Мақсаттың мақсаты биік

«Сыр барысы» жайлы сыр


Талай мықтының жауырынын жерге тигізіп, бойындағы бұла күштің қарқынын байқатқан Мақсат Исақабылов біз хабарласқанда Грузияда дайындықта жүр екен. «Маңызды сайысым бар. Соны бітіріп, елге барамын» деген палуанның ар жағында туған жерге тартумен барамын деген ойы жасырынып тұрғандай еді. Әр сөзі өзінің қадамындай нық Сыр сарбазы көп ұзамай Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатының бас бәйгесін қанжығасына байлап қайтты. Мұны естігенде бөркімізді аспанға ата қуандық. 


Көк байрақты 

көгімде 

желбіреткен...


– Ұлым бесіншіде оқитын. Аудандық жарыста чемпион болып, бәрімізді қуантқаны бар. Үй ішімізбен қаумалап суретке түстік. Алғашқы жеңісі ғой. Естен кетпейді. Өзі бала кезінен спортқа біртабан жақын өсті. Содан баланың болашағын спорттан көрген болуымыз керек, күрес үйірмесіне бердік. Міне, бір атаның емес, тұтас елдің ұлына айналды, – деді чемпионның әкесі Аманбай Исақабылұлы.

Сол уақыттан бері Мақсат ­ата-анасын ғана емес, елін де жерге қаратқан жоқ. Еліміздің көк байрағын әлем көгінде желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүр. Алғашқы жаттықтырушысы Болатбек Кенеевтен алған тәлімімен талай биікті бағындырды. 2008 жылы ел чемпионатында өз деңгейлестерімен түскен сында ІІ орынды еншіледі. Самбодан халықаралық турнирде топ жарды. Қазақ күресінен респуб­ликалық турнирде ІІ орынға табан тіреді. Бірнеше мәрте дзюдо мен қазақ күресінен турнирлердің бас жүлделерін еншілеп жатты. Мұның бәрі оның кеудесіне мақсат боп қаланған асқақ армандарға талпыныстан туған еді...

Мақсат Аманбайұлы әр сайыстан соң өзін-өзі тәрбиелеу бағытына зор мән берді. 2012 жыл болатын. Болгарияның София қаласына әлемнің апайтөс палуандары жиналды. Самбодан байрақты бәсеке өтпекші. Жаттықтырушысы Болатбек Кенеевпен бірге Мақсат та сол жерден табылды. Ол осы жарыста үздік үштікті түйіндеп қайтқан болатын. Әлемнің менмін деген апайтөстерінің арасында бағы мен бабы жарасып, жүлделі оралды.

– Бірінші орынды ресейлік палуан алып кетті. Екінші – болгар, үшінші – мен. Өзіме сол жарыстан зор сабақ алдым. Жіберген қателігімді есімде ұстап, келесіде соны қайталамауға жұмыс істедім. Әр жекпе-жек сайын кем дегенде бір әдіс-тәсіл үйреніп отыру керек. Қарсыласты зерттеп, әбден қанығып алғанда ғана оны білем деп айтуға болады. Ал қарсыласты лайықты бағалай алмадың ба, онда сенің жеңіс жолың сол жерден тоқтауы да ғажап емес. Өзіңді тәртіпке үйретесің. Режимді қатаң сақтау – спортшыға бас­тысы осы, – дейді палуан.

Спортшының қоржынында олжа жетерлік. 2010 жылы республикалық турнирдің «Түйе палуан» са­йысында қарсылас шақ келтірмей, І орынды иеленді. Самбодан Степногорск қаласындағы чемпионатта, Шымкентте өткен халықаралық са­йыста да  І орынды бағындырды. Сан алуан жетістіктің арасынан көзге түсетіндерінің бірегейі – ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойындағы «Алтын белбеу» сайысы. ІІІ орынды иемденді. Осы жекпе-жекте 2017 жылы І орынға қол жеткізіп, «Сыр барысы» атанды. Төрт көзіміз түгел отырып, теледидардан тұтас қазақ жұрты тамашалағаны да белгілі. Сол додада Мақсат қайнауда шыныққан болаттай бекем болды.

– Қайсыбір шыңға шықса да, шүкір айтып отырамыз. Абырой, атақ-даңққа мастанбай бірқалыпты бол деп айтамыз. Шүкір, балам тәрбиемізді алды. Тіпті кей нәрселерге ашулана кетсем, балам келіп, «Әке, сабыр!» деп демеу болып тұрады. Меніңше, адам бойындағы асыл қа­сиеттердің бәрі спортшының бо­йынан табылу керек. Шығыс ойшылы әл Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп еді ғой. Спорт та сол сияқты. Дұрыс бағытқа салу керек, – дейді Аманбай аға.

Мақсат Моңғолиядағы Азия чемпионатының алдында биылғы «Алтын белбеуде» де «Сыр барысы» атанды. Ұлыстың ұлы күнінде қаладағы барлық түйе палуандардан күші басым болды. Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаевты еске алуға арналған турнирде де жыл сайын жүлделі орындардан көрініп жүр.


Тай-құлындай 

тебіскен


Роза апай жайған дастарқан басына екі батыр отырды. Бірі – Мақсат, екіншісі – Нұрым Сәлімгерей. Нұрым да талай тартысты бәсекенің бас жүлдегері. Менің таңданысымды байқады, білем, Роза апай дереу сөз бастады.

– Бұл екеуі менің егіз ұлдарым, – деді.

Татамидің шаңын шығарып, биіктерді еңсеріп жүрген екеуді бұрыннан танимыз. Әйтсе де, Мақсат Исақабылов пен Нұрым Сәлімгерей­дің бір үйдің баласы екенін естімеппіз. Таңыр­қай қарадым. Бірі – сары, екіншісі – қара.

– Бірі өмірге күндіз келсе, екіншісі түнде келді, – деді сәлден соң Роза апай рақаттана күліп жатып. Егіз ұл жайлы әңгіменің спорт табыстыр­ған екі дос туралы екенін езуіне үйірілген жылы жымиыстан байқадық.

Мақсат пен Нұрым бір-бірімен тай-құлындай тебісіп өсті. Әлі де спортта құстың қос қанатындай бірге келеді. Белдесулерде талай рет екеу­міз шығып қалып жүрдік дейді.

– Ондайда өмірде – бөлек, үйде – басқа. Татамиге көз тастап, үміт артып, сенім жүктеп отырған көрер­менді алдауға болмайды. Бүгінгі көрермен шынайы күресті көруге лайықты. Сондықтан біз татамиге шыққанда спортшымыз, ал үйде бауырмыз, – дейді Мақсаттың өзі әңгімесінде.

Байрақты бәсекелерге аттанарда Мақсат Аманбайұлы тоқсанның төріне шыққан әжесі Бибіқатша Әбдіхалыққызының батасын алады. Жер жауынмен көгерсе, ердің батамен көгеретіні мәлім. Әулеттің көнекөз қариясы Сыр барысының маңдайынан сүйіп, батасын берді. Иә, дене тұрқы батыр дерлік палуанның жүрегі ­ата-ана берген мейірімге қанық. Ұлттың ұлылығын ұлықтап, қорғаным – қазақ дейтін тағы бір алыптың үйінен шығып барамыз.

Рас, біздің елдің жігіттері осындай!

Дәулет ҚЫРДАН.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

ҚОҒАМ 09 қараша 2019 г. 1 518 0