ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН ОЙЛАЙМЫЗ

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН ОЙЛАЙМЫЗ

Облыс дамуына дем беріп келе жатқан «Игілік» қоры бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің ай­қын айғағы іспетті. Бүгінде әлеу­меттің әлсіз топтарын қолдаумен шектелмей аймақтағы бірқатар жобаларға демеушілік көрсетіп келе жатқан «Игіліктің» игілігі барша Сыр жұртына ортақ болып отыр.

«Игiлiк» қорының директоры Ақтолқын Шерехан қордың жыл басынан бері атқарған жұмыстары жайлы төмендегі сұхбатта кеңінен баян етеді.

– Жұрт ұғымында "Игілік” халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған жоба. Бүгінгі күні Қызылорда – табысы аз, күнкөрісі төмен жандары көп аймақтың бірі. Қаржыландыру көздеріне қарағанда тұрмысы төмен отбасыларға бері­летін қаржы көлемі айтарлықтай көп көрінбейді. Біздің дарынды балаларымыз Ла-Скалаға барып ән салғанның орнына біреу болса да мұқтаж бір отбасының жағдайын неге түземеске деген пікірлердің де бар екендігін жасыра алмаймыз.

– Әр адамның жақсы өмір сүруі оның өзінің өмір жолын қалай бастағанына, талпынысына, құлшынысына байланысты деп ойлаймын. Әрине, мақсатқа, табысқа қол жеткізуде кедергілер әркімнің де жолында кездеседі.

Қазіргі заман – табыс табамын, өз тұрмысымды, өмір сүру қалпымды жақсартамын деген адамға мүмкіндігі мол заман. Қазіргі уақытта жұмыс жоқ деушілермен қатар электрик, газбен дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, бала күтуші, үй қызметкері, бетон құюшы сияқты жұмысшыларды іздеушілер де көп. Теледидар мен газеттегі хабарландырулардан еңбек рыногында қаншама жұмыс қолына сұраныс бар екендігі байқалады. Мәселе сонда, көп жұрт жұмысшы мамандығын менсінбейді. Қара жұмыс істеуді ар көреді. Нәтижесінде жалған намыспен жұмыссыз, табыссыз өзін де, отбасын да мұқтаждыққа әкеледі. Бұл бір жағы болса, екіншіден қазір талғам мен сапа заманы, сондай-ақ бәсекелестік кезеңінде мінсіз талапқа, жоғары сұранысқа сай болу үшін дипломды жай маман болу жеткіліксіз. Бесаспап, айтыла беретіндей сегіз сырлы, жеті қырлы, үнемі ізденісте өз-өзін жетілдіріп отыратын маман қайсыбір еңбек нарығында болмасын, өтімді.

Мәселен, қазір дипломды заңгер көп, бірақ сауаттысы аз, сол сияқты мұғалімнің де, дәрігердің де тәуірін іздейміз. Көпке топырақ шашқандай болмайын, қазір жастар арасында ұйымдастыру қабілеті аз, еріншек, жалқаулар көп. Әйтпесе өңірде жұмыс, табыс көзі жоқтықтан күнкөрісі төмен жандар көп деп кесіп айтуға келіспеймін. Статистикаға жүгінсек, Қызылорда облысы бойынша биылғы жылдың 1 маусымына 745 606 халық тіркелсе, оның ішінде жұмысқа жарамды халықтың арасында жұмыссыздық саны 5,2 % көрсеткішті көрсетеді. Бұл 100 % деп алғанда жақсы көрсеткіш дейді мамандар. Қор қызметі барысында қаншама адамдарды көреміз, арыз жазып, оп-оңай жеңіл ақша табуды кәсіп қылғандар қаншама. Осындай әр жерден ақша сұрап, кәсіп еткендер қорға бір жылда бірнеше рет келеді. Бір қызығы, көп балалы немесе асыраушысы қайтыс болған, ауыр науқасқа шалдыққан отбасы мүшелері барлар қаржы сұрап келе бермейді, ондай жағдайлы отбасы балалары түрлі салада, қара жұмыс болса да табыс табуға тырысады.

Ал сұрағыңызға келсек, денсаулығы бар бола тұра еңбек еткісі келмейтін масылдық ниеттегі, жұмысқа қабілетті, бірақ ынтасы жоқ, дипломы бар бірақ икемі кем мұқтаждар үшін дарындыларды құрбан етудің, тіпті дарынды балалар мен мұқтаж жандарды салыстыра айтудың қажеті жоқ дер едім. Дарынды балаларға қазір инвестиция салсақ, олар біздің – ертеңгі капитал. Қазақстанды экономикалық, әлеуметтік, барлық жағынан көтеретін де, ертеңгі күні жаңа жұмыс орындарын ашатын да сол дарындылар. Қалталары көтеретін азаматтар өнерлі, дарынды балаларын біздің қорға тіпті алып келмейді де. Біз тұрмысы төмен, мұқтаж жандардың отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсетеміз. Егер Игілікке жиналған ақшаны бір бағытқа ғана таратып беріп отырсақ, еліміз болашаққа қалай өсер деп ойлайсыз? Аймақта соңғы кездері бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысан құрылыстарына, өнер мен мәдениетті, елді мекендерді абаттандыру, спорт пен денсаулыққа, тағы да басқа ҮЕҰ-ның әлеуметтік маңызы бар жобаларына қолдау көрсету қайда қалмақ? Жалпы әрқалай себептермен күнкөрісі төмен азаматтардың көп болуы барлық дамып келе жатқан елдерде кездесетін жағдай.

Бізде сіз айтып отырғандай адамдардың арнайы тізімі бар,өкінішке орай оңай жолмен, арам пиғылмен, ақша алуды көздейтін, Үкімет міндетті деген қағидамен алақан жайып, тіпті сұрағанын ала алмаса айқайлап, әр жерге арызданып, қорқытып көмек сұрап келетіндер саны бүгін азаймасы да анық. Біз тек көпбалалы аналарға, асыраушысы жоқ бес баладан көп баласы бар отбасына, немесе ауыр науқас болғандарға көмек көрсетіп келеміз, мүгедек немесе терең ауруға шалдыққан балалардың шетелге, ТМД елдеріне ем қабылдауын толық қаржыландырмасақ та, оған қосар үлесіміз мол. Аружан Саинның «Милосердие» қайырымдылық қорымен бірлесе жұмыс жасап, экологиялық аймақтан шыққан науқас балалардың шетелге барып емделуіне қолдау жасап келеміз. Келешекте «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорымен бірлескен қайырымдылық жобалардың негізін құру да ойымызда бар.

Қорыта айтқанда, «Игілікке» тұрғындардың тек тұрмысын жақсар­татын бағытта ғана емес, алдыңғы кезекте облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосатын қор ретінде қарау керек. Бізде жұмыссыздық көп, экологиялық аймақпыз деп жарияға жар сала бергеннен гөрі, керісінше, қазіргі кездері бүкіл әлем жанталаса ұмтылып жатқан жаһандық нарықта өз орнымызды алуға ұмтылуымыз керек.

– «Игіліктің» игілікті жобаларының бірі облыс орталығы – Қызылорда қаласының келбетін жақсарту бағытындағы тың бастамалар. Қаншама әңгіме-сөз болғанымен «Игіліктің» «Мұз-айдыны» – бүгінде барша жұрттың көзайымы. Сол сияқты биыл жобаланған «Қызылорда қаласында 3000 орындық ипподром құрылысын салу» жобасы үлкен қызығушылық туғызып отыр.

- Жұмыс жүрген жерде әңгіме-сөз жүреді. Жұмыс болмаса, айтылар сөз де болмас еді. «Мұз айдынын» салар кезде де – соның не керегі бар, қанша ақшаны шығын етіп деген уәждер айтылды, мұқтаждарға бермей ме сол ақшаны деп арыз жазғандар да кездесті. Ал қазір облыс тұрғындарының игілігіне жарап отырған «Мұз айдынына» қаншама отбасылар демалуға барады, жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орны болды, тіпті журналистердің де жақсы фонда сұхбат алатын жеріне айналды. Ол үшін ең алдымен осы жобаға демеуші болған «ҚазГерМұнай», «ПетроҚазақстан» және тағы да басқа мұнай компания­ларына үлкен алғысымызды білдіреміз!

Биылғы жылы да, жылдар бойы жоспарланып, шығыны есептеліп келе жатқан жобаның құрылысы басталуда, ол – «Қызылорда қаласында 3000 орындық ипподром құрылысы». Жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде, 1-кезеңі басталды, ол 4 ай жүргізіледі, келесі жылы 2 айға жуық жоба жалғасады. Алдағы уақытта ат спортын жанындай жақсы көретін, алайда ескі ипподромның жарамсыздығына орай бұл қызығушылықтан шетқақпай қалған ел игілігіне бұл құрылыстың жарары сөзсіз. Сондай-ақ, Ипподром маңынан қосымша құрылыс нысандарының салынуы да жоспарлануда. Бұл аймақ қазақ ұлтына тән ұлттық ойындар өткізіліп, облыс бойынша бұқаралық маңызды іс-шаралар ұйымдастыруға қолайлы орын болады. Алдағы уақытта бұның да ел игілігіне жарары сөзсіз. Сонымен қатар, "Игілік” қоры облыста салынатын бұдан да басқа көптеген қажетті құрылыс нысандарының бой көтеруіне үлес қосатын болады.

– Тағы бір жоба «Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «SOS Kіnderdorf» балалар ауылының құрылысы жүзеге асар болса, бұл бір «Игілік» үшін ғана емес, барша жұрт үшін ізгілікті іс болар еді.

– Балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында осы санаттағы балалардың құқықтарын қорғауға қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір бала отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқылы. Отбасы қоғамның негізгі құрамы болып табылады, әрбір бала отбасында ғана ананың аялы алақанын, махаббатын сезінеді, айналамен қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады, өз халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіреді, дүниетанымы мен діни көзқарастары қалыптасады, яғни отбасы бар адамның белгілі бір қоғам мен өркениеттің бір бөлшегі ретінде өмірден өз орнын табуына ықпал етеді. Сондықтан да мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, әр баланың отбасында тәрбиелену мүмкіндігін қамтамасыз етуге барынша жағдай жасауды міндет етіп отыр. Міне, бұл жоба сол мүмкіндіктің бастамасы десек болады. «Игілік» қоры бұған дейін де жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне қолдау көрсетіп келеді, балаларға демеушілік қолдаудың дұрыс бөлініп, дұрыс жұмсалуын қадағалап, балалар арасында бауырмалдық қасиеттерді тәрбиелеуге арналған жобалар ұйымдастырып, жетім балалар арасында жарыстар, әртүрлі қызықты шаралар өткізіп тұрады. Және балалар үйі тәрбиеленушілері атынан алғыстан басқа еш сөз келген емес. Тек бүгінгі күні, біз алғаш рет осыны мақтан тұтып айта аламыз. Өзіңіз білесіз, Елбасы Қазақстан халқына «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жетімдерді асырап алуды және отбасылық үлгідегі балалар үйлерінің салынуын көтермелеу қажет екендігін атап көрсеткен болатын. «Игілік» қоры осы жобаның көмекшісі. Бұл отбасылық үлгідегі балалар үйі құрылысына жер бөлініп, жоба жасалуда, түсіндіріп айтсам, он шақты үйде біртоп жетім бала бір отбасыдай өмір сүруін жалғастырады. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, Осы айдың басында құрылысы басталып, жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.

– Шындап келгенде, Сіз үшін аталған жобалардың қаржысын бөліп, жайбарақат отыруға болады. Алайда, қайсыбір жобаға болмасын шын жанашырлығыңыз байқалады. Бұдан біршама уақыт бұрын «Игіліктің» игілігін алыс ауылдар да сезінсе деп армандайтын едіңіз. Арманға қол жеткізе алдыңыз ба?

– Алыс ауылдардан бізге көбіне мұқтаж жандар келіп қайырымдылық көмек сұрайды. Сонымен қатар, ҮЕҰ-ның арасында алыс ауылдарды қамтып жұмыс атқаратындар көп. Биылғы жылдың өзінде «Әлеуметтік коммуникациялық жастар клубы» жастар қоғамдық бірлестігі - Тереңөзек ауданында, «Жосалы» Корпоративтік қоры – Жосалы кентінде, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Сырдария» корпоративтік қоры – Тереңөзек кентінде, «Әлібатырованың түкті кілем үйрету шеберханасы» қоғамдық бірлестігі – Айдарлы ауылдық округінде, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі – Арал ауылдарында, «Региональный центр экологии и охраны здоровья населения Приаралья» қоғамдық бірлестігі – Арал ауданында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып келеді. Жақында «Жігер» Қызылорда облысының спортшы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің жобасы аясында Талсуат елді мекенінде өткізілген спорттық іс-шарасына қатысып келдік. Барлық ҮЕҰ-лар облыстық болғандықтан облыс аумағында жұмыс атқарылатыны сөзсіз. Олардың әр өткізген семинарында, «дөңгелек үстөл», мәдени іс-шараларында, немесе халықпен өткізілетін жиындарда «Игілік» қорының демеушілігі сезілері анық, сол елдің проблемаларын ҮЕҰ-мен біз бірлесе отырып, шешімін табуға тырысамыз. "Игілік” жобалары арқасында Сыр өңірі жастары дүниетанымын кеңейтіп, көп нәрсені үйреніп, бүгінгі күнге тіршілік етуге, өмір сүруге бейімделіп, өз білімдері мен күш-жігерлерін өз мақсаттарының орындалуына жұмсап келеді, қоғамдық жұмыстарға қызығушылықпен қатысып, аса белсенділік танытуда десек, қателеспейміз. Жобалардан бөлек Арал ауданы "Шөміш-Қамысбасты” учаскесі теміржол құрылысын, Арал және Төретам кентіндегі спорттық және балалар алаңын, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарының ауызсумен қамтамасыз етілуі, Сырдария ауданындағы "Жас отау” клубының ашылуы (үш­жақты келісім-шарт бойынша), Арал ауданындағы мұражай құрылысын атап өткеніміз жөн болар.

– «Игілік» ізгі істері – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі екені анық. Дегенменен, кейбір ҮЕҰ-лар, қоғам белсенділері тарапынан бизнестің қолдауын сезінбейміз деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Сіздің көзқарасыңыз? Бәлкім, бәрін бір қорға жинақтағаннан кейін, қаржы бәріне жете бермейтін болар?

– «Игіліктің» ізгі істері – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі екені анық, бірақ "Судың да сұрауы бар”. Бізге де сенімсіздік танытқан бизнес өкілдері болды, бәлкім әлде де бар да шығар, бірақ біз, өзіміздің тиянақтылығымызбен, жауапкершілігімізбен, әр бөлінген қаржыға жасаған жүйелі, таза есебімізбен олардың сеніміне ие болдық. Қазіргі кезде, сол бизнес өкілдері бізге өздері ұсыныс білдіріп, осындай іс-шараны бірге атқарсақ немесе есебін бірге есептесек деген жобалар ұсынуда. Біз ешқашан ондай ұсыныстарды кері қайтарған емеспіз, керісінше бірлесіп белсенді жұмыс жасаймыз. Ал бизнестің қолдауын сезінбейміз дегенді асыра сілтеп айтылған деп есептеймін. Бизнес өкілдері бизнес бастар кезде қаржы жетіспеушілігі, қажетті маман тапшылығы, сансыз тексерістер дегендей көптеген проблемалармен кездеседі. Тек осы тұста қайраттылық танытып қайыспаған бизнес ғана аяғына нық тұрып кейін жемісін береді. Оларды ретсіз кінәлауға болмайды. Олардың жүздеген, тіпті мыңдаған жұмыс орнын ашуы, елді жұмыспен қамтамасыз етуі, олардың тарапынан төленетін әлеуметтік салық, міндетті әлеуметтік төлем, міндетті зейнетақы жарналары, әр мерекеде берілетін сыйақы – мұның барлығы әлеуметтік жауапкершілікке жатады. Бизнес өкілдері арқылы мемлекетке қаншама қаржы түседі. Қайсыбір бизнес құрылымдары болмасын, мейлі шағын, орта болсын, әрине біздің жағдайымызда ірі кәсіпкерлік санаулы болғанымен, әрқайсысы қолдан келгенше, мүмкіндігіне қарай елге қолдау көрсетуге, тіпті өз жағдайы асып-төгіліп тұрмаса да, елден қалмай, ораза кезінде жамағатқа ауызашар өткізуге, жетімдер үйін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырысып жатады.ҮЕҰ-лар «Игілік» қоры арқылы түрлі жобаларға қатысуда. Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Бұл – Елбасының ұстанымы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның экономикалық дамуы да тұрақты бола түседі. Сондықтан Елбасы айтқандай, бизнесті дамыту үшін жеке меншік институттарын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық құқықтық нормалардың күшін жою керек. Бизнесті мамандандыру, келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасын дамыту шараларын қабылдау және бизнесмендерге әдістемелік көмек тетіктерін жасау керек.

Өзіңізбен осы сұхбатты пайдалана отырып, қор серіктестеріне, яғни ірі бизнес құрылымдарына алғыс білдіргім келеді. Қорға қаржы аударып отырған кәсіпкерлердің, бизнес өкілдерінің "Игілікті” өздеріне әріптес деп таңдағандары біз үшін – үлкен жауапкершілік.

Біз әрдайым олардың мақсат-мүдделерін, еріктерін жүзеге асыруға аянбаймыз. Әлеуметтік жауапкершілік танытып отырған серіктестерімізге қор атынан, осы қордан қаржы алып, жобаларын жүзеге асырып жатқан ҮЕҰ-лар, жоба жетекшілері атынан, жалпы жоба игілігін көріп жатқан облыс тұрғындары атынан "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ, "ҚазГерМұнай” ЖШС, "ҚОР” Мұнай компаниясы АҚ, "Торғай Петролеум” АҚ, "Универ Строй” ЖШС, "КНЛК Интернешнл Қазақстан Инк” ЖШС, "Фрак Джет” ЖШС, "Сибу – Кызылорда” ЖШС, "Темір банк” АҚ, "Сырдария Нефтесервис” ЖШС, "НТ и ИК Хайлон” ЖШС және тағы басқа әріптестерімізге рахмет айтқым келеді. Міне, осылар ел алғысын арқалаған "Игіліктің” сенімді серіктестері. Қорыта айтқанда, бизнес өкілдерін кінәлағаннан бұрын керісінше қолдау керек деп есептеймін.

– «Игіліктің» бүгінгі сипаты: әлеуметтік қор, әлеуметтік қаржы институты. Бүгінге осының қайсысы сізге жақын?

– Басқаларға қарағанда әлеуметтік қаржы институты – қоғамның әлеуметтік жағдайын зерттейтін, сонымен қатар орын алған проблемаларды шешуге үлес қосатын қаржылық құрылым. Осы тұрғыда «Игілікке» ең жақыны әлеуметтік қаржы институты. Әрине, әлеуметтік қордан бастау алдық. Қорға жұмыс жасау формасын енгіздік: Қордың Басқарушы орган қызметі туралы ЕРЕЖЕсін, қордың басқарушы органының құрамын, жоғары басқарушы орган, Коллегиалдық орган, жеке атқарушы орган, бақылаушы орган, қосымша органды тағайындап бекіттік, Қордың Қамқоршылық Кеңес қызметі туралы ЕРЕЖЕ, қор директоры және Тәуелсіз директордың өзара қатынасының тәртібі туралы ЕРЕЖЕ, Қаржы қаражатын бөлу тәртібі туралы ЕРЕЖЕ жасадық, қордың Атқарушы ұйымына түскен қаржыландыру өтінімін қарау процесінің сызбасын әзірледік, Қаржыландыру досьесін құрастыру тәртібі туралы ЕРЕЖЕ, осы ЕРЕЖЕДЕ қолданылатын негізгі ұғымдарды енгіздік, қаржыландыруға қажетті құжаттар тізімі әзірленді, қаржыландыру досьесінің қалыптастыру тәртібі бекітілді. Қазіргі кезде де, жұмыс жасау системамызға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Жеті жылдың ішінде нақты қалыптасқан институт құрылды. Қарапайым қаржыландыру процесін түсіндіріп кетсем: алдымен өтінім қордың қабылдау бөлмесінде тіркеледі; өтінім одан әрі Атқарушы органмен пысықталады. Пысықталған өтінім Қордың Қамқоршылық кеңесінің қарауына жіберіледі; Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімін алған соң Тәуелсіз директор қорытынды шығарып, Атқарушы органға жіберіледі; Шешім оң болған жағдайда Атқарушы орган қаржыландыруды іске асырады, ал теріс шешім болған жағдайда, соған сәйкес жазбаша хабарлама жіберіледі. Жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер толық пысықталып, тиісті құжаттары жинақталып, өтінішке сәйкес тұрмыс жағдайы қор мамандарымен тексеріліп, қызметтік хат берілгеннен кейін ғана Қамқоршылық кеңес отырысына ұсынылады. Жалпы алғанда қор қызметі жүйесі де қаражат бағытының айқын мақсаттылығына, ашықтығын қамтамасыз ететін деңгейге келтірілген.

– Жеке кәсіпкер, І-топ мүгедегі Мейрамбек Шуетовтің «Жиһаз өнім­дерін шығара отырып әлеуметтік жағдайы төмен жандарды жұ­мыспен қамту жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсету» сияқты жобалар неге аз? Мұндай жобалар жасайтын Мейрамбек сияқты жандар тапшы ма, әлде мұндай жоба авторларына сенімсіздік басым ба?

– «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн» -деп, Елбасы Халыққа Жолдауында міндет қойды. Әрине, Мейрамбек секілді еңбекқор азаматтар тапшы, қайталап айтам, оңай жолмен олжа іздеушілер саны көп. «Игілік» қоры мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен азаматтар жақсы жоба ұсынып жатса, оларға көмек көрсеткеннен бағытын өзгерткен емес. Бұл біздің қағидамызға айналған десек те болады. Мысалы, I топ мүгедегі, қолдаушысыз жүріп тұра алмайтын Мейрамбек Шуетовқа 2009 жылы фотосалон ашуға көмек бергенбіз, Мейрамбек өз кәсібін алға нық қойып, сенімге ие болған соң биылғы жылы да тұрмысы төмен, даму мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту арқылы жүзеге асатын әлеуметтік маңызы бар жобасын орындауға қолдау көрсеттік, сонымен қатар көпбалалы, асыраушысы, не баспанасы жоқ Зейнеш Әлжимбаеваның «Шаңырақ» жобасына, Жанат Аликулованың мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс атқаруға, оларды қоғаммен белсенді байланыстыруға, өз құқықтарын қорғауға бағытталған жобасын қолға алып, жұмыс жасаудамыз. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты халық. Біз сол үшін еңбек етуіміз керек.

– Демеушілік қолдау көрсетілгендердің тізімі жыл сайын жаңартылатыны сөзсіз. Алайда жұмысы жоқ, күнкөрісі төмен, отбасында науқас, мүгедегі бар жандарға тұрақты қолдау жасау жолдары жоқ па? Әлде масылдық пиғылды күшейтіп аламыз ба?

– Жұмысы жоқ, тұрмыс жағдайы төмен, мүгедек жандарға бір рет көмек берілгеннен кейін олар әрі қарай алып кетуі тиіс деп түсінемін. Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа жетуіміздің маңызды индикаторы. Дегенмен, егер жұмыссыздарды тұрақты қамқорлыққа алар болсақ, жатып ішерлер саны тіптен көбейіп кетері анық. Ал мүгедек, науқастарға келер болсақ, мұндай азаматтарға Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Тек сол қолдауға сеніп немесе кері түсініп, босаншылық танытпау керек. Алға қарай ұмтылыс әр адамның алға қойған мақсаттарының бірі болған жөн. Зымырап өтіп жатқан заманда алақан жайып көмек сұрағаннан гөрі аяққа нық тұрудың амалдарын қарастыру керек.

– «Игіліктің» саясатқа араласпайтыны белгілі. Ал, Ақтолқын Шерехан ше? Қанша дегенімен іскер, талапшыл, беделді қыз-келіншектеріміз көп емес қой?

– Дұрыс айтасыз, «Игілік» саясатқа араласпайды. Алайда, жоғарыда айтылған жоба жұмыстарынан байқалатыны қор қызметі елдегі әлеуметтік-экономикалық бағдарламалармен, үкіметтің жүзеге асырып жатқан реформаларымен, Елбасының саясатымен тікелей байланысты. Қор қызметін қоғам мүддесімен, уақыт талабымен, жұртшылық сұранысымен бір бағытта үйлестіріп жүйелі жүзеге асыруда саясатты түсінбесем, немесе онда шаруам жоқ десем, бұл менің үлкен кемшілігім болар еді. Жалпы мен қоғамдық жұмыстарға көп қатысамын. 2013 жылы Қызылорда облысы бойынша саясаткер әйелдер клубының мүшесі болып қабылдандым. Саясат алғашында мемлекеттік және қоғамдық істер немесе мемлекеттік басқару шеберлігі деген мағынаны білдірген. Кейін келе оның мағынасы кеңейе түсті. Саясаттағы интеллигенцияны екіге бөліп қарастыруға болады: жоғары деңгейде жіктелген жалдамалы жұмысшы күші және «еркін» ойлаушылар. Жалдамалы жұмысшы күш ретінде интеллигенция бүкіл саяси құрылымды қамтиды. Бұл – қызметкерлер, бюрократия, саяси партиялар мүшесі, идеологтар, элита өкілдерінің бір бөлігі. Сонымен интеллигенцияның бұл бөлігі қарама-қайшылықты жағдайда, себебі олардың сана еркіндігі саяси институттарға мүшелігіне байланысты олардың заңдылықтарымен шектеледі.

Интеллигенцияның екінші бөлігі сандық тұрғыдан көп емес, әрі олар идеологиялық міндеттемелерден азат. Бұл әлеуметтік топ нақты әлеуметтік-саяси қатынастардан жоғары тұрады. Олардың саяси және әлеуметтік тәжірибені саналы түсінуге толық мүмкіндіктері бар. Өз кезегінде бұл қоғамға өзін ұйымдастыруда, әлеуметтік сілкіністерді азайтуға көмектеседі. Мен сол еркін ойлаушылардың қатарындамын. Бүгінде, аз болса да әйел адамдар мемлекеттің дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық сананың бір тетігі болып жүр. Қазіргі қоғамның дамуы жағдайында қоғамдық санадан тыс өмір сүру мумкін емес. Расында да, сен онымен айналыспаймын дегенмен, оның сенімен айналысатын жөні бар, бұл саясат дегеннің...

– Қор қаржысының қайтарымын бақылай аласыз ба?

– Жарты жыл сайын берілетін есептемеге, жобаларға талдау қоса беріледі. Осы жартыжылдық қорытынды жасалған кезде, қанша ақша бөлінгендігін, қор тапшылығы, жоспарға сай немесе жоспардан асып жұмыс атқарғанымыз, жоба бойынша қай ҮЕҰ-ның қарызы бар екендігіне дейін барлығы көрініп тұрады. Әр бағыт бойынша жұмыс ол ауқымды жұмыс. Жарғы бойынша 11 бағыттың 7-і қазіргі кезде қарқынды жұмыс жасап тұр. Яғни, бұл қайтарымы бар бағыттар болуы себепті. Мысалы: ҮЕҰ-ның жобаларының қайтарымы болған соң жыл сайын Меморандумға отырамыз, ҮЕҰ-ның аймақ дамуына қосар үлесі зор. Олардың қарамағында жүздеген адамдар бар. Науқас балалар денсаулықтарын түзетіп алғыс білдіріп жатады. Дарынды балаларға бөлінген ақшаның қайтарымы анық – әр демеушілік алған дарындар міндетті түрде жеңіспен оралады. Мысалы, №9 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының үздік оқушылары Әуесхан Назарбек және Назар Нұрғиса Түркия мемлекеті Стамбул қаласында өткізілген Халықаралық «INEPO-TURKEY» ғылыми жобалар байқауына физика пәні бойынша «Изучение влияния тепловых процессов асфальтобетонных дорожных покрытие на микроклимат города» атты ғылыми жобасымен қатысып, жүлделі 3-ші орын иемденді. Міне, бұл да "Игілік” бөлген қаржының қайтарымы. Қызылорда облысынан, ертең өтетін «ЭКСПО – 2017»-ге ғылыми жобалар көптеп шығады деп ойлаймын. Қор қаржысының барлығы ауқымды, белгілі бір мақсатты көздейді, әрі қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.

– Қор тұрмысы төмендерге қайырымды, дарындылар мен таланттыларға демеуші, кәсіпкерлердің, ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобаларын қолдаушы ретінде жүректерге жол тапқаны анық. Алайда, қор басқарушысы А.Шерехан қандай жан? Соншалықты, қайырымды, есепшіл, үнемшіл болып көрінгіңіз келеді?.. Әлде басқаша кейіп танытқыңыз келеді ме?

– Жұмыстың талабы бойынша есепшіл, үнемшіл, әрі қатал басшымын. Себебі, қаржы болғандықтан әр тиынға дейін нақтылы есеп беру қажет. Егер сондай мейірімді, қайырымды болып ақшаны шашып немесе қаржының қалай жұмсалуын білмей отырсам, облыстық қорда басшы болып отыруым көпке бармас еді. Менің қояр талабым бар, сабырлымын, өмірлік ұстанымым: ашықтық, жариялылық, қандай істі бастасам да қолға алып, шын пейіліммен соңына дейін жеткізу! Әрине, отбасымда мейірімді, адал жар, қамқоршы анамын, жолдастарымның арасында сыйлымын, өзімді еркін ұстаймын. Қызметкерлермен шынайымын. Бұны екіжүзділік деп түсінбеймін, керісінше жан-жақтылық деп білемін.

– Жалпы қор қызметінде көңіліңізге қонбайтын тұстар немесе өте қанағаттанатын кездер...

– Әрине, жұмыс болған соң көңілге қонбайтын кездер болып тұрады. Бірақ кемшіліктермен жұмыс жасай білетін және сол қателіктерді кейін қайталамауға тырысатын ұжымбыз. Осы сұрағыңызды пайдаланып, айта кеткім келеді, «Игілік» жай ғана қор, мекеме емес. Бізде де қатаң талап, ереже мен тәртіптеріміз бар, қызметкерлердің өзіне қойылған нақтылы функционалдық міндеттері бар. Бізді тек қор ретінде қабылдамау керек. Жоғарыда атап өткендей, б–- тексеру комиссиясы, олардың әрқайсысы қоғамдық бастамамен қызмет атқаратын, лауазымды тұлғалар. «Игілік» қорының беделі – олардың да беделі. Бұны айтқан себебім, кейбір мекемелер, заңды және жеке тұлғалар өзінің жұмысымен қоса біздің талаптарымызға да жеңіл-желпі қарап, кері пікір қалыптастырады. Әрине, түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізуге тырысамыз, дегенменен мансап пен беделді жоғары қойып менменсіп келетін азаматтардың қатары аз емес.

Ал, қанағаттанатын кездер – жобалар керемет, оң нәтижемен аяқталып, «Игілік» қоры мен мұнай компанияларының қаржыландыруымен біткен іс деп жұртшылық мақтау, рахмет айтып жатқан сәттер. Себебі, біз тек жобаларға қаржы бөліп қана қоймай, оның орындалуына жан-жақты көмек көрсетеміз. Бұл тек менің ғана емес, «Игілік» қоры ұжымының мол еңбегі. Біз бірнеше жыл бойы қаржыландырып келген жобалар оң нәтиже беріп мемлекет тарапынан қаржыландыруға өтіп жатады. Мысалы, «Ардагерлер үйінің» қызметін дамытуға қолдау көрсету жобасы, «Сыр мейірімі қоғамдық ұйымының» тұрмысы төмен, жалғыз­бас­ты, көп балалы отбасыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жобасы, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда КВН» филиалының жастарға арналған жобалары тұрғындардың үлкен ықыласына ие болып облыс бюджеті тарапынан қаржыландыруға өтті. Дарынды балалар жүлдемен оралып жатса, науқас азаматтар сырқатынан айығып жатса, ҮЕҰ-ның саны мен сапасы жыл сайын артып жатса, құрылыс нысандары ел игілігі үшін жарап жатса, аймақ бойынша маңызды іс-шаралар өтіп, жұртшылыққа оң әсерін тигізіп жатса, бұл біз үшін үлкен мақтаныш және жаңа идеяларға, әрі қарай қарқынды жұмыс жасауға зор серпін береді.

Сұхбатыңызға рахмет.

БІЗДІҢ ӘРІПТЕСТЕР:

1. «ПетроКазақстан Құмкол Ресорсиз» АҚ

2. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС

3. «Торғай-Петролеум» АҚ

4. «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ

5. «Сыр Суы және К» ЖШС

6. «Қызылорда кірпіш зауыты» ЖШС

7. «Қуат Амлон Мұнай» БК» ЖШС

8. «Айдана» ЖШС

9. «Промстройсервис Е» ЖШС

10. «Әбу-Сер» ЖШС

11. «Болашақ құрылысы» ЖШС

12. «Шах и К» ЖШС

13. «Ақтау Инжстрой Индустрия» ЖШС

14. «Қасиет-Ал» ЖШС

15. «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС

16. «Аман-Құрылыс» ЖШС

17. «СПМ-Қызылорда» ЖШС

18. «Гемакасес» ЖШС

19. «РМЗ-Шапағат» ЖШС

20. «Тодини Конструкциони Дженерали С.Н.А» АҚ филиалы

21. «Салини Конструкциони Казахстан» АҚ филиалы

22. «Бақ-Береке 2030» ЖШС

23. «Өмірзақ» ЖШС

24. «Қазжолжоба» ЖШС

25. ЖК «Бегімбетов»

26. «Қоныс-сән» ЖШС

27. «Евраскон» ЖШС

28. «Арал Мұнай» ЖШС

29. «Универ Строй» ЖШС

30. «КНЛК Интернешнл Қазақстан Инк» ЖШС

31. «Фрак Джет» ЖШС

32. «Сибу - Кызылорда» ЖШС

33. «СНПС Ай Дан Мұнай» ЖШС

34. «Темірбанк» АҚ

35. «Сырдария Нефтесервис» ЖШС

36. «НТ и ИК Хайлон» ЖШС

37. «Механизатор» ЖШС

38. «Сәт-сервис» ЖШС


ҚОҒАМ 05 тамыз 2014 г. 1 028 0