Әкімшілік заңнама елеулі түрде реформаланды

Заман адамзаттан уақыт өте келе жаңа бастамаларды талап етеді. Осылайша адамзат жылдан жылға жаңа белестерді бағындырып, жаңа идеялар мен жаңаша көзқарастар енгізілуде. Дамудың барлық салаларымен қатар, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп отыратын нормативтік құқықтық актілер де заман ағымына қарай жаңа­ша ережелерді қажет етеді. Ал, қажеттілікке сай жаңа ережелерді дер кезінде енгізу, ол мемлекеттің дамуға, өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дә­лелдеуге деген белсенділігін көрсетеді.

Қазірде елімізде бірқатар маңызды құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Мысалы, 2015 жылдан бастап жаңа редак­циядағы «Қылмыстық кодекс» қолданысқа енгізіледі. Қазіргі қол­да­ныстағы «Қылмыстық кодекс» 1998 жылы қолданысқа еніп, оған осы уақытқа дейін бірнеше мәрте өзгерістер енгізілген болатын. Десе де, қылмыстық заңнаманы әлі де болса жетілдіру заман талабынан туындап отыр. Жаңа кодексте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрестің мемлекеттік саясаты көрініс тауып, сыбайлас жемқорлық қылмысына жауапкершіліктің кешенді нормалары қамтылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстаным кеңейтіліп, екінші жағынан ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шаралар қатаңдатылған.

Биылғы 5-ші шілдеде Мемлекет басшысы әкімшілік-деликттік заңнаманы жаңарту мен жаңғыртуға, азаматтардың қорғалуын жәнемемлекет мүддесінің құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғалуын арт­тыруға бағытталған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне қол қойды.

Кодекс әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға бағыт­талған. Бұл ретте әкімшілік заңнаманы ізгілендіру, соттарға жүктемені азайту шаралары қамтылып, осыған байланысты соттардың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттілік берілген органдардың құзыреті қайта қаралған. Кодекске сәйкес, әкімшілік айыппұлдардың абсолюттік белгілі бір мөлшері көзделген. Бұл әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік бермек.

Кодекс 920 баптан тұрады. Онда қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің уақыт сынынан өткен негізгі ережелері мен Жалпы, Ерекше және Рәсімдік бөлімдер деп бөлінген құрылымы сақталған. Жаңа редакциядағы Кодекс мынадай негізгі бағыттарды іске асыру арқылы әкімшілік заңнаманы реформалауға негізделген:

Біріншіден, шағын бизнес­ке қолдау көрсетуді көздейтін ізгілендіру. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұлдар мөлшерлері орта есеппен екі есеге азайтылған. Сондай-ақ әкімшілік жазаның түрі ретінде ескертуді қолдану аясы кеңейтілген.

Екіншіден, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың құзыреті қайта қаралған. Атап айтқанда, санкцияларында айыппұл түріндегі әкімшілік жаза көзделген баптар уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына беру жолымен соттардың жұмысы жеңілдетілді.

Үшіншіден, әкімшілік жауап­тылыққа тарту рәсімін жаңғырту. Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу егер адам әкімшілік құқық бұзу­шылық жасалған жерде хаттамамен бірге алған түбіртек бойынша айыппұл төлеу жүргізген жағ­дайларда қысқартылған іс жүргізу енгізіледі. Яғни, адам жасалған құқық бұзушылық фактісімен келіседі, өз кінәсін мойындайды және өз еркімен айыппұл төлеуге дайын және ешқандай наразылығы жоқ. Бұл ретте қысқартылған тәртіп үшін адамға хаттаманы тапсырған кезден бастап жеті күндік мерзімде айыппұлдың жалпы сомасынан 50 пайызын төлеуге мүмкіндік беру түрінде үйлестіруші те­тік көзделген. Адам жасалған құқық бұзушылық фактісімен келіспеген жағ­дайда, іс жалпы тәртіппен қаралады.

Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай сыбайлас жемқорлыққа бейім факторларды жою мақсатында, сондай-ақ қысқартылған іс жүр­гізу­ді қамтамасыз ету үшін айып­пұл­дардың нақты айқындалған мөл­шері көзделген. Өндіріп алудың қал­ған барлық түрлері қатыстық-ай­қын­далған (екі жақты) ретінде сақталған.

Судьяға, органға (лауазымды адамға) жеңілдететін мән-жайларды белгілеу кезінде жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сома­сын жалпы соманың 30 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік бе­ре­тін норманы енгізу аса елеулі жаңа­шылдықтардың бірі болып табылады.

Бұдан бөлек, жаңа редакция бойынша әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі 30 тәулікке, айрықша жағдайлардағы төтенше жағдайлар режимінде 45 тәулікке дейін қысқартылып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану секілді жазалау нормалары алынып тасталған.

Сондай-ақ, заң бұзушылықтарға ықпал ететiн жағдайларды жою мақсатында судья мен лауазымды тұлғаның жекеше қаулы не ұсыным шығару құқығын көздейтiн толықтырулар да енгiзіліп отыр.

Аталған кодекс келер жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енгізіледі. Демек, Қазақстанның барша азаматтары үшін 2015 жылдан бастап қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар саласында жаңа норма қолданылатын болады.

Балайым КЕСЕБАЕВА,

облыстық әділет департаментінің басшысы.


ҚОҒАМ 29 шілде 2014 г. 1 307 0