« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Бүкіл әлемде қауіп-қатер, аяқасты болатын төтенше жағдайлар кездесіп жатады. «Апат айтып келмейді» десек те, төтеннен келетін жағдайлардың алдын алу маңызды. Сондықтан елімізде халықтың қауіпсіздігі басты орынға қойылып, осы бағытта біраз шаруа атқарылуда. Алдын алу шаралары мемлекетке материалдық тұрғыдан айтарлықтай шығын әкелмейді. Дер кезінде іс-әрекет жасап, бір кісідей жұмыла кірісу қауіпті еңсереді. Біз облыстық жұмылдыру басқармасының жыл бойы атқарған жұмыстарымен таныса келе осындай ой түйдік.
Елімізде қыс келсе, сарышұнақ аяз бен кейбір өңірлерде адам бойына жетер-жетпес қар түсіп, жергілікті тұрғындарды абыржытса, көктем шыға жаңбыр суына қар суы қосылып еріп, тасқын қаупін арттырады. Сырдарияның «мінезі» халыққа әбден таныс. Жыл сайын бір қорқытып алатын адуыны бар. Басқарма басшысы Асылбек Шәменовтың айтуынша, соңғы 4 жылда ұзындығы 139,3 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттерінің 104 қауіпті учаскесінде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Биыл облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аумақтарында қауіпті деген қорғаныс бөгетінің 26 учаскесіне жөндеу жұмыстары жасалуда. Дәл қазіргі кезде 21 учаскеде жұмыс аяқталып, қалған 5-де жалғасуда. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің ұлтанын тазарту және қорғаныс бөгеттерін салуды көздейтін құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба әзірленді. Республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында аталған жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Соған сәйкес, 2020 жылғы республикалық шығыстардан қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаларға тоқталар болсақ, «Су басу қаупін болдырмау мақсатында Қызылорда қаласының шегіндегі Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасына 5 млрд теңге қажет. 11 шараны қамтитын «2017-2020 жылдардағы Қызылорда облысындағы су тасқынының алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар» жобасына 4,5 млрд теңге керек болса, оның 3-уі – САРАТС-2 жобасының компоненттері. Ал соңғы жоба – «Қызылорда облысының басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру». Жобада 124 елді мекенге бір тетікпен басқарылатын 167 дауысты қондырғы орнату және цифрлық телеарналарға қосылу жабдығын орналастыру қарастырылған. Оның құны 1,4 млрд теңгені құрап отыр.
– Жалпы, облыс аумағында 56 су басу аймағы белгіленіп, оған 425 арнайы техникасы бар 111 мекеме бекітілген. Соған сәйкес, су тасқыны кезеңінде көктемгі сең жүру аяқталғанға дейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, өзен арнасына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы дайын. Мұз жару жұмыстарына және қап сатып алуға қажетті қаржы мәселесі шешілді. Су тасқыны кезінде халықты эвакуациялау үшін 79 эвакуациялық жинақтау және 99 эвакуациялық қабылдау пункті әзір тұрады. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғанға дейін азаматтық қорғаудың барлық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі. Сонымен бірге, жыл сайын қараша айында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіледі. Биыл да «Қыс-2019» оқу-жаттығуы жоспарлануда. Осы ретте айта кету керек, басқарма тарапынан төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға үй-жай салу, бұзылған жол, су торабы мен көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары да атқарылуда. Мәселен, 2016 жылдың желтоқсан айында Жалағаш ауданының Далдабай елді мекені тұсында «Жалағаш-Жосалы» тас жолында орналасқан автожол көпірінің Қармақшы ауданына бағытталған бетіндегі 3 метр бөлігі құлап, ішкі қатынас жолдары жабылған болатын. 2017 жылы облыс бюджетінен бөлінген 188,2 млн теңге қаржыға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Былтыр Арал қаласында апаттық жағдайдағы екіқабатты тұрғын үйдің төбесі құлап, төтенше жағдай болды. Осыған сәйкес, облыс бюджетінен бөлінген 310,5 млн теңге қаржыға баспанасыз қалған отбасыларға жарықпен, газбен, сумен толықтай жабдықталған 27 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, – дейді басқарма басшысы.
Тілсіз жаудың алдын алу маңызды
Облыста 9 айда 393 өрт оқиғасы болған. Оның 389-ы өндірістік және тұрмыстық өрт оқиғасы болса, 4-уі орманда тіркелген. Шығу себептері де әртүрлі. Біреу отты абайсыз пайдаланса, енді бірі пеш жағуда өрт қауіпсіздік ережесін сақтамаған. Тұрмыста пайдаланылатын электр құралдарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, әдейі өртеу және балалардың отпен ойнауы да өкінішті жағдайға әкеліп соқтыруда.
Басқарма мамандары жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік өртке қарсы іс-қимыл қызметі жоқ елді мекендерде өртке қарсы инфрақұрылым жеткізу үшін 2018-2020 жылдарға арналған жол картасын дайындаған. Аталған жол картасы аясында облыстың барлық ауданындағы шалғай орналасқан елді мекендерде 16 өрт бекетін кезең-кезеңмен ашу жоспарланды. Қазір оның 13-і құрылып отыр. Жыл соңына дейін қалған 3 өрт бекеті ашылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік өрт сөндіру қызметі жоқ шалғай елді мекендердегі өртті дер кезінде сөндіруге септігін тигізеді. Бір жағынан тұрғындарға жұмыс көзі.
Сондай-ақ, жылу беру маусымында облыс бойынша 1525 атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың тізімі жасақталып, оның ішінде 1000 үйге автономды көмірқышқыл газ датчиктерін орнату қолға алынуда. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу процедуралары жүріп жатыр.
Кенелер де қауіп төндіреді
Тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мақсатында кенеге қарсы шараларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Осыған сәйкес, жыл сайын көктем және күз айларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл да облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен қала мен 7 ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары бойынша қолайсыз деп танылған 134 елді мекенде көктемгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Күзгі залалсыздандыру жұмыстары тамыз айының 20-да басталып, қазанның 15-де аяқталды.
Облыста 18 адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті ретінде тіркеліп, оның 8-нің зертханалық сынама қорытындысы бойынша ауруы расталды, 1 адам қайтыс болды.
Әскери қызметке шақыруды үйлестіру
Әскери қызметке кез келген адамды қабылдамайды. Ол үшін қойылатын арнайы талаптар бар. Жұмылдыру дайындығы басқармасына жүктелген тағы бір жауапты жұмыс – әскери қызметке шақыруды қамтамасыз ету. Бұл ретте олар облыстық жиын пункті мен Байқоңыр қаласының шақыру пунктін күтіп ұстауды, ондағы медициналық комиссияларды медициналық құралдармен, шығыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Әскерге шақырылушыларды аудандардан облыстық пунктке және Қызылорда станциясына, қызмет орнына жөнелту, үш мезгіл ыстық тамақ беру тағы бар. Сонымен қатар, басқарма 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін барлық аудан мен Байқоңыр қаласында шақыру пункттерінің талаптарға сәйкес келетін ғимараттармен қамтамасыз етілуін үйлестірді. Бұл әскерге шақырылушыларды облыстық жиын пунктінен аудандарға қайтаруды азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, тіркеу және зерделеу, әскерге шақырылушыларды алдын ала іріктеуге үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Басқарманың бастамасы бойынша әскери қызметтен қайтып оралғаннан кейін әскерге шақырылушыларға жұмыс орындарын сақтау туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Күзгі мерзімде әскери қызметке 788 азамат дайындалды. Биылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне 154 азамат жолданды.
Өз ісін жетік меңгерген
Осыдан 15 жыл бұрын құрылған облыстық жұмылдыру басқармасының жұмысы ауқымды. Мекеменің аты айтып тұрғандай кез келген істе ұйымдастырушылық таныта отырып, қауіптің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл басқармада көбіне әмбебап қызметкерлер жұмыс істейді. Талап солай, төтеннен келген апатқа тосырқамай әркез сергек жүру қажет. Басқарма құрылғаннан бері жауапты жұмыс атқарып келе жатқан Ағайша Сматованың негізгі мамандығы – құрылысшы. Ағайша Қожантайқызы – облыс бойынша табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы іс-қимылдарды үйлестіруші бірден-бір тәжірибелі маман.
– Мен алғаш жұмысқа келгенде бұл басқарманың құрылғанына жыл да толмаған еді. Әлі бір жүйеге түспеген мекеменің жұмысын үйлестіру оңай болмады. Дәл сол тұста, яғни 2005 жылы облыста су тасқыны болып, Шиелі, Сырдария, Қазалы аудандарының тұрғындары зардап шекті. Үйлері құлаған адамдардың баспанасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасадық. Сол уақыт әлі есімде. Үш ай бойы таңғы сегізден бастап аудандарды аралап, түннің бір уақытында келеміз. Ертеңіне тағы сол тірлік қайталанады. Балаларымның алды есейіп қалғандықтан, отбасыма қарайламай алаңсыз жұмыспен жүретінмін. Шалбардың балағын түріп алып құм-тасты кешіп жүрген кездер де болды. Қазір соның бәрі көрген түстей өте шықты. Бүгінде басқарманың жұмысы ретке келді. Әр қызметкердің өзіне жүктелген міндеті бар. Ақпарат алмасу, құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу – барлығы жылдам жүзеге асады. Облыста қандай да бір жағдай болса, өзге басқарма қызметкерлері бізден ақыл-кеңес сұрап отырады. Себебі, жылдар бойы жинаған тәжірибеміз осы салада ысылып, жетекшілік жасайтындай дәрежеге жеткізді, – дейді өз саласының маманы.
Жақсы маман ешқашан назардан тыс қалмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласының білікті маманына айналған Ағайша Сматованың еңбегі ескерусіз емес. Облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен, «Қызылорда облысының 70 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Ішкі Істер министрлігінің «Азаматтық қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Отбасында ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ол – 9 немеренің асыл әжесі. Ағайша Қожантайқызы қазір ұжымның ұйытқысы, жас мамандардың бағыттаушы ұстазы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |