ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТАРЛАНДАРЫ

ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТАРЛАНДАРЫ

Елу жылда – ел жаңа. Қазалы локомотив жөндеу зауытының бүгінгі бітім-болмысы соны меңзейді. Іргелі ұжымның шежіресіне үңілсеңіз, көп сырды аңғарасыз. Биікке ұмсынған ғимараттарының қабырғасы талай тарихтың куәгері десек, әсірелеу емес. Бұл жерде Қазан төңкерісінің жалынды күндерінің сілемі, Отан соғысының отты кезеңінің естелігі, Ауғанда ерлікпен мерт болған боздақтың ізі сақталған. Олай деуімізге толық дәлел бар. Ел басына сын туған қиын сәттерде депо жұмысшылары ешқашан тартынып қалған жоқ. Жабырқағанның жанынан табылу, қиналғанның қолтығынан демеу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қанға сіңген дағды.

Бір мезет өткенді еске алайықшы. Ауғанстан жері. Шілденің шіліңгір күні. Кіші сержант Қуаныш Ибраимов басқаратан БМП бөлімшесі жау қоршауында қалды. Алайда қазалылық жауынгер сасқан жоқ. Дұшпанға басын имеген ата-бабасының салтын сақтады. Өздерінен саны әлдеқайда басым қарсыластарына қасқайып қарсы тұрды. Жалынып өмір сүргенше жастығын ала кетуді жөн көрді. Қызу шайқас басталды. Сырттан келер көмекті күтпестен бөлімше жан-жақты қорғанысқа көшті. Қуаныш тапқырлық танытты. Тез орнын өзгертіп әр жерден оқ боратты. Айнала атысып, өздерін қарсыластарына көп етіп көрсетуге тырысты. Осы тәсілмен жауынгер жолдастарының аман қалуына септігін тигізді. Бірақ... ұрыста өзі ауыр жараланды. Десе де, уыз денесінен сорғалаған қанды, жанына батқан жарақатты елеместен атысты жалғастыра берді. Жалған дүние. Көмекке десанттар келгенде қолына автоматын қыса ұстаған Қуаныштың жансыз денесі ұрыс алаңында жатты. Туған елі батырын ұмытқан жоқ. Қаза болғаннан кейін кіші сержант Қуаныш Ибраимов «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ауған халқының жауынгер интернациона­листке алғысы» ме­далі­мен марапатталды. Ал локомотив зауытында Қуанышқа арналған ерлік бұрышы ұйымдастырылды.

Нақты кезеңде зауытта 700 адам еңбек етеді. Бұл есепке жүгінсек, ауданның көптеген тұрғыны зауыттан нан тауып жүр деген сөз. Әрі жалақы көлемі де қомақты. Ұжымға құрметті теміржолшы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Әлмағамбетов басшылық жасайды. Жұмысына пісентті, талапшыл азамат өз ісінің нағыз шебері. Теміржолшылар әулетінен шыққан Нұрланның екі мәрте депутат атануы көпшіліктің оған берген жоғары бағасы екені даусыз. Осындайда «Халқы қаласа, кім би болғысы келмейді дейсің?» деп толғанасың. Пайымдағанға сайлаушы­лар сенімінен табылу қия­дан жол тапқанмен тең.

Бірлік түбі береке екенін ұққан ұжым жаңа технология­лар­ды қолданысқа батыл енгізуде. Олар­дың қатарындағы жаңа­­ша­ландыру арқылы жөн­делетін тар­тымды электр қозғалт­қыш­тары­­ның моторлы-мойын­дығын жонатын станок, айналмалы букс мойынтірегін сұрыптап, бақылайтын автоматтандырылған аспап, түсті металл құю цехына арналған кокилді форма, ауанымен сығымдап кептіру, доғалы тербеліс арқылы флюсті қабаттап дәнекерлейтін қондырғы, ультрадыбысты дефектоскоп, тағы басқалары жаңалықтың жаршысы.

Зауыттағы жұмысшы-қызмет­кер­лер­дің еңбек демалысында жүрген уақытына ТМД бойынша біржолғы жол жүру құжатына қаржы аударуы құптарлық жайт. Сонымен қатар жазғы демалыста ұжым мүшелерінің перзенттерінің емдеу-сауықтыру орындарына баруына баса көңіл бөлінеді. Қашанда қайырымдылықты ту қылған Әлмағамбетовтің ұжымы қарастығы жоқ, мүгедек жандарға, «Мектепке жол» акциясына, қоғамдық қорларға ақша бөлуді жолға қойған.

Локомотив жөндеу зауытының көркемөнерпаздар үйірмесінің есімі көп­шілікке жақсы мәлім. Олар орындаған әсем ән, тағылымды термелер жұртшылық тарапынан жақсы бағаланады. Оған қоса Батырбек Қонысбаев жетекшілік жасайтын үрмелі аспаптар оркестрі құлашын жылдан жылға кеңге жаюда.

Өнер мен кәсіптің жалынан қатар ұстаған зауыт ұжымына толағай табыс тілейміз.

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.
ҚОҒАМ 02 тамыз 2014 г. 976 0