ІШЕКТІҢ БІТЕЛУІ

Ішектің бітелуі – ішек ішіндегі заттың мүлде жүрмеуі. Ішектің бітелу себебіне қарай ол екі түрге бөлінеді: динамикалық және механикалық. Динамикалық ішек бітелуі ішек қабырғасының қозғалу қызметі шұғыл тоқтаған кезде байқалады. Бұл екі жағдайда орын алады: қандай да бір себептің әсерінен ішектің бір бөлігі қатты түйіледі (спазмалық түйілу) және керісінше, ішек қабырғасы салданады (паралитикалық түйілу).

Механикалық ішек бітелуі де екі түрге бөлінеді: обтурациялық және странгуляциялық. Алғашқысында ішек бітелуі кезінде ішек ішіндегі заттың қозғалуына кедергі жасайтын нәрсе, оның ішінде болады (ісік, бөгде зат, шумақталған құрттар, т.б.) Бұл жағдайда шажырқай мен оның қан тамырлары зардап шекпейді, осы себептен ішек қабырғасының қоректенуі тоқтамайды және тіршілігін жоғалтпайды. Екіншісінде ішек бітелуі кезінде бұрын болған жабысқақ перитониттен, отадан кейін, қысылған жарықтың әралуан салдарынан ішек саңылауы жабылады, яғни сыртынан қысылады. Бұл жағдайда көбіне шажырқайдың біршама бөлігінде қан айналымы шұғыл бұзылады.

Ішек бітелуінің жиі кездесетін белгісі іштің қатты ауыруы. Странгуляциялық бітелу кезінде ауырсыну ерекше айқын болады, аяқасты пайда болады және әлсін-әлсін қайталанып тұрады. Обтурациялық ішек бітелуі кезінде ауырсыну біртіндеп басталады және үдемелі болмайды. Науқас адам құсады. Ішек бітелуінің маңызды белгісі желдің шықпауы және үлкен дәретке отырмау. Обтурациялық ішек бітелуі кезінде іш пен ішек шұрылдайды. Науқас адамның дене қызуы ауру басталған кезде, әдетте, қалыпты болады. Нақтама қоюға көмектесетін маңызды зерттеу – рентгенологиялық тексеру. Емі мүмкіндігінше дереу ауруханаға жатқызылуы керек.

Толқын Жұмаділдаева,

жедел жәрдем дәрігері.


ҚОҒАМ 24 шілде 2014 г. 1 905 0