АНА ЖЫЛУЫНЫҢ ТАБЫ СУЫМАС

Жүрегі кең, көңілі ізгі көркем есім – ана!

Сүйенішке, тіреуішке айналған алтын діңгегімізге арқа сүйеп, кезінде әкеміздің қазасын да сезбеппіз. Қандай жағдай болмасын біздің анамыз қайсар мінезімен ерекшеленетін. Бәйтеректей Алмас бауырымыз өмірден қыршын кеткенде абзал анамыздың жүрегі қанжылап тұрғанмен, көңіл айтқандарға қайраттылығын таныта білді. Жүрегінің отымен, зерделі зеректілігімен өзін-өзі тіктеді. Ақ пейілді ардағымыздың бізге деген аналық сезімі берік, көңілі тау суындай таза болатын. Артында ұрпақтары айта жүретін турашылдығы, адалдығы мен мейірімі қалды.

Әкем Қаржаубай мен анам Ырысалды бірлесіп көтерген шаңырағында жарты ғасырдай бірге өмір сүрді. Әкеміз қарапайым еңбек адамы еді. Еңбек жолын локоматив депосында пеш жағушы болып бастап, көп жыл тепловоз машинисі болды. Ұлы Отан соғысында ел басына түскен қиындықты ер жүгі деп көтерген, елу жыл коммунистік партияның қатарында қызмет еткен өте адал, принципшіл адам еді. Теміржолда бірыңғай орыстар жұмыс атқарғандықтан ол кісі орысша таза сөйлейтін, орыс жолдастары да көп болды. Бүгінде жарықтық әкеміздің «Правда», «Известия», «Гудок» атты газеттерін қызығып оқитыны көз алдымызға келеді. Рух байлығын биік қоятын, қазақ әуендерін құмарта тыңдайтын. Балаларымды оқытамын, жетілдіремін деген оймен айдалада бақша егіп те, кесек құйып та маңдай терін төкті.

Ақыл-парасаты ақ жарқын, ашық мінезінен көрініп тұратын бауырымыз Алмас қырық жасында өмірден қыршын өтті. Алмас ініміздің орны біздің отбасы үшін мүлдем бөлек болатын. Ол өзін-өзі «Алмазбын» дейтін. Алмас пен анасының арасындағы ана мен баланың сүйіспеншілігі туралы жыр жазуға болады. Бұл екі адам бір-бірін қимай өтті өмірден. Алмас анасынан бақи дүниеге төрт жыл бұрын озды. Бұл қаза ана жүрегін қоса жұлып әкеткендей болды.

Әкеміз де, ініміз де, анамыз да тілге келмей аурухана ішінде бақи дүние сапарына аттанды. Осы жайт жанымызды қатты жаралайды.

«Тағдырдың жазғаны солай болса керек» деп, өзімізді өзіміз жұбатып, қалғанымыз шүкіршілік жасаймыз.

Бізді, перзенттерін осындай бір ойға бе­рілген шақта жөргекке орағандай жұба­тып әлдилейтін бір қасиеттің әлі күнге жо­ғалмағанын сеземіз. Ол – ешқашан суы­май­тын ана жылуы.

Рахима АХМЕТОВА.


ҚОҒАМ 29 шілде 2014 г. 953 0