« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Төтенше жағдайлар департаментінің бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысы көпшіліктің көз алдында. Өйткені, орын алған әр түрлі оқиғалардың басы-қасында жүретін, дер кезінде адамдарға көмек беретін ұжым орасан жұмыстар атқарып жатыр. Бүгінде, қандай маңызды шаралар атқарылып жатыр деген сұраққа толыққанды жауап алу үшін Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары М.Келесовпен әңгімелескен едік.
– Министрліктегі жоғары оқытулардың біріне қатысып келдіңіз? Курстан көкейдегі сұрақтарыңызға жауап ала алдыңыз ба?
– Осы жылдың сәуір-мамыр айында ҚР ТЖ министрлігінде өңірлік бөлімше басшыларына арналып, жоғары курстық оқыту өтті. Онда келелі тақырыптар кеңінен талқыға салынды. Атап айтсақ, Азаматтық қорғау саласындағы заңнамалардың өзгеруіне сәйкес төтенше қауіп туған кездегі хабарландыру және ақпараттандыруды ұйымдастырудың қағидалары, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы, күре жолдағы медициналық құтқару бекеттерінің құрылуы, космостық саланың дамуы және космостық мониторинг жайы айтылды. Сондай-ақ, спорттық-техникалық база дайындығының жүргізілуі, Алматы қаласында өтетін өрт-құтқару спортынан Х әлем чемпионатының ұйымдастырушылық жайы, көліктік медицинаның дамуы да назардан тыс қалмады. 2012-2014 жылдардағы кешенді және тақырыптық тексерулердің нәтижелерін мысалға келтіре отырып, аумақтық органдар қызметінің ұйымдастыру-басқару қызметіндегі өзекті мәселелер де курста қамтылды. Байқап отырғандай, барлығы да ауқымды мәселелер. Курста әр тақырыпқа кеңінен тоқталып, теориялық және практикалық жағынан біліктілікті тереңдетуге септігін тигізді.
– Қазіргі жаңадан жарияланған Азаматтық қорғау туралы заңда қандай өзгешіліктер бар?
– 2014 жылдың 26-сәуірінде «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V Қазақстан Республикасы Заңы күшіне енді. Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алып, жоюға, ТЖ аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, ҚР азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды. Осыдан байқағанымыздай, бірнеше заңның басын біріктіріп бір заңға топтастырғандықтан, мұнда барлық салаға да біршама өзгерістер бар. Мәселен, қауіпті өндіріс нысандарын пайдалану барысында қойылатын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына өзгерістер енгізілді.
– Төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясының жұмысы туралы не айтасыз?
– Облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясы жоспарына сәйкес, 2014 жылдың І жартыжылдығында 7 отырыс (оның 4-і жоспардан тыс) өткізілді. Есепті мерзімде Қызылорда қаласы мен жеті ауданда бірнеше мәрте комиссия отырыстары болып, онда бірқатар мәселелер қаралды.
Аймақта қыс-көктем мезгілінде болуы ықтимал су тасқынының алдын алуға байланысты облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы тобы Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеті мен су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аса қауіпті учаскені анықтады. Оған облыстық мәслихат шешімімен қажетті қаражат бөлініп, өзен бойындағы қауіпті учаскелердегі қорғаныс бөгеттерін жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.
Конго-Қырым геморрагиялық індет ауруының алдын алу шараларына орай, осы індеттің ошағы 116 елді мекенде анықталып отыр. Осыған орай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы елді мекендегі мал басын, қораларын, суаттары мен шаңлақтарына кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үшін қажетті қаражат есептеліп, оның алдын алу, өңдеу-улау жұмыстары атқарылуда.
Облыс көлеміндегі шалғай орналасқан елді мекендерде өрт сөндіру іс-шараларын ұйымдастыру мәселесіне байланысты ерікті өрт сөндіру жасақтары, департамент тарапынан арнайы курсқа жіберіліп, оқытылды.
Тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарын күшейтуге байланысты «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өңірлік филиалымен бекітілген «2013-2014 жылдарға жылу маусымындағы тұрмыстық газ қондырғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту» жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шара жоспары жасалып, қауіпсіздік шараларын қадағалау үгіт-насихаттық жұмыстары жүргізілді.
Қызылорда қаласында орналасқан азаматтық қорғаныс құрылыстарының қазіргі кездегі жай-күйі бойынша құзырлы мекемелермен бірлесіп, түгендеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңақорған ауданындағы су қоймалары бөгеттерінің жағдайына сәйкес ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жақын орналасқан 3 елді мекенді су басу қаупін болдырмау мақсатында Талап ауылдық округінде «Бесарық» су қоймасындағы 14,650 млн. текше метр су 10 млн. текше метрге дейін азайтылды. Бұзылған жерлері қой тастармен бекітіліп, қалыпты жағдайға келтірілді. Күрделі жұмыс жүргізуге қажетті қаражат мөлшері 360,8 млн. теңгені құрап отыр. Осындай жағдай «Жиделі» су қоймасында да қалыптасып, күрделі жөндеуге қаражат қажеттігі анықталды.
Жазғы кезеңде облыс су айдындарында судағы қауіпсіздік шаралары да күн тәртібінен түспей отыр. Облыс аумағындағы су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігі туралы мәселе 14 мамырдағы аталмыш комиссия отырысының күн тәртібінде қаралып, әкімдіктер мен құзырлы мемлекеттік мекемелерге нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.
– Өрт оқиғалары туралы, оның алдын алу жөнінде айтсаңыз?
– 2014 жылдың есепті кезеңінде облыс көлемінде түрлі шаруашылық бағыттағы барлығы 501 нысанға бақылау жұмыстарын жүргізу мақсатында өрт -техникалық тексерулермен 27620 жеке тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздігі саласында профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылды. Өрт қауiпсiздiгi қағидасы талаптарын бұзған 423 жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалып, 66 жеке тұлғаға, 344 лауазымды тұлғаға, 7 заңды тұлғаға әкімшілік айыппұлдар салынды.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, облыс бойынша орын алған 230 өрт жағдайлары кезінде 9 адам жарақат алып, 4 адам қаза болған.
Оған қоса жергілікті «Қоғам» телеарнасынан «Құтқарушы» бағдарламасы көрсетіліп жатыр. «Сета» радиосы арқылы аудиорликтерді ротация жасау қолға алынды. Баспасөз беттерінде тұрақты қауіпсіздік ережесін сақтау жөнінде мақалалар жариялануда. Қала көшелеріне тақырыптық билбордтар ілінді. Сонымен қатар, департамент жанынан «Сыр құтқарушысы» журналы былтырдан бері ай сайын жарық көріп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет. Қызметте абырой биігінен көрініңіз.
Сұқбаттасқан, Айгүл АСЫЛҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |