« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аптаның дүйсенбісі күні Шиелі, Жаңақорған аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар барысында жергілікті халықпен жүздесіп, Елбасы тапсырмаларын орындау жолындағы алдағы тұрған міндеттерге тоқталды.
Аймақ басшысы әуелі Шиелі ауданындағы Бестам ауылына ат басын тіреді. Мұнда ауыл тұрғындарының ширек ғасырдан бері қол жеткізе алмай жүрген жаңа типтегі мектеп ғимараты оқушыларды қабылдауға дайын тұр. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында өткен жылдың маусым айында тендер жеңімпазы «Асар» ЖШС екі қабатты, 300 орындық білім ордасының ғимаратын салуды бастап еді, міне, араға жыл сала ауылдың сәнін кіргізген жаңа мектеп ел игілігіне айналуда. Бұл құрылыстың сметалық құны 521 млн. теңге болатын болса, оны дер кезінде толықтай игерген «Асар» ЖШС 3 бөліктен құралатын екі қабатты еңселі білім ордасын сапалы аяқтап шықты.
– Қай кезеңде де ең басты құндылық – білім. Жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқан мемлекетімізде бұл мәселеге айрықша көңіл бөлініп келеді. Өздеріңіз куә болып отырғандай осындай сәулетті мектептер шеткі аймақтардың өзінде бой көтеріп, оларда мыңдаған балалар тәлім-тәрбие алуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ғасыр тоғысындағы бәсекелестікке сай болу үшін- білімге барынша мән берілуі тиіс. Біздің жастарымыз білім мен білікті болуы арқылы өз мақсаттарына жете алады, бұл өз кезегінде мемлекетіміздің іргесінің берік болуына негіз қалайды», деп атап көрсеткен болатын-ды. Міне, сол көреген саясаттың шарапаты шеткі ауыл тұрғындарына да сәулесін түсіріп, ауыл балалары білім құнарынан нәр алуға мүмкіндік алып отыр, – деді Қырымбек Елеуұлы өзінің құттықтау сөзінде.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ардагер-ұстаз Мұхамедияр Сатанов, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осындай қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, ұстаздар қауымы мен оқушылардың талап тұрғысында оқып, елге елеулі азамат болуларына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар ауыл ішіндегі жолдардың жөнделіп, көшелердің жарықтандырылуы да ауыл тұрғындарының сенімін арттырғандығын айтты. Ақсақалдың айтса айтатындай бұрындары әлеуметтік нысандар қамқорлығынан қағажу қалып келген аталмыш ауыл соңғы кездері еңсесін әжептеуір тіктеп, көріктеніп келеді. Биылғы жазда белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Тілеуберген Шәутай өз қаржысына мешіт үйін салып берсе, басқа да жұртшылыққа қызмет ететін орындар жеткілікті. Сонымен қатар, егіншілік саласында да оң өзгерістер жеткілікті. Балташ басқаратын ірілендірілген шаруашылық түрлі дақылдарды орналастырып, одан тиісті дәрежеде өнім алу жолында еңбек етіп келеді. Бестамдықтардың мәдениет және спорт салаларында аудан көлемінде айтарлықтай табыстарға жетіп, өз өнегелерін өзгелерге көрсетуде де алдыңғы сапта екендігін ретті жерінде айта кеткен жөн болар.
Шиелі кентін аралаған кезінде облыс әкімі «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жаңадан ашылған екіқабатты, сәулетті дәріханасының да жұмысымен танысып шықты. Жеке кәсіпкер Нұрлыбек Мырзабековтің өз қаржысымен бой көтерген жаңа форматтағы фарма-маркет дәріханасы сәулетімен қатар, халыққа қызмет көрсету аясының кеңдігі, фармацефтика саласындағы жаңа технологияларды игергендігі ел аузында жүр. Сыр өңірінде тұңғыш қолға алынған бұл жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана эннафэйшен» компаниясының меншік иесімен тығыз байланысы арқылы жүзеге асырылды.
Нарықтық қатынас кезінде есігін ашқан «Мөлдір және компания» толық серіктестігі – аудан тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген ұжым. Ол Шиелі кентінде 3 дәріхана, ал жалпы аудан көлемінде 5 осындай салалық мекемеге иелік етіп келеді. Жаңа ғимараттың жалпы көлемі 136 шаршы метр болса, ғимараттың бірінші қабатына фарма-маркет орналастырылған, тұтынушыларға Робот-қондырғы қызмет көрсетеді. Ал екінші қабатында УЗИ қызметі, ине егу, нүктелі тибет массажы және косметология қызметтері көрсетіледі.
Қырымбек Елеуұлы бұл соңғы жаңалыққа айрықша мән беріп, оның ерекшелігі туралы айтқан жеке кәсіпкер Нұрлан Мырзабековтің таныстыру хабарламасын ықыласпен тыңдады және де мәліметін сауалдармен толықтырды. Бұрын аталмыш жоба бойынша Астана, Өскемен қалаларында халыққа қызмет көрсетілсе, енді міне, Қызылорданың Шиелісінде жүзеге асырылды. Бұл қызметтің сапалылығымен қатар, ұқыптылығы тұтынушыларға қолайлы болса, ақы иесіне де тиімді. Тағы татымды жаңалық – жаңа ғимарат күн сәулесінен қуат алатын қондырғымен қамтамасыз етілген. Елбасының баламалы қуат көздерін пайдалануды жүзеге асыру туралы тапсырмасына сай бұл шеткі аймақтағы нақты істің көрінісі.
Өнеркәсіп саласына да көңіл бөліп, бұл орайда айтарлықтай табысқа жетіп жүрген Шиелі ауданы атакәсіп – ауыл шаруашылығын да өз деңгейінде ұстауға пейілді. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1 млрд. 350 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғы тиісті кезеңге 102,2 пайызды құрады. Аудан бойынша биылғы жылы 24030 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, оның ішінде 8600 га күріш дақылы. Көктемгі дала жұмыстарына шаруашылықтар «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» арқылы 190 млн. теңге несие қаражатын алды.
Дәнді дақылдармен қатар, шиелілік диқандар бақша, көкөніс егу жұмыстарын жете меңгерген. Өз қарауындағы дақылдарды уақытылы егіп, оны күтіп-баптауды өз дәрежесінде атқарып келе жатқан төрт ірі шаруашылықтың бірі Гигант ауылдық округіндегі «Бидайкөл» шаруа қожалығы. Ұжымда 1153 адамның үлесі бар болатын болса, нақты кезеңде шаруашылықта 105 адам жұмыс жасайды. Өткен жылғы күзде 60 гектар күздік бидай, көктемде бүркеме жоңышқа егіліп, 393 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Бүгінгі күнге 250 гектар күріш егіліп, 150 гектары суға бастырылды. Шаруашылық «СПК Байқоңыр» АҚ-дан 40 млн. теңгеге көктемгі дала жұмыстарына сұраныс жасаса, әзірге 16 млн. теңге алып, қажетіне жаратуда. Бұл жөнінде шаруашылық төрағасы Абжапбар Тұрманұлы мәлімдеме жасады.
Аймақ басшысы аталмыш шаруашылықтың бақша дақылдарын егу, күту жұмыстарымен танысып, жұмысшылармен пікірлесті.
Қырымбек Көшербаевтың оңтүстік аудандардағы сапары бұдан соң Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық ауылында жалғасты. Бұл ауыл тұрғындары да биылғы жылы көтеріңкі көңіл күйде, ауылда 600 балаға арналған жаңа мектеп ғимараты салынып, алдағы күзде мектеп оқушыларын қабылдауға дайын тұр. Мектептің ашылу салтанатында облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ауыл мектебінен еліміздің болашағына аянбай қызмет жасайтын қайраткерлердің көптеп шығуына тілектестігін білдірді. Әрине, ол үшін алдымен үлгерімді сабақ пен тәлімді тәрбие өріс алуы тиіс. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Жұбатқанов ауылдастары атынан әкімге ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Елбасының тапсырмасына орай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ұмытылмауы тиіс. Мол табыс тауып келе жатқан кәсіпорындар жергілікті тұрғындардың өтініштеріне назар аударып, оларға мүмкіндігіне орай көмектесіп отырса, бұл құба-құп сауапты істердің бірі. «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК жергілікті атқарушы биліктің өтініші бойынша 50 балаға арналған екіқабатты балабақша ғимаратын сыйға тартты. Онда әрбір топтың өз жатын бөлмесі, асхана, жуынатын бөлмелері қолайлы етіп салынса, айналасы жасыл желекпен көмкерілген. Бұл ғимарат №3 «Жалын» балабақшасының есебіне өткізіліп, өз жұмысын жалғастырып келеді. Облыс әкімі тәрбиешілермен сөйлесіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеу барысына мән берді.
– Елбасы тапсырмасына орай 2020 жылға барлық елді мекен балалар мекемесімен қамтамасыз етілуі тиіс болса, біздің облыста бұл 90 пайызға орындалып тұр. Ал алдағы жылы қалған 10 пайызды қамтамасыз етіп, тапсырманы мерзімінен бұрын орындаймыз деп отырмыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Сапар барысында әкім Жаңақорған ауданы орталығындағы кітапхана ғимаратында болды. Мұнда 24 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нақты кезеңде көптеген іс-шаралар атқарылып жатқандығына назар аударды. Әкім осыдан соң «Жаңақорған шипажайына» соғып, емдеу, келушілердің демалыс барысын ұйымдастыруымен танысты. Шипажай директоры Б.Абдуллаев меймандарды санаторийдің жұмыс барысымен хабардар етті.
Облыс әкімінің іссапары барысында Шиелі, Жаңақорған аудандарының әкімдері Қ.Сәрсенбаев, С.Тәуіпбаев бірге болды.
Нұрмахан Елтай.
Шиелі, Жаңақорған ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |