Бюджеттің әлеуметтік бағыты айқын

  М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы талқыланды. Ол туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндады.
Облыстық мәслихат 2016 жылы бекіткен үш жылдық трансферттердің қолданылу уақыты биыл аяқталған. Осыған сәйкес,  алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет  жобасы Бюджет кодексі, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және бюджеттік параметрлері, “2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң жобасы негізінде әзірленеді.
Үш жылға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындау кезінде жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылған нысаналы трансферттер қосылған. Бұл 2020 жылы 38,6 млрд теңге, 2021 жылы 46,2 млрд, 2022 жылы 53,8 млрд теңге болады. Жүргізілген есептеулерге сәйкес аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша шығыстардың жалпы болжамды көлемі 2020 жылы 136,5 млрд теңге, 2021 жылы 146,1 млрд теңге, 2022 жылы 53,8 млрд теңге болады деп күтілуде. Ал кірістер болжамы 115,2 млрд теңгені құрайды.
Облыстық бюджеттің базасына биыл республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерге бөлінген қаржылар енгізілді. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға, мектептердің педагог-психологтарының лауазымдық жалақыларын ұлғайтуға, халықты жұмыспен қамту орталықтарына әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен ассистенттерді енгізуге, мамандарды әлеу­меттік қорғау үшін жәрдемақы көлемін арттыруға, т.б барлығы 39,5 млрд теңге көлемінде қосымша ағымдағы трансферттер берілді. Жалпы облыстық бюджет жобасының көлемі 2020 жылға 194,6 млрд теңге, 2021 жылға 209,9 млрд теңге, 2022 жылға 219,9 млрд теңге деңгейінде жоспарлануда.
– Бірінші кезекте халықтың әл-ау­қа­тын арттыру болып отыр. Әлеуметтік жаңғырту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға негізделген бюджеттің бұрынғы бағыты сақталды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстар тегін медициналық көмекке жұмсалса, білім саласында облыстық бюджет шығыстары мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге, жалпы білім беруге, техникалық және кәсіптік оқу орнына білікті мамандарды даярлауға бағытталуда. Ал, мәдениет саласында ағымдағы шығындар ортағасырлық қалашықтарға археология­лық ғылыми зерттеуге және “Рухани жаңғыру” іс-шаралар жоспарына қарастырылатын болады, – деді басқарма басшысы.
Жалпы, облыстық бюджет шығыстары экономиканың нақты секторын қолдауға, оның ішінде индустриалды-инновациялық дамуға, тұрғын-үй көлік инфрақұрылымына, агро­өнеркәсіптік кешенге, цифрландыру мен нәтижелі жұмыспен қамтуға жұмсалады.
Жиын соңында кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарын, ой-пікірлерін жеткізді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 27 қазан 2019 г. 697 0