БІР СЕКІРДІМ ҚҰТЫЛДЫМ... ҮШ СЕКІРДІМ ТҰТЫЛДЫМ

Заң аясында өзгенің сеніміне қиянат жасау арқылы оның мүлкін не ақшасын алдап алып кету алаяқтық деп бағаласа керек. Өкінішке қарай, осы бір жаман қылық әсіресе нарықтық қатынастағы меншіктік көзқарас өзгергелі белең алып кеткен секілді. Бұрынғыдай ортаныкі, көптікі деген ортақ ұғымнан арылғандар біреуден бірдеңені іліп кеткенді ерсі санамайтын болып бара жатқандай ма?! Қайта пендені жерге қарататын бұл әдеттерін пысықтық, іскерлік санайтындардың қатары артып келе ме деген қауіп бар көпшілікте.

Қазіргі адамдардардың көпшілігінде, «жалақы­сы молдау жұмысқа тұрсам, пайызы төмен несие алсам, жайлы жерден үй тисе, жер алсам» деген дәме жеткілікті. Оның арғы жағы шылқамайдың ортасында жүрсем деген капиталистік көзқарас екендігі де белгілі. Міне, осыны ішіне қулық сақтаған, бір бармағы бүгулілер тиімді пайдаланады екен. Көз алдына арман елестегендерді алғашқы лебізінен аңғаратын қулар қармақ тастағандай бірте-бірте өзі­не тарта түседі. Ойындағысы орындалған соң, қарғаның аузындағы ірімшікті қағып алған түлкі­­дей бұлаң құйрыққа салады да, соңында «Маң­ғыт, аузыңа саңғыттың» керін келтіреді. Бір алаң­датарлығы, осындай әрекеттің көбі нәзік жан­ды әйелдер тарапынан жасалатындығына не дейсіз?!

Шиелі ауданының тұрғыны, жасы жиырма екідегі Ж. есімді бойжеткен банкіден 20 млн. қайтарымсыз несие алып беремін деп бес бірдей азаматшаны сан соқтырып кеткен ғой. Әрине, олардың әрқайсысынан қызметінің ақысы деп алдын ала 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Кейбірінен 300 мың теңгеден ала салуды да ұят санамапты. Несие алуға деген үмітті әр адамды алдау оқиғасы әр жерде өткенімен, жалпы сарыны бірдей. Сөйтіп сотталушы Ж. бірнеше рет бөтен мүлікті алдап, сенімге қиянат жасау арқылы ұрлап алып, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 177-бабының 2-бөлігінің «б» тармағында қаралған алаяқтық қылмысын жасаған. Уәденің соңы сиырқұйымшақтанған соң алданғандар амал жоқ, сотқа шағымданады. Нәтижесінде алаяқтың жолы кесіліп, кеткен шығын кінәліден өндірілсе, алаяқ әйел Қазақстан Республикасының ҚК-нің 177-бабының 2-бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танылды. Оның Шиелі аудандық сотының үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.

Ал мына Т. есімді бойжеткеннің әрекеті тіптен жымысқы. Ол Шиелі кентінде жаңадан салынып жатқан №270 орта мектепке мұғалімдік және лаборанттық қызметтерге жұмысқа орналастырып бере алатындығын айтып, азаматтардың ақшаларын алдап алу жолында бірнеше тұрғынның аузын шығысқа қаратып кеткен. Осы мақсатын орындау жолында тағы бір әйелді сыбайлас ретінде қылмыстық келісімге тартқан жағдайы бар. «Лаборанттық жұмысқа 200 мың, мұғалімдік қызметке 300 мың теңге бересің» деген өзіндік ставкасын орындатып, он бірдей адамның сеніміне кірген де, алаяқтық жасаған. Бұл қылмыскер де құрықталды. Шиелі аудандық сот үкімімен алдап алған ақшалары одан өндірілетін болып, сотталушы Т. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 177-бабының 2-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығы шектелінді.

Аудандық сот төрағасы М.Ерімбетовтің баспасөз конференциясында келтірген статистика­лық мәліметтеріне сәйкес, 2014 жылдың І жарты­­жылдығында Шиелі аудандық сотына 60 қылмыс­тық іс түсіп, 2 қылмыстық іс өткен есептік мерзімнен қалдықта болған. Яғни, 2014 жылы сотқа түскен істердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 іске азайған. Осы жылдың 6 айында статистикалық мәліметтерге сәйкес, 21 азаматтық іс және 1 арыз өткен есептік мерзімнен қалдық болып түссе, осы жылдың 6 айында 3 іс және 596 арыз түсіп қаралды.

Облыстық соттың бекіткен кестесіне сәйкес сотта ай сайын тұрақты түрде «Ашық есік» шарасы өткізілуде. Бұл шара жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына және соттың сайтына тиісті ақпарат уақытылы беріліп отырылады.

Нұрмахан Елтай.


ҚОҒАМ 29 шілде 2014 г. 860 0