмау ауруының алдын алу мақсатында 2019-2020 жж. эпидмаусымына 80 000 доза вакцина сатып алынған. Бүгінгі таңда 78199 адам екпе қабылдаған, бұл егілуге жататын контингенттің 100% -ін құрайды. Жұмыс берушілер есебінен де вакцинациялау қарқынды жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алу, эпидемиологиялық ахуалды күрделендірмеу бағытында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастап тұрғындар арасында санитарлық-ағарту жұмыстары күшейді. Жыл сайын 1 қазан мен 1 наурыз аралығы жедел респираторлы вирусты инфекциясының эпидмаусымы болып саналады. Осы орайда мамандар тұмаудың алдын алу бойынша ең алдымен ауруға қарсы екпе жасатуға, адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық бетперде пайдалануға, күнделікті ас мәзірінде С витамині бар өнімдерді мүмкіндігінше көп тұтынуға, дәрігердің ұсынысы бойынша иммунитетті арттыратын препараттар мен құралдарды пайдалануға және салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі дене шынықтырумен айналысуға кеңес береді.

Барлыбек БАТЫР.
ҚОҒАМ 22 қаңтар 2020 г. 751 0