Жуырда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ардагер футболшылардың республикалық турнирі өтті. Еліміздің бас қаласындағы байрақты бәсекеге 12 команданың қатысуы жарыстың бәсі қаншалықты жоғары екенін аңғартады. Қазалы командасы осы турнирдің күміс жүлдесін иеленді.
Қазалылық ардагерлер іле-шала Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда ұйымдастырылған халықаралық турнирде алаң иелерінен басым түсіп, алтын медаль еншілеп, жеңімпаз атанды.
Бұл жетістікке Әкімжан Әбішев, Бауыржан Ахантай, Толыбай Жүсіпов, Серік Тоқтаболатов, Нұрлан Қозыбаев, Байтақ Тұрсынбаев, Алмас Лепесов және тағы басқа да азаматтар зор үлес қосты.
2008 жылы Бауыржан Ахантай салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Достар» қорын құрған болатын. Игілікті істі өзге өңірлерде тұратын жерлестері құптады. Осылайша, Қазалы түлектерінен арнайы спорт командасы жасақталып, бәсекелерде бақ сынаған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қызылордада спартакиада ұйымдастырды. «Қайрат» футбол командасымен, Ресей, Қырғыз елінің футболшыларымен жолдастық кездесу өткізді. Биылдың өзінде ардагер футболшылар Байқоңыр, Тараз, Нұр-Сұлтан, Алматыдағы ірі жарыстарға қатысты.
Ардагерлердің алған асуы спорт деген тылсым әлемнің жасқа қарамайтынын аңғартқандай.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.